Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Али ФОК" мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт орталығында денсаулығында кінараты бар балалар арасында бокстан турнир өтті. Балалардың көпшілігі аяғынан нық басып жүре алмаса да, рингке шығып атой салуға құмарлығымен жиналған жұртшылықты тәнті етті. Кейбір жұп тізерлеп тұрып та жұдырықтасты. Рингке көтерілген жеті жұптың арасында қыз балалар да болды.
Балғын спортшыларды қолдау үшін турнирге әлем және Олимпиада чемпиондары, басқа да жекпе-жек түрлерінің майталмандары келіп төрешілік жасады. Даңқты боксшы Болат Жұмаділов "Бөгенбай батыр" лақап атымен шыққан жас парабоксшының аяқпен жақсы жұмыс істейтіндігін айтып арқасынан қақты.
"Менің ойымша осындай шараларды өткізген дұрыс. Мүмкіндігі шектеулі балалар спортшының, боксшының сезінетін сәттерін басынан өткереді. Өмір өтіп жатыр, олар шеттеп қалмауы керек. Аллаға шүкір, осындай кездерде балалар аздап болса да күш-қуат алады. Адамның денсаулығы көңіл-күйіне байланысты. Көңіл-күйі көтеріңкі болса, денсаулығы да жақсы болады",- деді әлем чемпионы Болат Жұмаділов.
"Томирис" лақап атымен рингке көтерілген кішкене қыз қимыл-қозғалысының ширақтығымен, соққыларының мығымдығымен жанкүйерлердің айырықша қошеметіне бөленді. Ұл балаға қарсы шыққан "Томирис" бір қадам артқа баспай, қарсыласын бірнеше мәрте шаршы алаңның бұрышына қамап қойып, соққының астына алуға әрекеттенді.
Қазақстан ММА Федерациясының құрылтайшысы, Be Strong Promotion президенті Анатолий Ким балалардың милық салдануы (БМС) дертіне ұшыраған бүлдіршіндерді спортқа баулуды қолдайтынын айтты.
"Әлемдегі бірде-бір елде БМС-ке шалдыққан балалардың жекпе-жек түрлерімен жүйелі айналысқанын көрген емеспін. Балалардың ақыл-есі жақсы, бәрін дұрыс қабылдайды. Тек физиологиялық тұрғыда қиыншылықтары бар. Кейде денесі бағынбайтындықтан, ойына алған істің бәрін орындай алмайды. Жекпе-жекпен айналысу бұлшық етті нығайтып, денесін бағындыруға көмектеседі. Ойлау қабілетін де жетілдіреді. Бүгінгі жекпе-жектерде әрқайсысының ұрыста қолданған тактикалық тәсілдерін, стратегияларын байқадым. Ұландар жасының кішілігіне, денсаулық мәселелеріне қарамай ұрыстарына кәсіби спортшылар тәрізді шын ынта-ықыласымен әзірленген. Қазіргі жаттығып жүрген балаларда ілгерілеудің бар екенін ата-аналары да, бізде байқаудамыз. Балалармен және олардың жаттықтырушысы Байымбетов Садықпен алғаш танысқан кезімде қатты әсер алдым. Олар мені ешқашан мойымауға, қиыншылықтарды жеңуге, спортпен айналысуға ынталандырып, жігерлендіруде. Ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндер өмір сүрудің қиын жағдайында, әу, бастан-ақ қалып отыр. Соған қарамастан олар жетістікке жетуге болатындығын дәлелдеуде. Бұл балалар ММА сарбаздарының "Күшті бол!" деген ұранын іс жүзінде көрсетіп отыр. Садықтың спортшы балалары кейде біздің турнирлерімізге келеді, бүгін біз оларға келіп отырмыз. Қазақстаннан шыққан UFC-дегі алғашқы спортшымыз, ММА бойынша әлем чемпионы Шавқат Рахмонов та бүгін осында. Балаларға қонақ болып, шеберлік дәрісін берді. Қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Мемлекет тарапынан, меценаттар, демеушілер де оларға көбірек қолдау жасаса деген тілегім бар. Садықтың жаттығуларын ғылыми тұрғыда жетілдіріп, осындай дертпен күресуде тиімді әдіс ретінде пайдану қажет",- деді Анатолий Ким.
Спорттық шараның ұйымдастырушысы Садық Байымбетов жарыстар жиі болып тұрса, балалар мен ата-аналар ынталанатынын айтты.
"Бұндай жарыс дүние жүзінде бірінші рет өткізіліп отыр. Мен өзім жаттықтырушымын, оңалтушымын. Әріптесім Айбар Сағитаев екеуіміз мүмкіндігі шектеулі балаларды аптасына үш рет жаттықтырамыз. Олар спорттың бес түрімен айналысады. Жаттығулар ерекшелігі бар балалардың қимыл-қозғалыс үйлесімділігін, есте сақтау қабілетін жақсартады, бұлшық еттерін қатайтып, қайрат-жігер береді. Осындай турнирлерді Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізсек дейміз. "Күн әлемі" атты қоғамдық қордың залында жаттығу жасаймыз. Қатысуы тегін. Ерікті түрде жұмыс істейміз. Әкімшілік кеңірек зал берсе, төңіректің балаларын да спортқа тартқымыз келеді",- деді Садық Байымбетов.
"Күн әлемі" қоғамдық қорының құрылтайшысы Марина Федорова жаттығуға балалар ықыласпен келетіндігін айтып, залдың тарлық етіп жүргенін жеткізді. "Спорт залына келуші мүмкіндігі шектеулі балалар саны артып келеді. Қазір зал таршылық етіп тұр. Қоғамдық қорының атынан осындай тамаша бастаманы қолдауға шақырамын",- деді қоғам белсендісі.
Шараны қолдауға келген әйгілі боксшы Бақтияр Артаев балалардың болашақта Олимпиада чемпионы болуына тілектестігін білдірді.
"Бұндай турнирлердің өтуі балалардың бұлшық еттерін шынықтырып, аяққа тұрғанынан бөлек, спорт арқылы алға ұмтылуына себепші болады. Олардың болашақта Олимпиада чемпионы болуына мүмкіндіктері бар. Балалық шақта спорттық негізі қаланып, өздерін шынықтырып, баптайды. Кейіннен кәсіби спортпен де айналысуларына болады",- деді Олимпиада чемпионы.
Нұржан Көшкін