Өндірістік аймақ көмірмен емес, қоқыспен жылынбақшы

Бек Темір Бек Темір
18528

Халықаралық ЭКСПО көрмесі павлодарлықтар үшін елімізде әлі қолданысқа енгізілмеген әрі  сирек инновациялық  тың жобаларға жол ашты.

Өндірістік аймақ көмірмен емес, қоқыспен жылынбақшы

Польша, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Мысыр, Франция, Израиль, Біріккен араб әмірліктері секілді елдердің бизнес өкілдері Павлодар облысының өндірістік әлеуетінен бірлесе табыс табуға ниет білдіріп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко мәлім етті. 

Қазіргі күні көршілес Қытай елімен арадағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты түрлі іс-шаралар қолға алынған. Солардың бірі – көмір химиясы. Жақында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен жасақталған павлодарлық делегация аспан асты еліне жасаған сапары кезінде Қытайдың көмір қоры мол жинақталған негізгі аймағы саналатын Хычин мен Екібастұз қалалары арасында өзара тиімді келісімшарттарға қол қойды. Ол іскерлік, мәдени және туризм саласына қатысты келісімдер. Соның ішінде екі тарап Қазақстанда пайдалы қазбаны терең өңдейтін көмір химиясын дамытуға қатысты уағдаласты. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычконың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда қытайлықтар көмірден кокс, газбен қатар басқа он шақты өнім шығарады екен. Яғни көмірді терең өңдеу технологиясы өз жемісін беруде. Еліміздегі шахталар шоғырланған Екібастұз қаласына аталмыш технологияларды енгізу тек қана өндірістік емес, сол секілді экономикалық тұрғыдан тиімді әрі қолда бар қатты отыннан түрлі химиялық пайдалы заттар алуға мүмкіндік ашады. Желтоқсан айында қытайлық мамандар Екібастұз шаһарына ат басын бұрып, кен орындарын аралап, отандық көмірдің құрамымен таныспақ ниетте. Бұл ғылыми тұрғыда жергілікті пайдалы қазбадан қандай өнім шығару тиімді екндігін пысықтау үшін қажет. Егер екі тарап ортақ мәмілеге келіп, екібастұз көмірін кәдеге жаратуға уағдаласса, алдағы жылдары көмірді тек қана отын ретінде пайдаланбайтын боламыз деген сенім бар. Одан графит, нейлон, бензол секілді өнімдер алуға қол жеткізіледі. Ол үшін әрине уақыт қажет.

Павлодар облысының инвестиция тарту агенттігінің директоры Әнуар Мұқышевтің сөзіне қарағанда, халықаралық көрме кезінде ғылыми технологияның құлағында ойнайтын елдермен он бес келісімшарт жасалған екен. Олардың арасында лэд-жарықтандыру, механикалық жолмен жарықтандыралатын жаяужолдар, өндіріске қажетті қосалқы бөлшектер секілді жобалар бар. Солардың ішінде Шідерті ауылында жел электр станциясын салу көзделуде. Еліміз бойынша жел генераторлары Ерейментау қаласында салынған. Алдағы күндері Шідертіде де осындай құрылғылар пайда болады деген жоспар бар. Аталған аймақтың таңдалуы тегін емес. Ғылыми зерттеулер көрсетіп отырғандай, Шідерті жел дәлізінде тұр. Табиғи энергия көзі саналатын жел генераторларын Түрік елінің мамандары орнатпақшы. Олар түрлі сараптамалық негіздер жасап үлгерген. Өңірде жұмыс істеуді құп көрген түркиялық инвесторлар пайдаға кенелуге емес, "жасыл энергия көзін" ашқан жобалары үшін бірінші кезекте еуропалық гранттарды иеленуден үмітті. Аталмыш құрылғылар келер жылы орнатылады деген жоспар бар. Олардың өндірістік қуаттылығы туралы әзірге сөз бола қойған жоқ.

Павлодарға қызығушылық танытып отырған елдердің тағы бірі – Польша. Бүгінгі таңда ауыл және өсімдік шаруашылығына ден қойған олар аймақта тағы да екі жылыжай салуды жоспарлауда. Негізінен қыста қызанақ өсіруге бағытталған аталмыш жылыжайлар бойынша қазір келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына да қызығушылық танытуда. Қазірдің өзінде Павлодар қаласы әкімі және польшалық компания арасында қазандықтар жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылған. Аталмыш қазандықтар биоотынмен жылытылатын, аз отынмен көп жылу беретін қондырғылар болып табылады. Николай Дычконың айтуынша, жыл он екі ай бой қала сыртындағы қоқыс полигондарына мыңдаған тонна тұрмыстық қоқыстар төгіледі. Ал үстіміздегі қыста әкелінетін қазандықтарға сол қоқысты отын ретінде пайдалануға болады. Бұл тәжірибе польшалық қалаларда кеңінен қолданылады екен. Бір сөзбен қайырғанда, сенбіліктер сайын тонналап төгілетін ағаш кесінділері, жапырақ секілді қоқыстардан  құтылудың әдісі табылды. Ендігі мәселе, сол қоқысты отын ретінде дайындайтын кәсіпорын ашу.

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу