Он баласы бар отбасы мемлекеттен 100 мың теңге ала ма?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8647

Көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге 23 жасқа дейін жәрдемақы беріледі. 

Он баласы бар отбасы мемлекеттен 100 мың теңге ала ма?

Елімізде көпбалалы 343 мың отбасы бар. Олардың 61%-ы - төрт, 27%-ы - бес, 9%-ы - алты, қалған 3%-ы - жеті және одан көп бала тәрбиелеп отыр. Бұйыртса, келесі жылдан бастап жоғарыдағы санатқа жататын отбасылардың барлығы кәмелетке толмаған 4 және одан көп баланың санына байланысты мемлекеттен жәрдемақы алады. Ерекше атап көрсетерлігі, жәрдемақы көпбалалы отбасыларға табыс көлеміне қарамай тағайындалады. Күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы ұл-қыздары 23 жасқа толғанға дейін беріледі.

Естеріңізге салайық, таяуда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамай төленетіні туралы мәлімдеме жасады. Сонда ол 42 500 және 73  370 теңге деген нақты екі соманы атап айтты.

"Мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі 42 500 теңгеден 73 370 теңгеге дейін сараланған мөлшерде тағайындалады", – деді Біржан Нұрымбетов.

Бұл әр балаға ай сайын 10-11 мың теңге шамасында мемлекеттік жәрдемақы беріледі деген сөз.

Аңғарсаңыздар, Біржан Нұрымбетов 4-7 балаға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін жариялап отыр. Ол 8-10 немесе одан көп баласы бар отбасылардың мемлекеттен қанша жәрдемақы алатынын нақтылаған жоқ.

Халықтың көкейіндегі сұрақты министрге журналистер қойды. Олар Біржан Нұрымбетовтен 10 баласы бар көпбалалы отбасылар мемлекеттен 100 мың теңге жәрдемақы ала ма деп сұрады. Бұған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: "Мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан, барлық көпбалалы отбасына беріледі. Әр балаға орта есеппен алғанда 10-11 мың теңге төлеу жоспарланған. Қазына қаржысының мүмкіндігін ескере отырып,  әзірше 7 және одан көп баласы бар отбасыларға 73 370 теңге төлеген дұрыс деп отырмыз", – деп жауап берді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу