Өнімдерін қымбаттатқан сүт алпауыттарының байбаламы негізді ме

5190

"Әлдекімдер әдейі антимонополияшыларға тапсырыс бергізіп, қудалатқызуда" деп қоғамдық пікірден дүмпу туғызып жатқан  "Зенченко" және "Родина" фирмаларының шынында мемлекеттен субсидия алу жөнінен чемпионға айналғаны белгілі болды.

Өнімдерін қымбаттатқан сүт алпауыттарының байбаламы негізді ме Фото: yujanka.kz

Өткен аптада Eldala порталында "Кто заказал "Родину" и "Зенченко" антимонопольщикам?" деген айғайлаған тақырыппен мақала жарияланды. Осыған ұқсас материалдар өзге порталдарда да қылаң берді.  Материалға қатысты пікір қалдырған адамдар Қазақстанның құзырлы органдарына біраз ауыр сөз айтып тастапты және қадағалаушы органдар өз жұмысын ары қарай жалғастыра берсе, онда ел сүт пен сүт өнімдерінсіз қалады деп кәдімгідей қорқытады.

Әрине, мұнысы асыра айтқандық. Себебі Қазақстанның Еңбек ері Иван Сауэр басқаратын "Родина" агрофирмасы" ЖШС-ы мен Қазақстанның Еңбек ері, атақты аграршы, марқұм Г.Зенченконың ұлына мұраға қалған "Зенченко и компания" командиттік серіктестігінен басқа елімізде 1 мыңнан астам сүт тауарлық фермасы және 170 сүт және сүт өнімдерін шығаратын өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Яғни, тіпті аталған қос компания өнім шығаруды доғарғанның өзінде ел ақсыз қалмайтын болса керек.

Сонымен бірге, "Зенченко" да, "Родина" да мемлекеттен кең қолдау көріп, ел қаржысынан мол демеуқаржы алатыны белгілі болды. Agroqogam мамандандырылған порталы субсидия тарататын Qoldau.kz порталының ашық деректерін талдай келе, 2018–2021 жылдарда ең көп қаржы алған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын анықтап, "ТОП-100: Қазақстанның субсидиялау чемпиондары" рейтингін түзді.

Agroqogam сарапшыларының дерегінше, мемлекет 4 жылда отандық өсімдік шаруашылығы саласындағы 100 ең ірі субсидия алушыға бюджеттен 140 миллиард теңгеден астам қаражат аударған. Портал бұл демеуқаржы тек қана өсімдік шаруашылығы бағытында берілгеніне назар аудартады. Яғни, ол алпауыттар басқа бағдарламалар мен қолдау бағыттарында да, мысалы, сүт өңдегені үшін субсидиялар алуы мүмкін.

Бұл ретте сөз болып отырған қос компания топ басына, рейтинг шыңына жақын.

Нақтыласақ, Ақмола облысындағы “Родина” агрофирмасы ЖШС аталған рейтингте 11-ші орынға шықты. Оған бюджеттен 2 млрд 142,6 миллион теңге субсидия беріліпті.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы “Зенченко и компания” командиттік серіктестігі 21-ші тұғырда тұр. Ол бюджеттен 1 млрд 593,4 миллион теңге субсидия алған. Яғни, мемлекетке өкпесі болмаса керек.

Негізі, сүт өнімдері дәстүрлі түрде халық үшін өмірлік маңызды өнім саналады. Сондықтан ең бірінші дәл осы тауарлардың қымбаттағаны бұқараның қабырғасына батады. Әлеуметтік желіде, әкімдіктер мен Үкімет мүшелеріне жолданған шағымдарда мемлекеттен мол қолдау көріп отырған сүт кәсіпорындарының бағаны шарықтатуына деген наразылықты аңғаруға болады.

Осы мәселеге қатысты қоғамдық пікірталасқа антимонополиялық органның мәлімдемесі серпін берді. Өткен жыл түгесілетін тұста, 30 желтоқсанда Астана қаласының монополияға қарсы департаменті нарық субъектілерінің сүт өнімдерін сату кезінде келісілген әрекеттерінің фактілері анықталғанын жариялады. Яғни, антимонополияшылар сүт алпауыттарының өнімдер бағасын өзара ымыраласып, келісіп белгілегенін әшкерелепті.

Бұл ретте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің астаналық департаменті елордалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының хаты негізінде бас қаладағы сүт өнімдерін: сүт, айран, сүзбе, тұзсыз сары майды көтерме саудада өткізуге талдау жасалды.

"Зерттеу қорытындыларына сәйкес, нарық субъектілері ішінен "Родина" агрофирмасы және "Зенченко и К" ЖШС-і 2020 жылдың наурыз айында және 2022 жылдың сәуірінде сүт өнімдерін өткізу бағасын бір мезгілде көтергені анықтады. Осылайша, департамент "Родина" агрофирмасына және "Зенченко и К" ЖШС-іне (сүт, айран және сүзбе) қатысты Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабында көзделген бағаларды белгілеу, ұстап тұру бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттердің белгілерін таныды. Аталған нарық субъектілерінде барлық сүт өнімдерін қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да бірдей екендігі анықталды", – деп хабарлады департамент.

Материалдар компаниялардың тіркелген жеріне орай Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумақтық антимонополиялық департаменттеріне сүт, айран және сүзбе бағаларын келісіп белгілеу бойынша шешім шығару үшін жолданды. Олар өз кезегінде кәсіпорындарға негізсіз көтерген бағаларын түсіруге 30 күн мерзім берген.

Егер нарық субъектілері белгіленген мерзімдерде әлгі әрекеттерін доғармаса, келесі аптада монополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім шығарады.

Компаниялар "қарсы шабуылға" көшкен секілді. "Зенченко и К" КС директоры Геннадий Зенченко журналистерге сұхбатында бағаны еселеп көтергенін мойындамады.

"Біздің өніміміз соңғы үш жылда 24 пайызға ғана қымбаттады. Осы уақытта инфляцияның қанша болғанын қараңыз! Малдың жемінен бастап, сүт қаптамасына дейін, барлығы қымбаттап жатыр. Біз бағаны инфляцияға қарағанда баяу көтеріп келеміз. Бізді бағаны ымыраласып көтереді деп айыптайды. Ал біздің бірнеше өңір бойынша таратушы дистрибьюторымыз бір. Сонымен бірге өнімімізді елордада да, Петропавлда да бірдей бағамен сатамыз. Астанаға бір жүк көлігін аттандыру үшін оған 12 мың теңге төлеу керек. Ол соманы да компания қалтасынан төлейді. Петропавл, Щучинск, Көкшетау, Астана – барлығында баға ұқсас. Астанадағы шенеуніктер провинцияда бағалардың елордадағыдан қымбат екенін білмейтін болса керек", – деді Г.Зенченко.

Оның айтуынша, ауыл, аймақтағы дүкендерде бүгінде сүттің 1 литрінің бағасы 1 мың теңгеге барады. Сондықтан ол астаналықтардың баға көтерілгеніне шағымданғанын әбес көрді. Мысалы, Зенченко компаниясының майлылығы 3,2% болатын 900 грамдық жұмсақ қаптамадағы сүті астаналық дүкендерде орта есеппен 392 теңгеден сатылады.

Кәсіпорын басшысының мәліметінше, "Зенченко и К" сүтін Астанаға жеткізу кезінде оның өзіндік құны 275,09 теңгеге жетеді екен.

Жалпы, сүт кәсіпорындары халық кең тұтынатын осы тауарларын ары қарай қымбаттататынға ұқсайды.

"Егер бағаны ары қарай көтермесем, онда менің зауытым менің проблемама айналып кетеді. Сүт өндіру тиімсіз болып қалады. Біз не, елдегі соңғы кәсіпорынды жауып тынуға бет алып барамыз ба? Барлығы әлгіндей ұлы антимонополияшылардан басталады", – деді Г.Зенченко.

Сүт алпауыттарының ұстанымы белгілі: әрекеттерімізде ешқандай бұзушылық жоқ, демек жоятын да ештеңе жоқ.

Экономист Марат Ерғозин биліктің бизнеске қысымын да, сонымен бірге кәсіпорындардың бассыздығын да қолдауға болмайтынын айтады.

"Нағыз нарықтық мемлекетте билік органдары бизнестің бағасын реттеуге араласпауға тиіс. Бірақ сүт кәсіпорындарын бақылаусыз жіберуге болмайтынын да түсінемін. Былайғы жұрт түгіл, сарапшыларға да олардың бағалары қалай қалыптасатынын, нендей құрауыштардан тұратынын түсіну қиын. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде Қазақстанда қораптарда табиғи сүт қалмады деуге болады, Қытайдан құрғақ сүт, өсімдік майларын әкеліп, қосады. Онысын қаптамасында ашып жаза бермейді. Сондықтан Ресей 2018 жылы "Сүттің және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техрегламентті енгізіп, Еуразиялық одақ аясында табиғи емес сүтті "сүт" деп атауға тыйым енгізбек болғанда, біздің сүт өңдеу кәсіпорындары шулап қоя берді. Сол себепті одақ аясындағы бұл талаптың енгізілуіне Қазақстан Үкіметі қарсыласып келеді. Әйтпесе, қазақстандық барлық сүт атаулы техрегламентке сәйкес, "құрамында сүті бар өнімге" айналып шыға келетін еді. Қазір оны сүт деп бұлдап жатыр", – деді экономист.

Сүт өнімдеріне жоғары талап қоятын ЕАЭО техникалық регламенті одақ аясында 2018 жылы іске қосылуға тиіс еді. Алайда Қазақстанның сүт одағы отандық кәсіпорындардың ешқайсысы жаңа стандарттар мен талаптарға көшуге дайын еместігін мәлімдеді. Нәтижесінде, ЕАЭОның "Сүттің және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" 033/2013 техрегламентін енгізуді республика 2025 жылға дейін шегерте алды. Соған дейін қазақстандық кәсіпорындар өнім сапасын көтеруге тиіс еді. Межелі күнге екі жыл ғана қалды. Сүт кәсіпорындары сапаны емес, әзірге тек бағаны көтерумен әлек.

Қазақстанда өңдеуге қабылданатын сүттің шамамен 50% Еуразиялық одақтың техникалық регламенттерінің нормалары сәйкес келмейді. Үкімет сүт алпауыттарының қысымымен ол талаптарды енгізуді онсыз да 3 рет кейінге ысырды. Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, одақ стандарттары күшіне енгенде, Қазақстанда сүт зауыттары қорасында мал ұстайтын ауылдықтардан сүт қабылдай алмай қалады. Бүгінде ауылдықтар зауыттардың қажетті сүт шикізатының 35–40%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұл шамамен жылына 500–600 мың тонна сүт.

Мемлекет ауылдықтарды тегіс сүт тауарлық кооперативтерге біріктіре алмады. Сонымен бірге отандық сүт өңдеушілер де ресейлік әріптестері сияқты өз жанынан жоғары талапқа сәйкес келетін сүт фермаларын дамытуға мән бермеді.

Салдарынан, алдағы сынға мемлекет те, бизнес те дайындалып үлгермейтінге ұқсайды. Бұл тұрғыдан алғанда, сүттің бағасы – салада қордаланған және болашақта оны тұйыққа тіреуі ықтимал алапат проблемалар мұзтауының ұшы ғана болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу