"Тараз" футбол клубы Премьер-лиганың 18-турында қарағандылық "Шахтерден" жеңіліп қалды. Талғардағы Ұлттық құраманың базасында өткен кездесу 2:4 есебімен аяқталды. Бұл ойында хет-трикті де, қызыл қағазды да көрдік
Матчтың 3-минутында "Тараз" шабуылшысы Серж Ньюадзи өз айып алаңында қолмен ойнағаны үшін қызыл қағаз алды. Нәтижесінде "Тараз" алаңда он футолшымен қалды. Ал Хубулов пенальтиден мүлт кетпеді. 28-минутта Хубулов дубль авторы атанды. Ойынның 40-минутында "Тараз" қақпашысы Мұхамеджан Сейсен қателік жасап, өз қақпасына гол соғып алды.
58-минутта Хубулов хет-трик жасады. Ал 73-минутта қосалқы құрамнан алаңға қосылған Абылайхан Жұмабек көзге түсті. Араға бір минут салып Тони Сильва өз командасының екінші голын соқты. "Шахтер" осы жеңістің арқасында 23 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. "Тараз" 17 ұпаймен сегізінші орында қала берді.
Қостанайлық "Тобыл" бүгін петропавлдық "Қызыл-Жарды" минималды есеппен жеңді. Тимур Сегізбаев атындағы стадионда өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. "Тобыл" үшінші орында тұрған "Астанадан" бес ұпайға озып кетті. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды Темірлан Ерланов Джаба Канкаваның пасынан кейін соқты. Бұл жеңістен кейін "Тобыл" 32 ұпаймен екінші орынын сақтап қалды. "Қызыл-Жар" 16 ұпаймен тоғызыншы орында тұр.
Көкшетаулық "Оқжетпес" Премьер-лиганың 18-турында Талдықорғандық "Жетісу" командасынан жеңіліп қалды. Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында өткен матч 0:1 есебімен аяқталды.
Ойынның 21-минутында "Жетісу" ойыншысы Ненад Адамовичтің соққан голы командасына жеңіс сыйлады. Одан бөлек, 86-минутта "Оқжетпес" футболшысы Алексей Гаврилович қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Үш ұпай еншілеген "Жетісу" турнирлік кестеде 22 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді. Ал "көкшетаулық команда 11 ұпаймен соңғы орында тұр.
Ермұхамед Мәулен