AYALA қайырымдылық қоры "Теңізшевройл" компаниясымен серіктестікте осы медициналық орталықтың реанимациясын арнайы жабдықтармен жабдықтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өмірге сыйлайық" жобасының мақсаты – нәресте өлім-жітімінің деңгейін төмендету және өңірдегі неонаталдық көмектің сапасын жақсарту. Жаңа жабдық – азот тотығымен емдеуге арналған аппарат. Ол тыныс алу жүйесінің күрделі асқынуларымен: жіті өкпе гипертензиясымен, туа біткен пневмониямен және жақында ғана өмірмен үйлеспейтін деп есептелген басқа да проблемалармен дүниеге келген сәбилердің өмірін құтқаруға көмектеседі.
"Біз "Өмір сыйлайық" атты жобамыздың "Теңізшевройл" компаниясы тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымыз. Біз оны 2010 жылдан бастап жүзеге асырып келеміз және ол жыл сайын ел бойынша реанимацияларда жүздеген балалардың өмірін құтқаруға көмектеседі. Енді Атырауда да дәрігерлерге ең қиын жағдайларда көмектесетін заманауи жабдық пайда болатындығына қуаныштымын", - деп атап өтті AYALA қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Қазбек Ермағамбетовтың айтуынша, жаңа жабдық жыл сайын кем дегенде 25 сәбидің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
"Біз азот тотығымен емдеуге арналған аппаратты асыға күтеміз. Ол бізге ерте неонаталдық өлімді болдырмауға көмектеседі. Бес жыл ішінде біз 125 нәрестенің өмірін сақтап қала аламыз. Жабдық 5 жылдан 10 жылға дейін қызмет етеді және біз оның көмегімен өңірдегі ерте сәби өлім-жітімінің көрсеткішін айтарлықтай төмендетуді көздеп отырмыз", - деді Қазбек Айжарықұлы.
Бұл қор мен ТШО компаниясының алғашқы бірлескен жобасы емес. Өткен жылы "Теңізшевройлмен" серіктесудің арқасында Атырау облыстық перинаталдық орталығы шала туған нәрестелердің ауыр көру патологиясын анықтауға мүмкіндік беретін ретиналды камераға ие болды. Уақтылы диагностиканың арқасында облыста бірде-бір бала көру қабілетін жоғалтқан жоқ.
AYALA қоры Атырау облысының балалар медициналық мекемелеріне 2011 жылдан бері көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде "Теңізшевройл" компаниясын қоса алғанда, серіктестердің қолдауымен қор өңірдегі балалар денсаулық сақтау саласын дамытуға 295 миллион теңге бөлді. Бұл көмек реанимациялық және диагностикалық жабдықтарды жеткізуді, сондай-ақ заманауи әдістемелерді енгізуді және мамандарды оқытуды қамтыды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неонатологы Бектұрған Карин бүкіл ел бойынша нәресте өлімін азайтуға елеулі үлес қосатын AYALA қорының жүйелі тәсілін атап өтті.
"2010 жылдан бастап Қазақстанда ерте неонаталдық өлім-жітім көрсеткіші 2,5 есеге - 5 промилле деңгейіне дейін төмендеді, бұл Еуропалық одақ елдерінің көрсеткіштерімен салыстыруға болады. Елдің Облыстық перинаталдық орталықтары кіретін неонаталдық қызметтің негізгі мақсаты – медициналық көмектің сапасын үнемі арттыру. Бұл орайда бізге AYALA қоры тиімді көмектеседі. Бұл қор біздің барлық қажеттіліктерімізді іштей біледі, сондықтан әрқашан нақты – жабдық түрінде де, мамандарды оқыту түрінде де көмекпен келеді. Мұндай серіктестіксіз неонатологиядағы негізгі жобаларды жүзеге асыруға ондаған жылдар кетер еді", - деп атап өтті сарапшы.
AYALA қоры Қазақстанда 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 18 жыл ішінде ол еліміздің 67 елді мекеніндегі мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелеріне қолдау көрсетті. "Тыныс ал, балақай", "Әлемді көремін" және "Өмір сыйлайық" жобалары жүздеген мың баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалды. Қазақстанда балалардың денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған AYALA қорының жиынтық көмегі шамамен 3 млрд теңгеден асты. AYALA қоры Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басымдықтарына сәйкес "Өмір сыйлайық" жобасын іске асыруды жалғастыруда.