Ол Президенттің жаңа қуат көздерін жаңғырту және іске қосу тапсырмасы аясында энергетикалық инфрақұрылымның дамуын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектенов Астананың үшінші жылу-электр орталығына арнайы аялдады. Биыл жобаның 1-ші кезеңін толық аяқтап, 2-ші кезегін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазір жылу электр орталығы қаладағы энергия тапшылығын толығымен жабады және артып келе жатқан қажеттіліктерді ескеріп, артық қор жасайды.
ЖЭО-3 сағатына 440 Гкал жылу өндіреді, ол Ш.Айтматов көшесі, Ұлы Дала, Тұран даңғылдары бойындағы және тағы да басқа перспективалы құрылыс аудандарына беріледі.
– Биыл бұл нысанда көмірді резервтік жағдайға балама отын ретінде пайдалану мүмкіндігі бойынша жұмыстар аяқталады. Атап айтқанда, жанармай беру трактін қайта себу тораптарымен және ұсақтау корпусымен біріктіру, теміржол стансасын инженерлік инфрақұрылыммен қосу жоспарланған. Көктемде сыртқы және ішкі автомобиль жолдарын салу, аумақты абаттандыру және басқа да жұмыстар жалғасады. Жобаның 2-ші кезегінде жеке инвестицияларды тарту арқылы қуаты сағатына 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу көзделген, бұл Астананы сенімді электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымын өткізудің штаттық режимі туралы Олжас Бектеновке баяндады. Қаланы сенімді жылумен қамту үшін 3 жылу электр орталығы және 2 газ жылу стансасы – "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" жұмыс істейді. Қаланың қарқынды құрылысына байланысты туындайтын ықтимал қажеттіліктер ескеріліп, тағы бір "Тельман" газ жылу стансасы салынып жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, биыл Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр. Жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстары 17 273 МВт генерацияға қол жеткізуге мүмкіндік сыйлады, бұл алдыңғы жылыту маусымының деңгейінен 7%-ға жоғары болып тұр. Ел бойынша 9 жылу орталығы апат қаупі жоғары "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа ауыстырылған. Тағы 3 жылу орталығы "сарыдан" "жасыл" аймаққа өткені хабарланды.
Электр стансаларында 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина жөнделген. 17 мың шақырым электр желілері мен 420 қосалқы стансаларды реконструкциялау аяқталса, 323 шақырым жылу желілері және тағы басқалары ауыстырылған. Үш жылда энергетика секторына 1 трлн теңгеден аса қаржы салынды. Электр қуатының тапшылығы 29%-ға төмендеді.

Биыл 2,6 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Жалпы 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаятын болады. Осы шаралардың барлығы елдің энергетикалық жүйесін тұрақты ете түседі.
Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен әкімдікке ЖЭО-3 жобасын аяқтау жұмыстарын жеделдетуді және елімізде жылыту маусымының тұрақты өтуін толық бақылауда ұстауды тапсырды.
Нысанды аралау барысында ЖЭО-3-тің еңбек ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдап сөз сөйлеген.
– Электр энергетика саласында жұмыс істейтін және басқарушылық білімі бар адам ретінде мен ешбір күрделі жүйе нақты ережелерсіз, тәртіпсіз және бөлінген жауапкершіліксіз жұмыс істей алмайтынын жақсы түсінемін. Энергетикада бұл қуат пен жүктеменің тепе-теңдігі, мемлекетте – өкілеттіктер мен институттардың тепе-теңдігі. Конституция осы жүйенің архитектурасын белгілейді. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттің одан әрі дамуы үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады. Мен Конституцияның жаңа редакциясын елдің тұрақты және әділ дамуының негізі ретінде қолдаймын, – деді "Астана-Энергия" АҚ ЖЭО-3 бас инженері Назымбек Қасенов.
Осыған орай, Премьер-министр осы жылдың 15 наурызында өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуының маңызды екенін нақтылап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, қазір еліміз өте маңызды саяси кезеңді бастан өткеруде. Жаңа Конституция – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті, Қуатты Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларының айқын көрінісі. Ата заңның ең басты арқауы – адам, яғни азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығы. Жаңа Конституцияда "Егемендіктің иесі – Қазақстан халқы" деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, адами капиталды дамытуға, еңбек адамына деген мемлекеттің көзқарасы түбегейлі өзгереді. Референдумға белсенді қатысуымыз, азаматтық жауапкершілік танытуымыз және мемлекет пен қоғамның мүдделерін басшылыққа ала отырып, саналы таңдау жасауымыз маңызды, – деді Олжас Бектенов.