Қазақстан өзінің газ қорын тиімді игеру үшін тиісті министрліктер жүйелі жұмыс істеп, ұзақ мерзімді стратегия құра білу керек.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің еліміздің "көгілдір отын" бойынша әлеуеті зор. Табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 триллион текше метр. Алайда, оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақмерзімді стратегия қажет", – деді ол.
Үкімет басшысының сөзінше, бұл істе геологиялық ақпаратты цифрландырудың маңызы зор.
"Бүгінгі таңда еліміз бойынша газдандыру деңгейі шамамен 62,4%-ды құрайды. Газдандырудың бас схемасына сәйкес 2030-шы жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісі және "Талдықорған–Үшарал" газ құбыры сияқты ірі жобалар іске асырылып жатыр. Оларды үнемі бақылауда ұстау қажет", деді Олжас Бектенов.