Борттан қандала жәндігі табылған соң әуе кемесі ұшуын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жәндіктер Boeing 787 Dreamliner ұшағынан анықталған. Осыған дейін Италия астанасына қонған рейстің жолаушылары қандала шағып алғанына шағымданған еді. Аустралиялық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бортсеріктер жолаушылардың кейбіріне аллергияға қарсы дәрі де берген.
Ұшақ қонғаннан кейін арнайы өңдеуге жіберілді. Qantas өкілдерінің мәліметінше, қандала эконом-кластағы бірнеше орындықтан табылған. Тоқтатылған рейстің жолаушылары қонақүйлерге орналастырылып, басқа ұшақтарға қайта отырғызылды. Әуе компаниясы олардың барлығы 48 сағат ішінде сапарын жалғастырғанын хабарлады.
Жәндіктердің ұшаққа қалай түскені әзірге белгісіз. Болжам бойынша, олар жолаушылардың жүгімен немесе киімімен бірге келуі мүмкін. Qantas әуе компаниясы ұшақтардың тұрақты түрде тазаланып, дезинфекциядан өтетінін атап өтті.
Десе де, бұл жолы әуе кемесін уақытша пайдаланудан шығаруға тура келген.