Мәжіліс таяуда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдағаны мәлім.
Бірақ мұндай атаудағы құжат әрі қарай Сенатқа түспейтіні анықталып отыр. Өйткені депутаттардың айтуынша, жоғарыдан түскен сын-ескертпеге сәйкес, заң жобасының атауы өзгертілді. Қазақтың орнын "отандық" басты.
Заң жобасы атауының өзгеруі оны "Құқықтық актілер туралы" заңының 23-бабының 9-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес келтіру қажеттілігінен туындаған көрінеді. Ол бапқа сәйкес, "заңның атауы нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын көрсетуге тиіс".
Сонымен, қазақ сәйгүліктеріне арнап, қазақ тарихында тұңғыш рет қабылданатын заң жобасының жаңа атауы – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегіс бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" болмақ.
Бір қызықты жайт белгілі болды. Бұл құжатты жазған депутаттардың айтуынша, заң жобасы Президент Әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 20 мамырдағы №23-41-9/23-2055-3 қбп тапсырмасына байланысты әзірленді. Ол кезде Президент Әкімшілігін Олжас Бектенов басқарған болатын. Қазіргі кезде ол – Премьер-министр екені белгілі.
Бұл заң – Бектеновтің де ел тарихында қалар ізгі мұрасы болары даусыз. Дегенмен, кілтипан да бар. Бектенов Үкіметі әзірге тек Қостанай жылқысын ғана дамытатын шаралар қабылдайды.
Заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында Үкімет өкілдері енді асыл тұқымды қазақ арғымақтарының селекциясына, оларды өрбітіп, дамытуға бағытталған басқа да жұмыстарға мемлекет алдағы 5 жылға 700 миллион теңге қаржы бөлгенін хабарлаған болатын. Алайда артынша белгілі болғандай, ол қаржы тек Қостанай жылқысына ғана бөлінген екен. Таяуда жеке асыл тұқым ретінде танылған, тиісті патент алған Адай жылқысына ештеңе бөлінбеген.
Оның мәнісін Қаржы министрлігінің басшылығы түсіндірді.
"Иә, шынында да Адай жылқысына 2023 жылғы желтоқсанда патент алынған болатын. Бірақ Республикалық бюджеттік комиссияның отырысына, жалпы, Қаржы министрлігіне Адай жылқыларына қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінен ешқандай құжат түскен жоқ. Яғни, бюджеттік өтінімдер болмады. Сондықтан бюджет осылай қабылданып кетті. Егер болашақта енгізсе, біз белгіленген тәртіппен қарастыруға дайынбыз", – деді қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы.
Осыған орай депутаттар жаңа заң тек Қостанай жылқыларын ғана емес, Жабы, Адай жылқысын, жалпы, қазақтың асыл тұқымды тұлпарларын өрбіту ісін түзу жолға бағыттайтын, солардың тұқымын сақтайтын заң болады деген үмітте.
Оның үстіне Бектеновтер қаз мойынды Қостанай жылқысы, мың шақырым жорытса да белі талмайтын Адай жылқысы ұлттық брендімізге айналуы керек деп отыр. Оған қол жеткізу үшін Үкімет алдағы уақытта ұлттық спорт туралы да арнайы заң қабылдауға ниетті.
Өйткені егер қазақтың асыл тұқымды тұлпарлары ұлттық спортта пайдаланылмаса, олардың басын көбейте берудің еш құндылығы болмауы мүмкін.
Ендеше келесі заңдарда ауылдықтар мен қалалықтарды атқа міну өнеріне баулу, ат жарысы және басқа да ұлттық ат спортын дамыту, ат спорты түрлеріне кәсіптік оқытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеу сияқты пәрменді шаралар қарастырылуы керек деген ұсыныс айтылды.
Ал, қазіргі қабылданып жатқан заң жобасының негізгі мақсаты –отандық мініс жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізу болып табылады.
Жалпы, "асыл тұқымды жылқы үшін жеке заң қабылдаудың қандай керегі бар?" деген сауал туындауы мүмкін. Мәжілістің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнама етті жылқыларды мемқолдауды қарастырады.
"Заңнамалық және нормативтік база спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарына қажетті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік бермейді. Мемқолдаудың қолданыстағы шаралары өнім беретін бағыттағы жылқы шаруашылығына бағдарланған. Ал, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сияқты ұлттық ат спорты түрлерін жаппай дамыту үшін спорттық бағыттағы қазақ жылқы тұқымдарын сақтау және өсімін молайту маңызды. Ол үшін асыл тұқымды жануарлар тұқым стандарттарына сәйкес келуі керек деген талапты көздеу ұсынылады", – деп мәлім етті Мәжіліс өз түсініктемесінде.
Бұл ретте асыл тұқым стандарттары өнімділік көрсеткіштерімен шектелмей, сондай-ақ бұдан былай жылдамдығы, төзімділігі секілді спорттық көрсеткіштер бойынша талаптарды да қамтитын болады. Осыған байланысты "асыл тұқымды жануар" деген ұғым тұқым стандартына сәйкестігі жөніндегі жаңа талаптармен толықтырылды.
Әзірге, Қаржы министрінің орынбасары Абзал Бейсенбекұлының айтуынша, бұл жаңа заң үшін Республикалық бюджеттік комиссия 2024-2028 жылдарға арналған бюджетте 701 миллион теңге бөлді.
"Яғни, жыл сайын 140 миллион теңге қарастырылады. Бұл қаражат субсидия түрінде бөлінеді және үш бағытта жүзеге асырылатын болады. Бірінші бағыттағы шығындар – жылқыларды сатып алуға, екінші бағыттағы шығындар – селекциялық жұмыстарды жүргізуге, ал үшінші бағыттағы шығындар – асыл тұқымды жылқыларды күтіп-ұстауға көзделген. Үш жылдағы жұмыстар да осы үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады", – деді қаржы вице-министрі.
Мамандар асыл тұқымды жылқыны дамыту ісін толығымен бюджеттің мойнына асып қоюға болмайтынын айтады. Өйткені бұған дейін де шенеуніктердің бұл істі оңдырғаны шамалы.
Мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров асыл тұқымды пырақтар халықаралық жарыстарға қатысып, жүлде алып отыратынын, сала да жеке бәсекелестік пен демеушілер арқылы дамитынын қаперге салды.
"Халықаралық байқауларды да қарадық. Шыны керек, бұл сала көпшілігінде нарық аясында дамып жатқан бизнес. Себебі, асыл тұқымды малды өсіріп, көбейтетін мекемелердің бәрі жекеменшікте, олар одан іріктеп, жүйріктерін бәйгеге қосады", – деді депутат.
Дәл осы салада шенеуніктер өздерін нашар менеджер ретінде көрсетті.
Мәжілісменнің айтуынша, кезінде "Қостанай жылқы тұқымы" – 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы.
1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген болатын, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 10 пайызына жетті. Алайда бүгінде осы жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды. Салыстырсақ, Адай жылқы тұқымының 1 мың 300 басы тіркелген.
"Егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көп жылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр. Құжат дегенім – заң. 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылған. Содан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылуға таяды. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр", – деді Айдарбек Асанұлы.
Сол себепті, жаңа заң жобасында спорттық бағыттағы асыл тұқымды жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған келесі іс-шаралар көзделген:
- асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағыттағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу;
- асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу;
- оларды күтіп-ұстау бойынша шығындарды өтеу.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бұл заңның негізгі "темірқазығы" – Қостанай жылқысынан небәрі 270-тен астам басы ғана қалғанын растады.
"Берілген субсидия аясында біз енді осы тіркелген жылқылардың санынан ғана өсіре аламыз. Ол үшін сырттан әкелінетін асыл тұқымды жылқыларға, соның ішінде айғырларға 30 миллион теңгеден ақша бөлініп жатыр. Соларды пайдалана отырып, біздің институттар дамыту бағдарламаларын жасайды. Мәселен, ағылшын, араб, Дон тұқымының айғырларын биелерге қосып, будандастырып, тұқымды ары қарай дамытамыз. Қазіргі таңда Қостанай жылқысы тұқымынан 78 бас аналық, яғни бие қалды. Солардан үш-төрт жылда бір-бір бастан төл алғанның өзінде жаңа 78 бас қосылады", – деген АШМ басшысының орынбасары Қостанай жылқысы бірден емес, біртіндеп өсетінінен үміт білдірді.
Сарапшылар заң жобасы ұлтымыздың жоғалып бара жатқан бір асылын түгендеуге үлкен септігі тиеді деген сенімде.