Соңғы жылдары елімізде өмірді сақтандыру нарығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, бүгінде Қазақстанда өмірді сақтандырумен айналысатын 9 компания бар. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қолданыстағы өмірді сақтандыру шарттарының саны 2,5 миллионнан асқан. Осы жылдың бірінші тоқсанында 750 мыңнан астам шарт жасалған. Мұндай деректерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынды.
Белгілі болғандай, өмірді сақтандыру компаниялары сақтандырудың екі түрін ұсынады: міндетті және ерікті сақтандыру. Міндетті сақтандыру екі бағытты қамтиды – қызметкерді жұмыс кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру және туристерді сақтандыру. Ерікті сақтандыру төрт бағыттан тұрады – өмірді сақтандыру, аннуитеттік сақтандыру, ауырған жағдайда сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Бұлардың ішінде өмірді сақтандыру мен зейнетақы аннуитеті сұранысқа ие.
Қазір халықты ұзақ мерзімді өмірді жинақтаушы сақтандыру шарттарын жасауға ынталандыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, жеке тұлғаның салық салуға жататын табыстарынан өзінің, жақын туыстарының, жұбайының пайдасына немесе жұмыс беруші қызметкердің пайдасына сақтандыру сыйлықақылары төленетін сақтандыру төлемдері алынып тасталды. Сонымен қатар бүгінде Мәжілісте өмірді сақтандыру компанияларының мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу мүмкіндігі пысықталуда.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Әсел Әмірбаеваның түсіндіруінше, жаңа жүйе арқылы кез келген азамат баланың біліміне өмірді жинақтаушы сақтандыру шартын мемлекеттің қолдауымен жасай алады. Бұл ретте сақтандыру сыйлықақысының 5-7 пайыз мөлшерінде жыл сайын сыйлықақы түсіп тұрады. Осылайша, аталған өнім шеңберінде сақтандыру полисі баланың білім алуына арналған қаражатты мемлекеттің қолдауымен жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда балаға сақтандыру шартында жазылған оқудың толық сомасын төлеуге кепілдік беріледі.
"Мәселен, әкесі баласы кәмелет жасына толғанға дейін оның біліміне деп ақша жинағысы келеді. Осы орайда ол өмірді сақтандыру компаниясына жыл сайын жарна төлеуіне болады. Сонда бала 18 жасқа толғанда оның шотында білім алуына қажетті сома жинақталып тұрады. Бұл ретте бала 18 жасқа толғанға дейін біз мысал етіп отырған әкенің өмірі сақтандырылған болып есептеледі. Тиісінше, өлім, еңбекке жарамсыздық секілді күтпеген жағдайлар орын алса, компания жинақталған соманы шартта көрсетілген күні төлеп береді", – дейді Әсел Әмірбаева.
Өмірді сақтандырудың талап етілген тағы бір жинақтаушы құралы – зейнетақы аннуитеті. Бұл өнім егде жаста инвестициялық табысты және төлемдер сомасының индексациясын ескере отырып, тұрақты төлемдер алуға мүмкіндік береді. Зейнетақы аннуитетінің шарты бойынша төлемдерді сақтанушының өзі де, шартта көрсетілген мұрагерлер де ала алады. Естеріңізде болса, 2021 жылы кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. Оның аясында ел азаматтары 45 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады және 55 жастан бастап өмір бойы зейнетақы төлемдерін алып тұру мүмкіндігіне ие.
Осы орайда қосымша заңнамалық бастамалар шеңберінде зейнетақы аннуитеті шартына бір ғана адамның емес, ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың қатысуын көздейтін бірлескен аннуитет құралын іске қосу ұсынылып отыр. Мұның классикалық зейнетақы аннуитетінен басты айырмашылығы – жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік берілуі. Мысалы, ерлі-зайыптылардың біреуінде аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз делік. Ал екіншіcінің жинақтары қажетті қаражат көлемінен асып тұр. Мұндай жағдайда бірлескен зейнетақы аннуитеті тиімді.
"Зейнетақы аннуитеттері төлемдеріне "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының" қаражаты есебінен кепілдік беріледі. Ол өмірді сақтандыру компаниясы таратылған және банкрот болған жағдайда сақтандыру портфелін басқа өмірді сақтандыру компаниясына берген сәтке дейін төлемдерді үздіксіз қамтамасыз етеді", – дейді Әсел Әмірбаева.
Қазір өмірді классикалық жинақтаушы сақтандыру өнімдерімен қатар, Қазақстан нарығында бір уақытта өмірді және инвестицияларды сақтандыратын өнімдер пайда бола бастады. Соның бірі – unit-linked. Мұндай шарттың иесі өз активтерін өмірді сақтандыру компаниясының инвестициялық басқаруына береді және оларды инвестициялаудан кіріс алу, сонымен бірге сақтандырылу мүмкіндігіне ие болады. Полис мерзімі аяқталғаннан кейін жинақтар полис иесіне немесе оның мұрагерлеріне төленеді.
"Unit-linked өнімі бойынша сақтанушы инвестициялау стратегиясын өзі таңдайды. Бертінге дейін аталған өнімнің инвестициялық мүмкіндіктері пай қорларына салынатын инвестициялармен шектелді. 2020 жылы ұжымдық, сондай-ақ жеке инвестициялық стратегиялар аясында инвестициялау мүмкіндігі берілді. ТМД елдерінде unit-linked жаңа буынның инвестициялық өнімі болып саналады. Ал Еуропа, Азия мен АҚШ-та аталған құрал 60 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Мысалы, АҚШ-та өмірді сақтандыру шартының 60 пайызы дәл осы unit-linked технологиясы бойынша жасалады. Еуропада бұл сегменттің үлесі 30-70 пайыз аралығын құрайды. Қазір елімізде unit-linked өнімі бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 600-ден асты", – дейді Әсел Әмірбаева.
Ғалия Әділ