Өмірзақ Шөкеев: Шардараға 50 жылда бір келетін апаттың уақыты таяп қалды

2414

Түркістан облысының әкімі Шардара су қоймасы туралы даулы ұсынысы қандай қажеттілікпен айтылғанын түсіндірді.  

Өмірзақ Шөкеев: Шардараға 50 жылда бір келетін апаттың уақыты таяп қалды

Еске салсақ, әкім Сенат депутаттарының алдында Сардоба су қоймасындағы апаттың зардаптарын айта келіп, Шардарада одан бірнеше есе ауқымды апат болуы мүмкін деп дабыл қаққан болатын. Ал ол "апаттың" алдын алу үшін әуелі сараптама жүргізіп,  мемлекеттен қомақты қаражат бөлу керек деген болатын. Кейін Өмірзақ Шөкеевтің бұл ұсынысы ел ішінде қызу талқыға түсіп, жобаға бюджеттен ақша суырудың классикалық үлгісіне балағандар да болды. Ел алдында онлайн брифинг берген облыс әкімі сол ұсыныстың қайдан туындағанын түсіндірді.

"Сенаттың кеңейтілген отырысында Шардара су қоймасының оң жақ бетінде арнайы авариялық қашыртқы салуды ұсынған болатынмын. Бұл енді бұрыннан келе жатқан мәселе. Көп жыл болды. Нақты айтатын болсақ, 1969 жылы сол Шардараға 4000 текше метрден артық су келген болатын. Жалпы ондай құбылыстар табиғатта 50 жылда бір рет қайталанып тұрады. Мамандардың сондай пікірі бар. Міне, 1969 жылдан алып есептегенде, 50 жыл өтті. Сондай 4000 текше метр су келетін болса, біздің жаңағы бөгетке де қауіп төнеді. Оның астындағы бірталай елді мекендерге де қауіп бар. Сондықтан біз көп кешіктірмей қашыртқыны салу керек деп ұсыныс айтқан болатынбыз. Оның нақты қанша қаржы талап ететінін әзір айту қиын, сараптама керек. Жалпы жоба біршама дайындалған. Үкімет тарапынан тездетіп сараптама өткізу туралы арнайы тапсырма берілсе деген ұсыныс енгізген болатынмын", – деген аймақ басшысы Түркістан қаласының өзін ағын сумен қамту мәселесі әлі толық шешілмегенін еске салды.

"Оның сыртында Түркістан қаласының өзінде ағын су тапшы. Ауызсу жеткілікті, ол жөнінен проблема жоқ.  Бірақ ағын су, көгалдандыру мәселесі қиындау. Сондықтан 5-6 жоба ұсынғанбыз. Оның біразы қазір істеліп  жатыр. Біріншісі – Арыс-Түркістан каналы. Оны бетондап, құмға сіңіп жатқан су үнемдейтін жобаны қолға алдық. Қазір 15 шақырымы жасалды. Әрі қарай жасалып жатыр. Бұл фильтрациядан біз 80 млн текше метр су үнемдейміз. Екіншісі – сол Түркістанның төңірегінде бұрынғы ұңғымалар бар. Соның 34-ін қайтадан қалпына келтірдік. Жалпы 150-дей ұңғыма бар. Бұл ұңғымалардан 30 млн текше метр су үнемдейміз. Одан кейін Түркістан қаласының сәл жоғары жағында тағы бір су қоймасын салу мәселесі көтерілген. Қазір салынып та жатыр. Келесі жылдың суын сол жерде сақтап қаламыз ба деген үмітіміз бар", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу