Омарташы қыздың хикаясы: Рудныйлық студент қала өмірін ауылға айырбастамақшы

Жас кәсіпкерлер "қарапайым заттар" экономикасына әуес.  

Омарташы қыздың хикаясы: Рудныйлық студент қала өмірін ауылға айырбастамақшы

Елордада кәсіпкер жастар "Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі" атты жоба аясында бас қосты. Университет беретін білімді бизнеспен ұштастыруға бел буған жастарға Еуразиялық Топ, AlmaU School of Entrepreneurship and Innovations университеті, Тель-Авив университетінің Қазақстандағы  қауымдастығы қолдау көрсетіпті. Екі күндік шарада еліміздің әр түкпірінен келген студенттер өзара тәжірибе алмасып, тәлімгерлерден пайдалы кеңес алып қайтты.

ERG компаниясы бұған дейін де кәсіпкер студенттердің басын жазғы лагерьде қосып, тәлім берген екен.  Қысқы кезеңге шақырту алғандардың ішінде жастық жігерін бизнеске бағыттаған қаракөздердің көптігі қуантты.  Тәуелсіздік жылдарында ержеткен буынның бойында батылдық пен талпыныс басым сияқты. Құндылықтары да өзгеше ме деп қалдық. Жобаларын таныстырған кезде бәрі де күмілжімей, ертең-ақ табысқа жететініне сеніп сөйледі. Сол арқылы бізді де сендірді.

Айжан Айғожина, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің екінші курс студенті: 

"Командада 6 адамбыз. Дефектология, информатика және шет тілі мамандықтарында оқып жатқан студенттер бірлесіп осы жобаны ойлап таптық. Біз мектептерде тәжірибеден өткенде балалардың ұсақ моторикасы дамымағанын байқадық.  Сол себепті тактильді әліппе ойлап таптық. Мұны тақтаға әріптерді әртүрлі материалдан жазу әдісі деп түсіндіруге болады. Әріптер әртүрлі материалдан жасалады. Негізгілері – былғары, санамақ таяқшалары және жылтырауық сымдар. Смартфон арқылы интернеттің неше түрлі қосымшаларын меңгерген баланың әліппеге қызығушылығын ояту оңай емес. Сол үшін біз әріптерді түрлі материалдардан пішіндеп, қолмен ұстау арқылы үйретуді ұсынып отырмыз". 

Жазда осы жобаға Eurasian Resources Group компаниясы  грант бөліпті. Оны жастар жобаның тауарлық келбетін қалыптастыруға шығындамақшы. 

"Қазір соған лайық дизайн іздеп жүрміз. Бүгінгі шара сол жобамызды жетілдіруге мүмкіндік береді деген үмітпен келдік. Биыл наурызда авторлық құқық алған болатынбыз. Сондықтан әліппені ашық жарнамалап жүрміз", –дейді Айжан Айғожина.

Мүсін әлемінен өз қолтаңбасын іздеп жүрген ақтөбелік талантты қарындасымыздың да әңгімесі ұнады. 

Салтанат Орманова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің екінші курс студенті:

"Дизайн мамандығында оқып жатқандықтан, біз мүсіндер жобасын қолға алдық. Ел ішінде сұраныс қаншалықты бар екенін білу үшін Instagram-нан аккаунт ашып, мүсіндердің кескінін салдым. 3 сағаттан кейін үйіне жөндеу жасап жатқан әйел хабарласып, алғашқы тапсырыс берді.  4 айдың ішінде 7 мүсінге тапсырыс алдым. Бұл әзірге бастамасы деп ойлаймын. Қазір мүсін құятын 3D-принтерді жобалап жатырмыз. Яғни, кез келген адам, тіпті бала да өзі қалаған мүсінді компьютерлік бағдарламаның көмегімен өзі  жасап алатын болады. Мүсінді бұған дейін қағаздан жасап келсек, енді тот баспайтын металдан жасауды қолға алдық. Бұл бір жағынан арзан, екінші жағынан шыдамды. Сондықтан бизнесіміздің өрісі кең деп үміттеніп отырмыз. Енді патент алу керек" -–дейді жас дизайнер.

Ал қостанайлық студент қайырымдылықты табыс көзіне айналдырмақшы. Мұндай идеяны оған ұстаздары айтқан көрінеді. Өзі ол жобаның жетістікке жол ашатынына сенімді. Ерекше жобаның аты да ерекше.
Юрий Евстегнеев, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің студенті. 

"Біздің жоба "Халық нұр-дүкені" деп аталады. Мұндағы азық-түлік пен өзге де керекті тауарлар нарық бағасынан 50-70 пайыз арзан болады. Негізі бұл мүмкін дүние. Мысалы, Қостанайдағы "Астықжан" деген дүкенде күніне 3 млн теңгенің тауары есептен шығарылады екен. Бұл жерде мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті айтып тұрған жоқпыз. Көбінесе қаптамасы бүлінген, бір шеті сынған немесе сырылған тауарлар  есептен шығарылады. Біз аталмыш дүкенмен келісімшартқа отырамыз. Олар өз ғимаратынан бір бұрыш бөліп, күн сайын есептен шығарылған тауарларын жеңіл бағамен берсе, біз оны елге сатар едік. Екі арадан өзімізге де аздаған табыс қалатынын есептеп отырмыз", –дейді студент. 

Түймедей мүмкіндікті таудай талабының арқасында табыс көзіне айналдырып жүрген  Аида Мұрзасеитова есімді қарындасымызға да дән риза болдық. Ерекше күтім қажет ететін туысына деген жанашыр пейілі оны бизнеске бағыттаған екен.

Аида Мұрзасеитова, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің 3 курс студенті:

"Туысқан әпкемнің церебралды сал ауруына шалдыққан ұлы бар. Қонаққа барған сайын жейдесін түймелей алмай қиналатынын көретінмін. Осы кезде түйменің орнына магниттер жапсырса деген ой келді. Ақыры ол идея бизнес-жобаға айналды. Қазірдің өзінде бірнеше жейде сатып үлгердік. Сұраныс бар. Авторлық құқығымызды толықтай рәсімдегеннен кейін, жарнамасын жасаймыз. Бір жейденің өзіндік құны 4500-4900 теңге шамасында. Біз оны 6000 теңгеге сатамыз. Пайда 25 пайыз деген сөз. Біз жейденің аллергия тудырмайтын матадан тігілуіне мән береміз. Бірақ ол жейденің дені сау адамдар киетін киімнен ерекшеленбеуін қатты қадағалаймыз. Аружан Саин мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы киім тігу арқылы оларды қоғамнан ерекшелеу белең алып тұрғанын жиі айтып жүр. Біз осыны ескерідік. Келешекте магнит түймелерді жеке сатуымыз мүмкін немесе сатып алған жейдесіне түйменің орнына магнит тағып береміз. Мұндағы мақсат – киім иесінің қалауын ескеру. Идеямызды патенттегеннен кейін онлайн-дүкен ашып, тапсырысты сол интернет арқылы қабылдаймыз. Қасымда екі досым бар", – дейді жас инженер.

Шараның екінші күнінде омарташылыққа бет бұрған қаршадай қызды жолықтырдық. Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын студент биыл жаз бойы әкесімен бірге ара бағыпты. Қызының әуестігін байқаған әкесі екі ұя бөліп берген екен. Биыл жазда ұя санын көбейтіп, оқу бітіргеннен кейін түбегейлі омарташылыққа бет бұрмақшы.

Айжан Қалдыбаева, Рудный индустриялық институтының 3 курс студенті:

"Негізі басында омарташы болсам деген ниет жоқ еді. Әкеме көмекші қажет болды. Айына 1-2 рет барып көмектесіп жүретінмін. Кейін омартаға баруым жиілей бастады. Қаланың даңғазасынан, бітпейтін проблемалар мен қарбалас аурадан кәдімгідей демалатынымды байқадым. Сондықтан өзіме ұнады. Әкеме көмектесе жүріп, араның мінезін, ауруларын, күтімін толық меңгердім. Қазір өз бетіммен баға аламын. Үйіміз қалада болғандықтан, көшпелі омарташылықпен айналысамыз. Қала шетіндегі егіс алқаптарының қайсысы гүлдесе, араны сонда апарамыз. Омартаның басында күзет болады. Сондықтан ашық аспан астында қонудың қажеті шамалы. Бригада жалғыз қыз менмін. Басында омарташылар таңғалғанымен, кейін шынайы қызығып жүргенімді көріп үйренісіп кетті.  Биылғы жаз омарта үшін аса қолайлы болған жоқ. Бұлтты күндер көп болды. Екі ұядан 45 литр бал алдым. Үйде менен үлкен ағам бар. Ол да араны жақсы өреді.

Отбасымызбен омарташылықты ұнатамыз. Биыл ұстаған екі ұяны қысқа қалдырмадым. Күзде ұшырып жібердім. Өйткені жаз бойы жұмыс істеген аралардың келесі жылы бал жинауға ынтасы төмен болуы мүмкін. Бұйырса көктемде көбірек ұя сатып алып, жақсылап кіріспекшімін. Қазір жарнаманың орны ерекше ғой. Енді өз ісімді Instagram арқылы насихаттағым келеді. Бірақ бүгінге дейін ел қалай қабылдар екен деген уайым болған. Бүгінгі дәрістен кейін, сол уайымнан арылғандай бодым", –дейді омарташы ару.

Екі күндік шарада жас кәсіпкерлерге түрлі саланың кәнігі мамандары дәріс оқып, треннингтер өткізді.

Солардың арасында Еуразия банкінің басқарма төрағасы Валентин Морозов та болды.

"Жастармен кездесу әрқашан қызықты. Мен оларға талмай білім алып, еңбектенген адамды тек жетістік күтетінін айттым. Бәрінің көзінде от бар. Ондай топпен жұмыс істеу қашан да жағымды. Жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау өте пайдалы деп ойлаймын. Осылардың арасында болашақ Президенттер мен боллашақ Билл Гейтстер отырған шығар", –дейді банкир.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу