Оман сұлтандығы Қазақстанмен арада ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

5588

Аты аңызға айналған Синбадтың отаны астықты экспортқа шығару үшін Қазақстанға Үнді мұхитындағы порттарын ұсынып отыр.

Оман сұлтандығы Қазақстанмен арада ынтымақтастықты кеңейтуге дайын

Оман сұлтандығын көбінесе Парсы шығанағына шығар қақпа деп атайды.  Бұл жерде орналасқан ірі теңіз порттары Африка, Еуропа және Азия арасында қатынас жасайды. Осындай мүмкіндіктің бар екенін көріп тұрып, оны қазақстандық тауарларды экспортқа шығару үшін қолданбай қалу ақылға сиымсыз болар еді деп есептейді Оман сұлтандығындағы Қазақстан елшісі Ержан Мұқаш (суретте).

Аbctv.kz-ке берген сұхбатында ол екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегі мен оны кеңейтуге не кедергі болып отырғаны жайындағы ойымен бөлісті.

– Ержан Серікұлы, Оман сұлтандығымен арадағы өзара қарым-қатынас қалай өрбуде?
–  Оман –  Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған кезде нақты жобалар бойынша ынтымақтастық орнатқан араб мемлекеттерінің бірі. Оман бастапқы кезде Каспий құбыр консорциумына қатысқан еді.

Оман сұлтандығының "Оман Ойл" мемлекеттік компаниясы Қазақстандағы екі мұнай кені орнын игеруге қатысып жатыр. Бұл – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы "Жемчужина" мен Маңғыстау облысындағы "Доңға" кен орындары. Бұл жобалардың әрқайсысында Оман компаниясының 20% үлесі бар.

Сондай-ақ білім беру саласында да жақсы қарым-қатынас жасалуда. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранттары мен доктарантурада оқитын студенттері Сұлтан Кабус университетінде "Мұнай-химия" мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті.  ҚБТУ жанындағы теңіз академиясының студенттері де Оманның Сохар қаласындағы Халықаралық теңіз колледжінде білім алып жатыр.

Мұны қатар Оман сұлтандығы Астананың дамуына да өз үлесін қосты. 1998 жылы Оман үкіметі "Салтанат сарайының" құрылысына 10 млн доллар көлемінде грант бөлген.

Жалпы 2005 жылдан бастап Оманнан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция 250 млн доллардан асты.

Ал екі жақты сауда-экономикалық қатынастың дамуы жайын айтар болсақ, онда соңғы жылдары, өкінішке қарай, құлдыраудың бар екенін көруге болады.

Ресми мәліметтер бойынша, 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 370 мың доллар ғана болған. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен екі есе төмен.

Бұған бірнеше себеп бар. Оман сұлтандығының экономикасы мұнай-газ секторымен байланысты. Бұл жерде күн сайын өндіріліп жатқан қара алтын 908,7 мың баррель. Сондықтан мұнайдың әлемдік бағасының түсіп кетуі Оман экономикасына да әсер етпей қоймады.

Бұл ең бірінші Қазақстанда жұмыс жасап жатқан омандық компаниялардың инвестициялық әлеуетінен байқалды. Оман сұлтандығының "Оман Ойл" ұлттық компаниясы қазіргі таңда өз жобаларын іске асыруда қаржылық қиындыққа тап болып отыр.

Ал омандық ірі "MB Холдинг" жеке компаниясы болса Шығыс Қазақстан облысындағы алтын кенін өндіруге қатысты бірлескен Boke Gold Project жобасындағы өзінің акцияларын қазақстандық серіктесіне сатып, жобадан шықты.

Өзара сауда көлемінің төмендеуінің екінші себебі тікелей көлік байланысы мен іскери орта арасында қарым-қатынастың болмауында жатыр.

– Оманның алыстығын ескеретін болсақ, біздің бизнеске бұл нарықты игеру мүмкін емес шығар?

–  Олай деуге келмес. Қазақстанның Оманмен ынтымақтастығы алдында үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Біріншіден, сұлтандық Парсы шығанағына шығар қақпа ретінде маңызды стратегиялық орынға ие.

Еске сала кетер болсам, Ормыз бұғазының әлемдегі ең қарқынды теңіз жолдарының навигациялық бөлігі оман аумағының суында орналасқан.  

Оман Еуропа мен Азия, сондай-ақ Африка мен Азия арасында қатынас жасайтын Үнді мұхиты айдынындағы теңіз көлігінің маңызды жерінде орналасқан.

Маскат, Сохар, Дукм, Салала, Хасаб сияқты ірі теңіз порттарын пайдалана отырып, қазақстандық астық өзіне тиімді жаңа нарыққа шыға алады.

Тек астық қана емес, жалпы қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдері жайын сөз етуге болады. Қазақстандық B&D Co компаниясы мен оманның Desert Discovery Trading компаниясы ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойды. Өткен жылдың соңында біздің компания Оман сұлтандығына мыңнан астам қазақстандық ұсақ малдың алғашқы топтамасын әуе көлігі арқылы  жіберді. Қазір Оманға әр түрлі ет өнімдерін және жем азықтарын экспорттау мәселесі қарастырылып жатыр.

–  Әуекөлігімен тасымалдау қымбат тұрады ғой..

–  Әзірге бұдан басқа жол жоқ. Бірақ қазір басқа жол ашылып жатыр. Бұл жол Қазақстанның Парсы шығанағының басқа елдерімен ынтымақтастық жасауына мүмкіндік жасайды. Мен Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолы жайын айтып отырмын. Оның құрылысы аяқталғаннан кейін Қазақстанды Өзбекстан, Түркіменстан, Иран және Оман арасында құрылған халықаралық мультимодальдық көлік дәлізіне қосуды жылдамдату керек. (2011 жылғы Ашхабад келісімі).

Ашхабад келісіміне қатысушы елдерге бұл мультимодальдық дәлізді қолдану барысында жеңілдетілген кедендік-тарифтік режим ұсынылатыны белгілі.

–  Оман – керемет табиғаты бар Араб теңізі мен Үнді мұхитының жағалауында орналасқан ыстық ел. Қазақстандықтар жаңа демалыс орындарына барғанды жақсы көреді. Туризм саласында өзара қарым-қатынасты дамытудың келешегі қандай?

–   Иә, Оман исламдыққа дейінгі ежелгі тарихи бай мұрасы бар, экзотикалы ел. Бұл жерде інжіл пайғамбарлары жерленген.

Оман, дәлірек айтсақ, Сур қаласы – аңызға айналған Синбадтың отаны.

Егер ежелгі  "Мың бір түн" ертегісінде айтылғандарға сенетін болсақ, онда дәл осы Сур қаласында теңіз қарақшыларының түсетін орын болған. Жергілікті халық қарақшылардан сақтану үшін қамалдар салған, бұл елде төрт жүзден астам қамал бар. Бір сөзбен айтқанда, тамашалайтын дүние көп.

Туризмге табыс әкелетін бір орын бар – ол Йемен шекарасындағы Дофор оңтүстік ауылы. Бұл жер ЮНЕСКО-ның белгілеуі бойынша ладанның (хош иісті смола, ладан ағашының қабығынан алынады) тарихи отаны болып саналады. Ладан майы атақты "Аммуаж" әтірін дайындауда қолданылатын шикізат, бұл әтірдің бір құтысы 300 доллардан асады.

Климатын айтатын болсақ, онда Оманда көлемі жағынан екінші орын алатын Дофар деген қала бар. Қазақстандықтар үшін танымал болған Дубай, Абу-Даби сияқты демалыс орындарында жаздыгүні адам төзгісіз ыстық болады. Ал бұл уақытта Дофарда жаймашуақ маусым басталады. 21 маусымнан бастап 21 қыркүйекке дейін бұл жердегі температура 41 градус ыстықтан 25 градусқа дейін түседі. Арасында өткінші жаңбыр жауып тұрады. Оманның әр түкпіріндегі ыстықтан қашқандардың бәрі осы жерге келіп демалады, тіпті араб мемлекетінен де келіп демалатындар бар.

Бүгінгі таңда Оман үкіметі туризмді дамытуға қатысты шараларды қолға алып жатыр. Бұл мәселе мемлекеттік 2020 бағдарламасына кірген. Себебі мұнай қоры таусылып келеді, сол себепті үкімет шикізатқа тәуелділіктен шығу жолын қарастыруда.

Алайда Қазақстан туристерінің келуіне қатал визалық режим кедергі. Оман ТМД құрамында болған елдер үшін визалық режимді қайта қарауы қажет. Оларда қазір тек Еуроодақ, АҚШ, Жапония, Түркия азаматтары үшін ғана 30 күндік визасыз режим қарастырылған.

Бүгінгі таңда омандықтардың көбісі Қазақстанға турист ретінде келіп жатыр. Бұған Қазақстанның Оман азаматтары үшін жеңілдетілген визалық режимі себеп болып отыр. Сонымен қатар Астанада өтіп жатқан "ЭКСПО-2017" көрмесі де бар.

Ал екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға келетін болсақ, онда ол үшін туристердің тұрақты баруын қамтамасыз ету керек. Қазір Оман Fly Dubai компаниясымен жылы маусым кезінде чартерлік рейстерді ұйымдастыруды қарастыруда.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпәш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу