Өмірді сақтандыру: кез-келген жағдайдағы қауіпсіздік жастығы

Қазақстандықтар ол туралы нені білуі керек? 

Өмірді сақтандыру: кез-келген жағдайдағы қауіпсіздік жастығы Фото: google.com

Алматылық Айдос Едігеев еміне жыл сайын 5 миллионға жуық теңге жұмсайды. Бұл оған қойылған диагноз бойынша стандартты ем, дәрі  мен дәрумендерге жұмсалатын ақша ғана. Оның сыртында мүгедектігіне байланысты мемлекеттік және жұмыс берушісінің жыл сайынғы көмегі бар. Алайда ол inbusiness.kz тілшісіне оның өзі жеткіліксіз екенін айтады.

Өкінішке қарай, мұның бәрі Айдостың денсаулығын қазіргі қалпында ұстап тұруға ғана көмектеседі.  Өйткені ол I топтағы мүгедек және ауруының қайтып жазылмайтынына көзі жеткен. Осыдан 2 жыл ғана бұрын ол жекеменшік құрылыс компаниясында директордың орынбасары болып еңбек еткен, тұрмысы орташа қазақстандықтардың бірі еді. Алайда құрылыс нысанында орнату үшін жеткізілген жеделсаты үстіне құлап, мүгедек арбасына таңылды. Отбасында жалғыз асыраушы болып келген ол бүгінде өмір сүрудің кәдімгідей қиындағанын айтады.

"Алғашы екі жылда сауығып кетемін деген оймен жиған дүние-мүліктің бәрін сатып, шетелге дейін барып келдік. Ақыры тағдырдың жазғанына көнуге мәжбүр болдық. Әйелім енді жұмысқа араласа бастады, кәмілет жасына толмаған 4 балам бар. Денсаулық бар кезде ертеңіміз қандай болады деп ойламаппыз. Өмір сүру кәдімгідей қиындады", – деп күрсінеді кейіпкеріміз.

Өкінішке қарай, біздің қоғамда өнеркәсіп, өндіріс орны, құрылыс саласы сияқты қатері жоғары салада жұмыс істеп жүрсе де, ертеңгі күнге мән бермейтін Айдос сияқты жандар көп. Қатері басым салаларда жұмыс істейтіндер өмірді сақтандыруға болатынын біле бермейді. Ал кейбір заңды тұлғалар қызметкерлерін сақтандыруға асықпайды. Алайда өмір біз ойлағандай бола бермейді. Оған Айдостың дәрменсіз халі айқын мысал.

Қоғамда мұндай түсініктің барын сарапшылар да растайды. Отандастарымыз тек соңғы жылдары ғана өмірді сақтандыруға болатынын біліп, көңіл аудара бастаған.

Фото: kapital.kz

"Қазақстанда өмірді сақтандыру жалпы сақтандыруға қарағанда төмен. Бірақ соңғы жылдары, қазіргі кезде көбірек көңіл бөле бастады. Мүмкін таяу болашақта халық арасында танымал өнім болатын шығар", – дейді ҚР Сақтандыру омбудсмені Игорь Яковенко.

Ал Халық-Life сақтандыру компаниясының басқарма төрайымы Жанар Жұбаниязованың айтуынша соңғы жылдары, әсіресе, ковидтен кейін, қазақстандықтар өмірлік тәуекелдерді азайтуға, өз қорғанысы мен қауіпсіздігі туралы жиі ойлана бастаған. Алайда әлі де сәттілік серік болады деген сенім қоғамда көбірек.

Фото: kapital.kz

"Бұған басты себеп қоғам, адамдар уақыттан, әлемдік трендтерден артта қалады. Өкінішке орай, менталитет өте баяу өзгереді: біз ескі әдіспен сәттілікке сүйенеміз. Әжелердің "құдай сақтасын" деген сөзін еске түсіріңіз. Ал өркениетті қоғамда бұл функция сақтандыру компанияларына жүктеледі. Батыста, Америкада адамдардың қаржылық жағдайын, өмірін бағалайтын және қорғайтын механизмдер күн өткен сайын құнды болып келеді",– дейді басқарма төрайымы.

Өмірді сақтандыруға адамдардың асықпайтынына ақпараттың аздығы, менталитетпен қатар ел экономикасының деңгейі, адамдардың әл-ауқаты мен сақтандыру мәдениетіне байланысты. Қазақстандықтар көптеген дамушы елдердегідей алдымен тамақтану, киім – кешек, тұрғын үйді ұстау, автокөлік, медицина, білім беру және несие төлеу сынды базалық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге көңіл бөледі.

Мұны Айдос Едігеев те растайды.

"Мен құрылыс жұмыстарына жауапты адам болдым. Қарамағымда 80-нен астам адам жұмыс істеді. Біздегі техникалық қауіпсіздік, HR мамандары, сақтандыру компанияларының өкілдері қауіпсіздік ережесін сақтау, жазатайым жағдайға тап болғанда қандай әрекет жасау керегін, өмірді сақтандыру туралы айтатын. Алайда кім ертеңім жаман болады деп ойлайды? Кейде сақтандыру туралы ойлағаныңмен, жаманшылық шақырмайыншы деген ой келетін. Әрі тіршілік етудің өте қарапайым қажеттіліктеріне көңіл бөлдік. Одан артылған ақшамызды жинағандай болдық. Жеделсаты басып қалған күні қасымда құрылыс бригадирі болды. Ол компанияда бұрыннан істейтін және сақтандырылған болып шықты. Ол бір жылдан астам ем алып, еңбекке оралды. Білуімше жұмысқа жарамсыз кезде сақтандыру компаниясынан төлем алды",– дейді бүгінде мүгедек арбасына таңылған азамат.

Өмірді сақтандыру дегеніміз не?

Өте қарапайым тілмен айтсақ, сақтандырылған адам жазатайым жағдайға тап болып, денсаулығына зақым келсе, еңбекке қабілетсіз болып қалса немесе қайтыс болған жағдайда сақтандыру  компаниясы тарапынан төлем алады. Қайтыс болу жағдайында төлем оның отбасына беріледі.  Яғни, қызмет түрі сақтанушы қайтыс болған немесе мүгедек болған жағдайда кездесетін материалдық қиындықтардан қорғайды.

Ол міндетті немесе ерікті, ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді болуы мүмкін. Тәуекел көлемі бойынша: өмір сүру немесе өлім жағдайына сақтандыру, мүгедектік немесе еңбекке қабілетсіздік жағдайында сақтандыру болып бөлінеді. Жеке сақтандыру түрі бойынша: өмірді сақтандыру, жазатайым жағдайлардан сақтандыру және сақтандырылушы санына қарай жеке немесе  сақтандыру деп аталады. Сақтандырылушы 1-2 жыл көлеміндегі қысқа мерзімді, 2-30 жыл көлеміндегі ұзақ мерзімді болып бөлінеді.

Сала мамандары өмірді сақтандыру тікелей мағынасындағы қызметтерді ғана ұсынбайтынын айтады. Мысалы сақтандырушы компаниялар жеке тұлғалар үшін: өмірді мерзімді және жинақтаушы сақтандыру, аннуитеттік сақтандыру, сондай-ақ заңды тұлғалар үшін: қызметкерді жұмыс кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру қызметтерін ұсынады. Оның ішіндегі өмірді жинақтаушы сақтандыру тағы бір маңызды функцияны - капиталды кепілді қалыптастыруды жүзеге асырады. Бұл шарттың мерзімі 5, 10 және 20 жыл болуы мүмкін. Сақтандыру сыйлықақылары клиенттің таңдауы бойынша ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет немесе түгел төленеді.

Біздің кейіпкеріміз Айдос құрылыс компаниясында жұмыс істеп жүргенде мерзімді немесе жинақтаушы сақтандырудың бірін таңдап, жұмыс берушісі жазатайым оқиғалардан сақтандырғанда, бүгінде еміне жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін сақтандыру компаниясынан алатын еді.

Қазақстандық өмірін сақтандырушының портреті қандай?

Қазақстандағы өмірді сақтандыру бағытындағы ең ірі компания  (нарықтағы үлесі 2023 жылы 32,3%) Халық-Life дерегінше клиенттерінің көпшілігі орта жастағы, 40 жастан асқан қазақстандықтар болған. Ал аймақтар бойынша Алматы, Шымкент, Астана қалаларының тұрғындары өмірін сақтандыруға көбірек көңіл бөледі. Жыныстық жағынан қарағанда ер адамдар сақтандыру жарнасын көбірек төлейді екен.

"Егер біз классикалық өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламаларын қарастыратын болсақ, онда шарттардың 85%- ы әйелдер, 15% -ы ер адамдар. Бұл ретте әйелдерде сақтандыру жарнасының мөлшері жылына шамамен 120 мың теңге, ерлерде - жылына 150 мың теңгені құрайды. Көпшілігінде мұндай сақтандыру шарттары 15 жыл мерзімге жасалады",  – дейді Жанар Жұбаниязова.

Өмірді сақтандыру туралы мифтер

Адамдардың көпшілігі өмірді сақтандырғаннан кейін, жазатайым жағдайға ұшырамаса қаражаты желге ұшып кеткендей көрінеді. Бұл жағынан міндетті автосақтандырумен шатастырады. Алайда сақтандыру бағдарламасы бойынша қаражат жинауға немесе шарт аяқталған соң, жиналған соманы қайтарып алуға болатын бағдарламалар да барын көпшілік білмейді.

Мысалы, қаражатты валютада жинақтаумен қатар, оған 3-4 пайыз мөлшерінде кепілдендірілген инвестициялық табыс алуға болатын және  шарт аяқталған соң, жинақталған сома клиентке қайтарылатын түрі де бар.

Көпшілік арасындағы кең таралған қате түсініктің бірі - сақтандыру қалталы адамдарға арналған. Дегенмен сақтандыру компаниялары әртүрі санаттағы адамдарға арналған өнімдер ұсынатынын ұмытпаңыз. Оның ішінде қарапайым құрылысшыға да қолайлы түрлері бар. Алайда ескеретін жайт, өмірді сақтандыру бағдарламасының бір түрін таңдамас бұрын, барлық шарттарымен мұқият танысу қажет. Тәуекелдерді нақты шешетін өнімді таңдаңыз және, ең бастысы, өз өміріңізді сақтандыратын компанияның нарықтағы беделі, рейтингтері, активтері, қаржы көрсеткіштеріне баса назар аудару қажет.

Сақтандыру омбудсмені туралы біле жүріңіз

Егер түрлі мәселелер туындап жатса, сақтандыру омбудсменіне жүгінсеңіз болады. Ол қызметті атқаратын Игорь Яковенконың айтуынша қазақстандықтар өмірді сақтандыру мәселелерімен сирек жүгінеді.

Ал осыған дейінгі жағдайлардың ішінде көбіне сақтандырудың жинақтаушы емес түріне қатысты өтініштер болған. Оның ішінде сақтандырылған адам созылмалы ауру немесе алкогольдік ішімдіктерден қайтыс болғаннан кейінгі төлем, шартты тоқтату бойынша даулы мәселелерге тап болады. Мысалы: 2022 жылы омбудсмен кеңсесіне 1 427  шағым түскен. Оның 7-і өмірді сақтандыруға қатысты болса, 5-і өмірді сақтандырудың жинақтаушы емес, 2 - і жинақтаушы түрі бойынша болған. Омбудсмен сақтандыру компаниясымен шарт жасаудың алдында өзіңізге қандай өнім қажет екенін мұқият зерттеп, шартқа баса назар аудару керегін айтады. Мысалы, сақтандыру компаниялары сақтандырылған адам алкоголь ішуден немесе созылмалы аурудан қайтыс болса сақтандыру төлемін жасамайды.

Статистика…

Осы аптада Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы Қазақстанның сақтандыру нарығының I тоқсандағы жағдайына шолу ұсынды. Талдауға сүйенсек, өмірді сақтандыру бойынша 2022 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда азаматтардан түскен сыйақы көлемі 25.5% ұлғайып, 98,5 млрд теңгені құраған. Сақтандырушыларға берілген төлем көлемі 29,9 млрд теңгеге ұлғайып, 13,1 млрд теңге болған.

Оның ішінде өмірді сақтандыру сыйақысы 37,8 млрд теңге, төлем көлемі -3,8 млрд теңге, ануитеттік сақтандыру сыйақысы 31,3 млрд теңге, төлемдер -4,4 млрд теңге, жазатайым оқиғалардан сақтандыру сыйақысы 10,9 млрд теңге, төлемдер -1,2 млрд теңге, ауру жағдайын сақтандыру сыйақысы 1,0 млрд теңге, төлемдер -0,2 млрд теңге, қызметкерді жазатайым оқиғадан сақтандыру сыйақысы 17,3 млрд теңге, төлемдер -3,5 млрд теңгені құраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу