Олжас Бектенов: Беларусь – Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес

370

Премьер-министр Олжас Бектенов Минскіге ресми сапармен барды.  

Олжас Бектенов: Беларусь – Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес Фото: primeminister.kz

Ресми сапар аясында Қазақстан Премьер-министрін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемі мен шынайы лебіздерін жеткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Беларусь арасында ұзақ жылдарға ұласқан достыққа, өзара құрмет пен жоғары деңгейдегі сенімге негізделген берік қарым-қатынастар қалыптасқаны атап өтілді.

Екі мемлекет басшылары арасындағы сенімге негізделген байланыстар мен тұрақты сындарлы диалог екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызды негізі екені атап көрсетілді.

Үкіметаралық келіссөздер шеңберінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-транзиттік өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асырудың практикалық мәселелерін талқылады.

"Беларусь – Қазақстан үшін уақыт сынынан өткен сенімді серіктес. Бізді ұзақ жылғы ортақ тарихымыз, өзара құрмет, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Григорьевич Лукашенконың арасындағы үлкен сенім мен тұрақты байланыстарға негізделген қатынастарымыз байланыстырады. Біздің үкіметтеріміздің міндеті – көшбасшыларымыз арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарды қарқынды түрде жүзеге асыру. Бұл бағытта оң динамика бар. Статистикалық деректерге сәйкес өткен жылы тауар айналымының өсімі 27,7%-ды, осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 20%-ды құрады. Өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайта түсуге, жеткізілетін өнімдердің, оның ішінде теміржол машинасын жасау саласындағы тізбесін кеңейтуге тың мүмкіндіктер бар. Қазақстан Үкіметі Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру және тереңдете түсу үшін белсенді жұмыс істеуге ниетті", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

"Бүгінгі біздің кездесуіміз Беларусь елінің Қазақстан Республикасымен өзара тығыз әрі жылы шырайлы қарым-қатынастарды сақтауға айрықша мән беретінін көрсетеді. Үкіметтер деңгейіндегі байланыстардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтеміз. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде өзара сауда-саттықтың тұрақты өсімі байқалуда. Беларусь-Қазақстан үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тиімді жұмысы экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпінін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар өзара жеткізілімдерді одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар. Бүгінгі кездесуіміз одан әрі даму үшін болашағы зор бағыттарды айқындауға, екіжақты күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Өз тарапымнан диалогке ашық әрі байланыстарымызды нығайтуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді", – деді Александр Турчин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу