Өнер жұлдыздары сот үкіміне қарсы

3555

Болашақ актёр үшін шырылдап, араша сұраған өнер адамдары әлеуметтік желіні шулатты. 

Өнер жұлдыздары сот үкіміне қарсы

23 жастағы студент Әліби Өтепберген жазғы демалысында қосымша табыс табу үшін Ақтөбедегі балалар легерінде тәлімгер болған. Бірақ бес күннен кейін тағдырына балта шабылған студент ұзақ жылға  темір тордың ар жағынан бір шықты. Болашақ актёр үшін шырылдап, араша сұраған өнер адамдары әлеуметтік желіні шулатты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Шабыт" өнер университетінің студенті Әліби Өтепберген қазір қатаң режимдегі абақтыда қамауда отыр. Оған жасөспірімдерді азғындыққа итермеледі деген айып тағылған.

Лагерь тәлімгерін 10 жылға бас бостандығынан айырған сот үкімінің соңы дауға айналды. Өнер жұлдыздары желі арқылы араша сұрап, сот үкіміне күмән келтіруде.
Олардың қатарында Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы  да бар. Ол сотты болған шәкірті туралы естігенде жылап алғанын жасырмайды. Карантин болмаса арыз жазған әр ата-ананың үйіне   барып, кешірім сұрауға дайын екенін жазды.

"Құрметті арызын қайтып алмаған ата-аналар, сіздерден басымды иіп тұрып өтінемін. Мәселеге бір жақты емес, жан-жақты қарап, саралап, ойға салып, арыздарыңызды қайтарып алсаңыздар екен деген аналық өтінішім бар... Жазып отырып, көзімнен жас тоқтамай отыр. Өйткені алдымыздағы әр шәкірт баламыздай ыстық. Адам түгілі, жәндікке зиянын тигізбейтін Әліби дәл мұндай сынаққа душар болды дегенде шыны керек, біразға дейін біртүрлі сезімде болдым. Елімізде карантин болмағанда әрқайсыларыңызға барар едім, жеке-жеке өтінер едім",– дейді Мөлдір Мұқанова.
Мега жұлдыз Димаш Құдайбергеновтың анасы да Әлібиге араша сұраған топтың қатарында.

"Обал болды жас балаға. Менің Димашжаныммен қатар екен",– дейді Света Айтпаева.

Сотталушының өнердегі аға-апалары мен достары оған жазықсыз айып тағылғанына сенімді.   Бұл уәж қаншалықты ақылға қонымды? Жиырмадан енді ғана асқан студенттің дәлелсіз қамалғаны рас па? Тараптардың пікірін тыңдадық.

"Сот жабық түрде өтті. Інім жазықсыз жалған даланың құрбаны болып отыр. Оның жәндікке де зияны жоқ, жүрегі өте мейірімді. Ондай азғындыққа өлсе де бармайды. Әділетсіздіктің құрбаны болды. Әділдікті інім үшін шырылдап сұрай бермекпін. Оның орнайтынына сенеміз",– дейді сотталушының ағасы Алдияр.

Есейіп қалған шағында анасынан айрылған Әліби үшін оның достары да көмек сұрайды. Олар Ақтөбе қаласында жабық өткен қылмыстық іс қаралымына Нұр-Сұлтаннан арнайы келген болатын. Сот ғимаратының жанында Әлібидің туыстарына қолдау білдірген олар көмек сұруын әлі де тоқтатқан жоқ.

"Біз сот үкімімен келіспейміз. Оның мұндай әрекетке баруы мүмкін емес. Істе ешқандай дәлел жоқ. Анасы қайтқан соң ол нағашыларымен бірге тұрды. Әкесі туысқанымен тұрады. Өз күнін өзі көріп жүрген бала",– дейді бір топ группаластары.
Жағымсыз жайт тіркелген кезде  жәбірленуші  ата-аналар БАҚ өкілдерінен араша сұраған еді.

"7-отрядтағы өзіне ұнайтын кішкентай балаларға тиісетін болған. Балаларды түнде жатқызбаған. Кешкі сағат 9-да жатып болуы керек болса, бұлардың бәрін 10-ға дейін тұрғызып қояды екен. Кінәлінің заңмен жауапқа тартуын сұраймыз" деген ата-аналар қазір бұл жай туралы ойлағысы да келмейді. Бала түгілі үлкендер де ауыр психологиялық күйзелісте болғандарын айтты.

"Бізге де қиын. Сол жағдайды ұмытқымыз келеді",– деп қысқа қайырды жәбірленушінің анасы.

Естеріңізге салсақ, елді есеңгіретіп тастаған даулы оқиға 2019 жылдың 25 шілдесінде тіркелді.  "Ақтөбе-Восток" лагерінде демалып жатқан балаларын түнделетіп үйлеріне алып кеткен ата-аналар полицияға арыз түсірді. Кейін сол түні  лагерь ауласында ата-аналар түсірген видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Алғашында тәлімгердің үстінен жеті ер баланың ата-анасы шағым жазған болатын. Сотталушы бірден қамауға алынған жоқ. Тергеу, жауап алу кезінде лагерь тәлімгері изоляторға оқшауланды. Кейін арыздарын қайтып алған ата-аналар да болды.

4 жәбірленуші, 2 куәгердің жауабымен айыпты деп танылған Әліби Өтепберген ҚР ҚК-нің 124-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылды.

Жас балаларды азғындық жолға түсіретін әрекеттерге барды деп айыпталған тәлімгер жазасын барынша жоғары режимдегі абақтыда өтейді. Сот тергеу кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән жайлар анықталған жоқ деп санайды.

Ал сотталушының туыстары алдағы уақытта болатын апелляцияға дайындалып жатыр.

Өнер жұлдыздарының сезімге толы үндеулері қылмыстық істің апелляциялық қаралымына  әсер ете ме әлде үкім өзгеріссіз қала ма әзірге белгісіз.

Ардақ Ерубаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу