Омниумнан олжа алсақ...

1294

Бұл спорт түрінен әзірге медаль алып көрмедік. Бәлкім осы жолы?

Омниумнан олжа алсақ...

Трек велоспортынан Қазақстанның олимпиадалық командасының құрамында омниумға қатысатын жиырма тоғыз жасар Артем Захаров пен спринт және кейрин сияқты бағдарламаларда өнер көрсететін жиырма үш жасар Сергей Пономарев бар. 3-тамызда Сергей Пономаревтің спринттегі іріктеу жарыстары басталады. Іріктеу жарыстарын сәтті аяқтаған жағдайда финал 4-тамызға жоспарланған.

Артем Захаров жарыс жолына 5-тамызда шығады. Омниум төрт сайыстан тұрады. Әр сайыс түрінің арасында 45 минуттық үзіліс бар. 6-тамызда Сергей Пономаревтің іріктеу жарысы осы жолы кейриннен басталады. Іріктеу жарыстарын сәтті аяқтаған жағдайда жарыстың финалы 7-тамызда өтеді.

"Біздің спортшылардың дайындығы қызу жүріп жатыр. Екі шабандоз да қазір дайындықтың соңғы кезеңінен өтуде. Сергей Пономарев Санкт-Петербургте құлап, медециналық тексерістен өткеннен кейін қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда. Оның қайта қалпына келуі сәтті және жылдам өтті. Жаттықтырушы ретінде спринт тобын басқаратын Валентин Савицкийдің барлық тапсырмаларын орындап жатыр. Артём Захаровтың дайындығына келер болсақ, Ресейдегі жарыстардың бір бөлігі аяқталған соң ол біздің велотрекке дайындық үшін келді. Содан кейін біз таулы аймақтарға жаттығуға кеттік. 23 шілдеде Нұр-Сұлтанға оралып, жаттығуларды пысықтаймыз. Дайындық ойдағыдай өтіп жатыр деп айтуға болады. Жеке демеушілік қаражат есебінен біздің шабандоздар үшін жаңа ең мықты трек велосипедтерін сатып алған Қазақстан велоспорт федерациясына және оның президенті Нұрлан Смағұловқа алғыс білдіргім келеді. Жалпы, Сергей де, Артем де өте жігерлі және медальдар үшін күресуге бел буды. Олимпиада алдында өткізген барлық сынақтарымыздың нәтижелері бойынша екі шабандоз да өте жақсы нәтиже көрсетті. Біздің команда үшін бәрі жақсы болады деп үміттенеміз", - деді велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Владимир Бушанский.

Артём Захаров үшін бұл оның мансабындағы екінші Олимпиада болмақ. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында ол омниумда 10-нәтиже көрсетті.

"Қазір мен Түркиядағы биік таулы аймақтағы оқу-жаттығу жиынындамын. Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге дайындықтың соңғы кезеңінен өтіп жатырмын. 22-шілдеге дейін осында боламын. Содан кейін мен Нұр-Сұлтанға, әрі қарай 1 тамызда Токиоға ұшамын. Бұл мен үшін екінші Олимпиада. Әрине, мен ең жақсы нәтиже көрсетіп, әлемдік спорт аренасында ел намысын қорғағым келеді. Дайындық өте жақсы. Мақсатымызды абыроймен орындау ғана қалды", - деп қоса кетті Артем Захаров.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу