Он боксшымыз жартылай финалда

1415

Жастар арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар сәтті өнер көрсетуде.

Он боксшымыз жартылай финалда

Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан Жастар арасындағы Әлем чемпионатының ширек финалдық кездесулері өз мәресіне жетті. Бұл жарыста ел намысын қорғаған жиырма боксшының оны жартылай финалға шықты.

Ширек финалда Айшагүл Елеубаева (54) ринг қожайыны Каролина Ампульскаяға, ал Гүлнар Тұрапбай монғолиялық боксшы Құлан Алтанбекке есе жіберді.

75 келіде өнер көрсеткен Дана Дидай өзін тамаша қырынан танытты. Ол өзімен салыстырғанда ірі денелі әрі ұзын бойлы венгриялық боксшы Богларка Варгаға қарсы рингке шықты. Кездесу Дананың қарсыласының жеңісімен, 3:2 есебімен аяқталды. Алайда қазақстандық бапкерлер  жекпе-жектің нәтижесіне наразылық білдіріп, төрешілерден оны қайта қарауды талап етті.  

Бұл талап қанағаттандырылды. Нәтижесінде Дана Дидай мен Венгрия өкілі Богларка Варга арасындағы жекпе-жектегі жеңіс Данаға берілді. Енді қазақстандық боксшы жартылай финалда Өзбекстан өкілі Сохиба Рузметовамен кездеседі.

Мәди Әміров (91) үнді боксшысы Вишал Гуптамен жұдырықтасып, бірінші раундты керемет өткізді. Бірақ үзілістен кейін не болғаны белгісіз, Әміров өзінің жауынгерлік рухын мүлдем жоғалтқандай болды. Ал үнді боксшысы  шабуылды үдетіп, қарқынын арттырды. Нәтижесінде жекпе-жек 2: 3 есебімен Гуптаның пайдасына аяқталды.

Ширек финалда жекпе-жекке шыққан қазақстандықтардың қалған бөлігі қарсыластарына қарағанда керемет ойын өрнегімен көзге түсті. Жылдам сериялы жекпе-жектеріне байланысты "пулеметші" лақап атына ие болған Санжар Ташкенбай (49) 5: 0 есебімен өзбек боксшысы Иброхим Ишжоновты жеңді.

Сонымен қатар қазақстандық боксшылары кубалықтарды тізе бүктіріп, екі маңызды жеңіске қол жеткізді. Ерболат Сабыр (56) Сейдел Хортаннан 3:0 есебімен, ал Сабыржан Аққалықов (64) - Дариен Фавьер Кастродан 4: 1 есебімен басым түсті.

Ал 75 келіде сынға түскен Диас Молжігітов (75) ел қоржынын тағы бір медальмен толықырды. Ол литвалық Александр Трофимчукты 5:0 есебімен жеңді.

1/8 финалдағы жекпе-жекте қарсыласын төрт мәрте нокдаунға жібергенімен есте қалған Елнұр Сүйінбайға (60) бұл жолы тәжірибелі қарсылас тап болды. Ол бразилиялық Юри Дос Рейспен кездесті. Дегенмен Елнұр қарсыласының осал тұсын тауып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша қазақстандықтар ¼ финалдың нүктесін қойды.

Ал бүгін елорда уақытымен 18:00-де жартылай финалдық жекпе-жектер басталады.

Елорда уақытымен 18.00

А Рингі

5-жұп Жұлдыз Шаяхметова (60) - Дильфуза Бекова (Өзбекстан)

8-жұп Жасмин Кизатова (69) - Барбара Марцинковска (Польша)

10-жұп Әсел Сағатова (81) - Ксения Олифиренко (Ресей)

В Рингі

7-жұп Дана Дидай (75) - Сохиба Рузметова (Өзбекстан)

10-жұп Елдана Талипова (+81) - Дарья Козорез (Молдова)

Елорда уақытымен 22.00

А Рингі

2-жұп Санжар Ташкенбай (49) - Бишвамитра Чонгтам (Үндістан)

3-жұп Ерболат Сабыр (56) - Алексей Шендрик (Ресей)

5-жұп Сабыржан Аққалықов (64) - Анкит Нарвал (Үндістан)

7-жұп Диас Молжігітов (75) - Михаил Усов (Ресей)

В Рингі

3-жұп Елнұр Сүйінбай (60) - Джон Оробио (Колумбия)

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу