Өмірзақ Шөкеев педофилдер мен суицидті жарнамаламауға шақырды

"Бұл мәселе Түркістанға ғана тән емес". 

Өмірзақ Шөкеев педофилдер мен суицидті жарнамаламауға шақырды

Түркістан облысының Абай ауданындағы педофильдік дауға қатысты пікір білдірген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені қайта-қайта қопсытып, елді дүрліктіруді ойлайтындар бар екенін айтты. 

"Абай ауданындағы педофильдік дауға келетін болсақ, балаларға қарсы зорлық мәселесін қызметке келген күннен зерттей бастадым. Арнайы комиссия құрып, республикадан жетекші мамандарды шақырдық.

Ақылдаса келіп, кешенді жоспар құрдық. Оның ішіне құқық қорғау органдары мен әкімдер де кірді. Психологиялық көмек орталығы ашылды. Тергеу ұзақ жүргенін білесіздер. Сот шешіміне пікір білдіре алмаймын. Барлық жауапты орындар күреске бағытталған. Бізге республикалық деңгейде бұл құбылыспен күресудің кешенді шарасын қабылдау керек", – деген әкім аталмыш аудандағы екінші шулы оқиға туралы да ақпарат берді. БАҚ-та тағы бір тұрғынның 16 жасында бірнеше адам тарапынан зорлық көргені, олардың ішінде полиция өкілі де болғаны туралы хабар тараған болатын.

"Бұл іспен де таныспын. Прокуратура мен полиция департаменті әлі айналысып жатыр. Танымал блогерлер жан-жақтан кірісуге тырысып жүр. Бұл – таза кримминалды кэйс. Оны саясиландыру, дүрліктіруге талпыну, меніңше дұрыс емес. Құқық қорғау органдары анық-қанығын айтып, сот шешім шығарсын. Егер  үкім дұрыс болмағаны дәлелденсе, қайта қарау керек шығар. Бірақ  бұл мәселені қайта-қайта көтеру дұрыс емес деп ойлаймын", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Ол, сондай-ақ суицид пен зорлық-зомбылық қылмыстары тек Түркістан облысына ғана тән мәселе емес екенін ескертті.

"Мұны мен біздің облысқа ғана тән мәселе деп айтпас едім. Өзге өңірлерде де бар. Бізде халық тығыз орналасқандықтан жиі шығатын шығар. Өзім де Оңтүстікте өскенмін. Ешқашан мұндайды естімейтінбіз. Бір кезде, бір жерден кеткен қателіктер осындай ахуал туғызып отыр. Қандай қателік кеткенін, қалай жеңу керектігін ұдайы бас қосып, талқылап жатырмыз. Суицидпен күресте дәстүрлі тәсіл қолдануға келмейді. Дүрліктіріп, насихаттаған сайын көбейе береді. Оны сізге кез келген психолог немес әлеуметтанушы маман айтып бере алады.  Сондықтан мұндай құбылыстарды ақпараттық тұрғыда қолдауға, жарнамалауға болмайды.  Мұндай келеңсіздіктермен күрестің түрлі жолдарын қарастырып келеміз. Халықаралық мамандарды, БҰҰ-ның көмегін тартып жатырмыз", – деді Түркістан облысының әкімі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу