Олжас Бектенов 100 ірі жобаны цифрлық теңгеге көшіруді тапсырды

313

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Олжас Бектенов 100 ірі жобаны цифрлық теңгеге көшіруді тапсырды Фото: Үкімет

Үкіметте Президенттің ашықтықты арттыру үшін бюджеттік саясатқа цифрлық теңгені интеграциялау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалауға және қадағалауға байланысты пилоттық жобаларды жүзеге асыру жөнінде жиын өткізді. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен қаржы жүйесін цифрлық трансформациялау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды енгізу бөлігіндегі міндеттерге сәйкес келеді.

Жиында мемлекеттік жұмсау үдерістеріне ұлттық цифрлық валютаны енгізудің барысы қаралды.

Талқылауға сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, қаржы министрі Мәди Тәкиев және бейне конференция байланысы арқылы ішкі істер министрі Ержан Сәденов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бүгінгі таңда айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылғанын хабарлады. Платформа қазір тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде, алдағы желтоқсан айында оны толыққанды іске қосу жоспарланып отыр.

Ұлттық банктің цифрлық трансформациялау жетекшісі Бинұр Жаленов баяндағандай, цифрлық теңге бүгінде оннан астам бағыт бойынша сыналған. Атап айтқанда, цифрлық ҚҚС салықты қайтару мерзімін 75-тен 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Жолдарды жөндеуге арналған қаражатты таңбалау "Павлодар – Атырау" және "Мұқыр – Құлсары" жобаларында сыналды. Сондай-ақ "Достық – Мойынты" темір жолының және "Талдықорған – Үшарал" газ құбыры учаскесінің құрылысын қоса алғанда, Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін де пайдаланылуда. Алдағы уақытта "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырын, газ бөлу кешені және "Бақты – Аягөз" теміржол учаскесі сияқты жобаларды жүзеге асыру жоспарда тұр. Бұдан басқа, "Ауыл аманаты" шағын несиелеу бағдарламасы аясында қаражатты уақытша бұғаттау тетігі сынақтан сәтті өтті.

Цифрлық теңгені енгізу, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен және автокөлікпен мәмілелер жасау, мектептегі тамақтану, қымбат тауарларды сатып алу, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік несиелеу құралдары сияқты басқа да бағыттарда пысықталып жатыр.

Жиында сондай-ақ нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге де назар аударылды. Бүгінгі таңда "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңға, цифрлық шот ұғымын және басқа да ілеспе нормаларды енгізуді қоса алғанда, бірқатар түзету дайындалған.

Премьер-министр цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтарын атап өтті. Олар – бағдарламалауға және таңбалауға икемдігі. Бұл қаражаттың қозғалысын қадағалауға және мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатты пайдалануда толық ашықтықты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Ақшаны таңбалауды кеңейтуді тиімді жүзеге асыру үшін ақпараттық жүйелердің "Цифрлық теңге" платформасымен уақтылы интеграциялануын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық базаны пысықтау талап етіледі. "Боялған ақша" тетігін енгізу сапалы және толық көлемде жүзеге асырылуы тиіс. Жақын арада Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде жүз ірі жобаны "цифрлық теңге" форматына ауыстыруды тапсырамын", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп, экономиканың жекелеген секторларына цифрлық теңгені кең көлемде жедел интеграциялау жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу