Оңалту орталығында орын тапшы

Аутизмге шалдыққан балалар саны көбейіп барады.

Оңалту орталығында орын тапшы Фото: Валерий Бугаев

Өкінішке қарай, жыл санап елімізде психологиялық-неврологиялық сырқаты бар балалар қатары артып барады. Оларды оңалтып, қоғамға бейімдеу үшін арнайы мамандар жұмыс істейтін орталықтар керек-ақ. Алайда бүгінде мұндай мекемелер аздық етеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 9 мыңға жуық балаға аутизм диагнозы қойылды. Ал бейресми мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 30 мыңнан асады. Яғни, осынша баланың сырқаты бар. 

Олардың ішінде 500-ге жуық бала Павлодар облысында тұрады. Жалпы, бұл өңірде 1 мыңнан астам баланың психологиялық-неврологиялық дерті бар екені анықталған. Соның арасында 477 балада аутизм белгілері байқалады. Бұл – тек ресми дерек. Мамандардың сөзінше, бейресми жағдай аутизмге шалдыққандардың саны бір мыңнан асатынын көрсетіп отыр. 

Мұндай сырқаты бар кейбір балаларға үй жағдайында көмек көрсету жеткілікті болса, енді бірі міндетті түрде оңалту орталығында ем-дом қабылдауы керек. Өкінішке қарай, барлығының бірдей бұған мүмкіндігі жоқ. 

"Шыны керек, бастапқыда балама мұндай диагноз қойылғанда қабылдай алмадым. Оны түсіну үшін де біраз уақыт керек болды. Кейін мамандармен ақылдасып, оңалту шараларын бастадық. Қазір жағдайы аз да болса жақсарғанын байқаймын. Ендігі ретте оның басқа қатарластары сияқты оңалту орталығына барып, сол жерде ем қабылдағанын қалаймын. Бірақ, білуімше, бұл орталықта орын аз. Сондықтан жеке маманның кеңесіне жүгініп отырмыз", - дейді Анар есімді ана.

Шынымен, облыс орталығында ашылған аутизмі бар балаларға арналған оңалту орнына сұраныс көп, орын аз. "Қамқорлық қоры" қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған бұл орталықта АВА-терапия, эрго-кинезиотерапия секілді қызметтер кеңейтілген түрде көрсетіледі. Тәрбиешілер халықаралық технология бойынша жұмыс істейді. Тек бұған бәрінің бірдей қолы жетпейді. Қазір мұнда бір уақытта тек 50 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Ал кезекте тағы 150 бүлдіршін тұр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова қазіргі уақытта күніне кем дегенде тағы 50 баланы қабылдау үшін мекемені кеңейту жоспарланып отырғанын айтты. 

Бұл күнді аудан-қалалардағы ата-аналар тағатсыздана күтіп отыр. Себебі аймақта аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығы әзірше біреу ғана. 

"Біз облыс орталығынан 150 шақырым жерде тұрамыз. Баланы күн сайын қалаға әкелу қиын. Ұлымыз жолды көтере алмайды. Күнде таксилетіп жүру де қалтаға салмақ салады. Сондықтан облыс орталығынан пәтер жалдауға тура келді. Оның ай сайынғы ақысы – 120 мың теңге. Бұл – біздің отбасы үшін қомақты сома. Бірақ баланың жағдайы жақсару үшін оның да амалын қарастырып жатырмыз. Егер осындай орталық ауданымызда болса, әлдеқайда қолайлы болатын еді", - дейді Римма Ахметова есімді ана. 

Жергілікті билік бұл түйткілді де тарқатудың жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Мәселен, Екібастұз қаласында орталық ашуға лайық ғимарат табылған көрінеді. Ал, Ақсу қаласы мен өзге аудандарда бұл мәселе әзірше ашық күйінде қалып отыр.

"Балаларын орталыққа аудан-қалалардан әкелетін ата-аналар бар. Оларға күн сайын жол жүру оңай емес. Баспана мәселесі тағы ауыртпалық салады. Оны жақсы түсінеміз. Сондықтан аудан орталықтарында оңалту мекемелерін ашуды қарастырып жатырмыз. Тым құрығанда екі ауданға ортақ бір орталық ашқымыз келеді", - дейді Альмира Дисюпова. 

Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы психо-неврологиялық орталықтағы орындар санын көбейту керек. Мұнда балалар күндізгі стационарда ем-дом алады. Тәулік бойы орталықта тұратын балалар да бар. Бірақ оларда да орынның барлығы толық. Сондықтан қазіргі 51 орындық мекеменің жанынан қосымша ғимарат салынып жатыр. Ол келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Мұнда балалардың қоғамға бейімделуі үшін спорт, мәжіліс залдары да толығымен жабдықталады. Аталған мекеме 6-18 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Ал мектепке дейінгі топ әзірше жоқ. Оны да уақыт оздырмай ашу – ата-аналардың сұранысы. Жыл сайын мұндай сұраныстың артып жатқаны өкінішті... 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу