"Өмір сүргім келмейді": суицид себептері туралы мамандар пікірі

2645

Биыл Қазақстан суицид рейтингінде 19-орында. 

"Өмір сүргім келмейді": суицид себептері туралы мамандар пікірі

Елдегі суицидтің жиілігі – қоғамда болып жатқан дағдарыстың көрсеткіші. Отбасылық жанжалдар, жақын адамынан айырылу, денсаулық жағдайы, сәтсіздіктер, дәрменсіздік – әртүрлі себептердің салдарымен күресіп келеміз. Ranking.kz құқықтық статистика комитеті берген мәлімет бойынша, соңғы бір жылда Қазақстанда суицид жиілігі 6,1%-ға төмендеді.

Өз-өзіне қол жұмсау жиілігі бойынша алдыңғы қатарда Алматы облысы тұр. Шығыс Қазақстан және Түркістан облысы да алғашқы үштікте. Ал ең аз суицид Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында тіркелген.

Ал, оның себептеріне келер болсақ, 2022 жылы тіркелген суицид жағдайларының басым бөлігіде құрбан өз-өзіне мас күйінде қол жұмсағаны анықталып отыр (409 адам). Ауыр материалдық жағдай (93), жалғыздық (72), ауыр соматикалық аурулар (39), ажырасу (31) себептері - өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген фактілер. Ал, 576 адамның не себепті өзіне қол салғаны белгісіз қалып отыр.

Сондай-ақ, өткен жылғы қорытынды бойынша, құрбандар көбіне дарға асылу, биіктіктен құлау, пышақтау және әдейі улану амалдарына жүгініп, ауыр қылмысқа баратындары белгілі болды.  

Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидті әлемдегі әрбір елдің күн тәртібінде тұрған жаһандық проблема деп танып отыр. 2023 жылы суицид рейтингінде көш бастап тұрған әзірге Лесото мемлекеті. Онда 100 мың адамға 72,4 суицид оқиғасы тіркелген. Ал, Қазақстан 19-шы орында. Әрбір 100 мың тұрғынға 17,6 суицид оқиғасы тіркеліп отыр.

Суицид себебі тереңде

Мамандар депрессия, мазасыздық, жан жарақатынан болған стресс және басқа психикалық аурулар  суицидтік мінез-құлықтың дамуына әкеледі дейді. Қазақстан халқы арасында депрессиялық бұзылулардың таралуы бүкіл халыққа шаққанда, 3,72% құрайды.

"Өкінішке қарай, депрессияға тап болған жандарға көрсетілетін қызметке көңіл аз бөлінген. Қаржыландыру көлемі ұлғаймайды, қолжетімділік сәйкесінше артпайды. ДДСҰ-ның бағалауы бойынша дамыған елдерде, көбіне депрессиядан зардап шегуші халықтың 20% көмек ала алады. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш – тек 5%. Яғни, қалған 95% күйзелісте жүрген жанмен ешкімнің ісі жоқ", - дейді ДДСҰ-ның Қазақстандағы психикалық денсаулық жөніндегі кеңсесінің консультанты Николай Негай.

"Жастар арасында көбінесе жауапсыз махаббат өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді. Біз балаға осы тәжірибені жеңуге көмектесе аламыз. Педагогтармен семинар-тренинг барысында балалармен жеке тақырыптар бойынша қалай қарым-қатынас жасау, олардың қоршаған әлемге бейімделуіне қалай көмектесу тәжірибесімен бөлісеміз", - дейді психолог Шолпан Қайратқызы.

Жауапсыз махаббат, ата-анамен қарым-қатынастың жоқтығы, оқу орындарында буллингке тап болу – жасөспірімдер арасында өлім туралы ойлануға түрткі болатын себептер. Мәселен, 2022 жылы тіркелген суицид фактілерінің 12 жағдайында "жауапсыз махаббат" өлімге себеп болған. Қайғылы оқиғаға итермелеуші тағы бір маңызды фактор – жыныстық сауаттылықтың жоқтығы. Ал, жастар мен жасөспірімдер арасында бұл мәселені шешуге көмектесетін маман аз.

"Жасөспірімдердің көбі репродуктивті саулық туралы білмейді. Әсіресе, ауыл-аймақтан келіп оқып жатқан қыздар арасында бұл өзекті мәселе. Мен студенттік ауруханада жұмыс істедім, өз тәжірибемде 17-18 жастағы қыздардың жыныстық қатынас туралы нақты білмейтінін, сауаттылықтың төмендігін байқадым. Өйткені оларға ешкім түсіндірмеген, ашық талқыланбаған. Жүктілікті жоспарлау, жыныстық қатынас алдында медициналық тексерістен өту туралы білмейді. Мәселе, бір ғана мысал айтайын. Менің тәжірибемде, жүкті болып қалған, 18 жастағы қыз тексеріске келді. Ол жасырғанымен, ата-анасы жүктіліктің 20 аптасында біліп қойып, маған алып келді. Ол қыз әлі тұрмысқа шықпағандықтан, ата-анасы қыздың келісімімен жүктілікті үзу туралы шешім қабылдады. Мәселенің алдын алу және ауыр психологиялық травманы болдырмау үшін жас қыздармен бұл тақырыпты ашық айтуға кеңес беремін. Себебі депрессияға түсіп кеткен қыз өзіне қол салуға дейін барды. Суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға болады. Ұятқа салып, жауып қойғанымызбен, мәселені келіп ешкім шешіп бермейді. "Жыныстық қатынасқа түскенде не үшін сақтану маңызды? Қалай сақтану керек?". Бұл тақырыпты ашық қозғау талай трагедияның алдын алар еді. Осы жерде айта кетерім, 18 жасқа дейінгі қыздар "балалар гинекологы" маманына барып қаралады. Ал, өкінішке қарай, "балалар гинекологы" маманы елімізде тапшы. Олар мектептерге барып, дәріс оқып, жыныстық сауаттылық, аборт салдары туралы сұхбат жүргізуі тиіс",– дейді гинеколог Мадина Жанәділова.

Психолог және гинеколог маман бірауыздан "дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы" екенін еске салып, ең әуелі ата-аналардың бала тағдырына жауапты қарауын сұрады.

Еске салайық, Қазақстан тұрғындары 111, 112, 150 сенім телефондарына хабарласып, психологиялық көмекке тегін жүгіне алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу