Бұл туралы Өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер осыған дейінгі экс-министр Қанат Шарлапаев утиль алымға қатысты ұстанымын ашық айтқанын жеткізді. Тілшілер Ерсайын Нағаспаевтан осы мәселеге қатысты көзқарасы қандай екенін сұрады.
"Қанат Бисембайұлы өте көп жұмыс істеді. Үкімет мүшесі, министр ретінде позициям Үкіметтікімен үндеседі. Сондықтан ешқандай өзгерістер болмайды", - деді Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Тілшілер "Отандық автоөндірісте эконом санаттағы ең қолжетімді түрі қаншадан болып жатыр? Ең төменгі айлық, яғни 85 мың теңге алатын қазақстандық отандық өндірістен ең арзан көлік сатып алу үшін қанша жыл ақша жинау керек?" деп нақтылады.
Бұл сауалға Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев жауап берді.
"Қазақстанда автокөлік өндірісімен 8 өнеркәсіптік кешен айналысады. Оның екеуі жеңіл автокөлік өндірісіне бағдарланған. Қостанайда және Алматыда орналасқан. Жеңіл өнеркәсіп бойынша олардың былтырғы өндіріс көлемі 134 мың болды. Ең төменгі санаттағы автокөлік құны 6 млн теңгеге жуық. (…) Жалақы мәселесі біздің министрліктің тікелей құзыретіне кірмейді. Бірақ математикалық тұрғыдан алсаңыз, 6 млн теңгені 85 мың теңгеге бөлесіз ғой", - деді Азамат Панбаев.