Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қадағалауды қысқарту қажет

Дана Иман Дана Иман
2687

Осы саланы реттейтін нормативтік қарама-қайшылықтар жемқорлық қаупін күшейтеді. 

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қадағалауды қысқарту қажет

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы кеңесінде Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Гүлнәр Құрманбаева еліміздегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қадағалайтын арнайы саланың 10 мыңға жуық талабы бар болса да, оның ешқандай мән-мағынасы жоқ екенін айтты.

"Өндірістік сипаттағы талаптардың басым бөлігі бақыланбайды. Бұған қоса мұнда өзге мемлекеттік органдардың талаптары қайталанады",  –  деді ол.  

Гүлнәр Құрманбаева осы салаға жетекшілік ететін ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен инвестиция және даму министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын жеңілдету мәселесін күн тәртібіне қойып жатқанын жеткізді.

"Біз үш мың талапқа сәйкес ортақ келісімге келдік. Осыған орай барлық нормативтік-құқықтық база талданатын болды. Биыл және келесі жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексеру парақшасына қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Тексеру парақшасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септесуі тиіс. Ең бастысы біз адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін боламыз", – деді Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры.

Ұлттық палата өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігін қадағалайтын салада нормативтік-құқықтық актілердің қарама-қайшылығы сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғанын анықтады.  Саладағы жемқорлыққа мемлекеттік инспекторлардың да қатысы бар екендігі бүкпесіз айтылды. Қазақстан Республикасының "Азаматтық қорғау туралы" заңының 39-бабына сәйкес, мемлекеттік инспекторлар ерекше жағдайда ғана соттың шешімінсіз кәсіпкерлердің қызметін тоқтатуға немесе оған тыйым салуға құқылы.

Тексеріс нәтижесі мен өнеркәсіп қауіпсіздігі туралы заңнаманың бұзылуын  реттеуге арналған ұсыныс хат арасындағы алшақтық та жемқорлардың жалғанды жалпағынан басуына түрткі болуы мүмкін.

Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу