"Өмірім сабақ кестесіне, табысым айлық жалақыға байлаулы болды"

6801

Тігінші жігіт кәсіпке бет бұрғанға дейінгі жағдайын осылай сипаттады.

"Өмірім сабақ кестесіне, табысым айлық жалақыға байлаулы болды"

Ұстаздықтан тігіншілікке, автоательеден трансформер сөмке бизнесіне бет бұрған іскер жігіт шәкірт тәрбиелеуден не үшін бас тартты? Оның алғашқы бизнесі неге тоқтап тұр? DamysBrand деген жобаның негізін қалаған бұрынғы ұстаз, бүгінгі кәсіпкер нені армандайды, нені қалайды? 

Бала шағы...
Қытайда өтті. Төртінші сыныпқа дейін қытай мектебінде оқыды. Қытай тілін меңгеріп, Қытай заңына бағынды. Бірақ қаны, жаны қазақ екенін біліп өсті. Әкесінің: "Сен қазақсың, сенің атамекенің – Қазақстан, Қытайда қалмаймыз, түбі атақонысымызға ораламыз" – деген сөзі санаcына жазылып, сүйегіне сіңді.

Болашағы...
Тәуелсіз Қазақстанмен біте қайнасып кетті. Қытайдан атақонысына көшіп келді. Орта мектепті аяқтады. Колледжде білім алды. Үйленді, перзент сүйді.

Бұрын...

Бәзбіреулер: "Қытайсың, оралмансың" деп бөлектейтін. "Орыс тілін білмейсің" деп жазғыратын. Осының барлығы жүрегіне қатты бататын.

Бүгін...
Егемен елде, тәуелсіз Қазақстанда, туған топырағында, алаңсыз алшаң басып жүр. "Қандас" – десе қуанады, "Оралман" – десе өкпелемейді. Өйткені айналасындағы адамдарды қаз-қалпында қабылдауды үйренген.

Қазақ пен қазақ...
Қазақша сөйлескенін армандайды. Қазақтың тілі құрыса, тәуелсіздіктің басына бұл үйіріледі деп санайды.

Қазаққа қазақ...
Жанашыр болғанын қалайды. Өзі мұқтаж жандар мен жетім балаларға ай сайын жасырын садақа береді. Жанашырлық сөзбен емес іспен жасалуы керек деп санайды.

Бір күн бұрын...
Қызықты қараңыз, бізге сұхбат берерден бір күн бұрын ол өз еркімен өтініш жазып, ұстаздық қызметтен кетіпті. Неге дегенімізде "Екі кеменің басын ұстағым келмеді. Ұстаздық пен жеке кәсіпті таразы басына қойдым. Соңғысының салмағы ауыр болды. Бұған дейін 4 жыл мектепте шәкірт тәрбиеледім. Өмірім сабақ кестесіне, табысым айлық жалақыға байлаулы болды. Шеңбермен, шектеумен өмір сүрдім. Табысымды еселеу үшін осыдан бір жарым жыл бұрын трансформер сөмке бизнесін қолға алдым. Күні бүгінге дейін ұстаздық пен жеке кәсіпті қатар алып жүрдім. Шынын айтайын, уақыт жеткізе алмай қиналып кеттім. Тапсырысты дер кезінде орындау үшін бар күшімді жеке кәсібіме бағыттау керек екенін түсіндім", – деп жауап берді кейіпкеріміз Дамыс Болатхан.

Кәсіп қалай басталды?
Сұхбат берушінің баяндауынша, ол үнемі ізденісте болған. Оған "Еңбек ет, табыс тап, жақсы өмір сүр!" деген ой маза бермеген. Сөйтіп ол түрлі бизнес тренингтерге қатыса бастаған. Ақырында автоателье ашып, автокөліктерге ою-өрнекпен безендірілген автотыс әзірлеу ісін қолға алған.  

"Автоателье ашқанға дейін ешқашан тігін машинкасымен жұмыс істеп көрген жоқпын. Іс тігуден мүлде хабарым болған жоқ. Не де болса көрейін деп, несиеге тігін машинкасы мен автотыс тігуге қажетті мата сатып алдым. Алғашқы автотысты өз көлігіме тіктім. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, автотысты он рет көктеп, он рет сөктім. Біраз матаны бүлдірдім. Шығынға баттым. Бірақ алған бетімнен қайтпадым. Ақыры ойымдағы автотыс дайын болды. Оны көрген адамдар маған тапсырыс бере бастады. Іс алға басып, кіріске қол жеткіздім. Алайда уақыт өте келе бұл істі тоқтаттым. Себебі тапсырыс мен тұратын қаладан емес, еліміздің басқа өңірлерінен түсе бастады. Бұл мен үшін және менің бизнесім үшін қолайсыз болды. Ойлана келіп, автоателье ісін тоқтатып, былғарыдан тігілетін сөмке бизнесіне көштім", – деді ол.

Танымалдардың таңдауы
Аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем, 2 дүркін Еуразия чемпионы, әлем кубогының иегері Ардақ Назаров, UFC ұйымының файтері, қандасымыз Дамир Ысмағұлов сондай-ақ қазақ эстрадасының бірқатар әншілері мен танымал ақындар және әзілкештер кейіпкеріміздің қолынан шыққан сөмкені қолданады екен. Бұл туралы тігінші: "Менің брэндіммен шығып жатқан сөмкеге костюм шалбарды бүктемей салуға болады. Сөмкеге аяқ киім, жол жүргенде пайдаланатын ұсақ-түйек заттар сыйып кетеді. Сөмкенің басты ерекшелігі осы. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша сөмкеге оның иесінің аты-жөнін, телефон нөмірін жазуға, тіпті суретін орналастыруға болады. Сөмке бизнесіне кірісердің алдында нарықты, шетелдік брэндтерді зерттедім.  Біріншіден, дәл менікіндей сөмке таппадым, екіншіден шетелдік сөмкелердің бағасы тым қымбат екенін анықтадым. Сөмкенің эскизін сызып, оны дайын өнімге айналдырған соң, жарнамасын жасауға кірістім. Сол-ақ екен танымал тұлғалар, әншілер, ақындар, әзілкештер тапсырыс бере бастады. Өздеріңіз түсініп отырғандай, бұлардың барлығы сапарға көп шығатын, жолда көп жүретін адамдар. Оларға киімдерінің қыртысталмауы маңызды. Біз осы сұранысты қанағаттандырып отырмыз", – деді. 

"Ұлттық үлгідегі отбасылық спорт киімінің коллекциясын қалыптастырамын"
Жас кәсіпкер таяуда мемлекеттің 3 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантына ие болды. Ол осы ақшаның 2 млн 700 мың теңгесіне тігін машинкасын сатып алды. 

"Сөмке сатып, содан түскен табысқа күн көрумен шектелмеймін. Болашақта тігін цехын ашып, шәкірт тәрбиелеймін. Ұлттық үлгідегі отбасылық спорт киімінің коллекциясын қалыптастырамын. Бұдан бөлек мектеп оқушыларына арналған сөмке тігу жобасын жүзеге асырамын", –  деп қорытты сөзін жас кәсіпкер. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу