Өңірлердің қарыз лимиті қысқартылды

2686

Қарыз лимиті қайта қаралды. 

Өңірлердің қарыз лимиті қысқартылды

Ұлттық экономика министрлігі жергілікті әкімдіктерге алуға болатын қарыздың лимитін қысқарту туралы бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Құжаттың толық атауы – "Жергілікті атқарушы органдар борышының 2021 жылға арналған лимиттерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы № 73 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы бұйрық.

"Жергілікті атқарушы органдар борышының 2021 жылға арналған лимиттерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы № 73 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:көрсетілген бұйрықпен бекітілген жергілікті атқарушы органдар борышының 2021 жылға арналған лимиттері осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын",– делінген құжатта.

Аталмыш қосымша бойынша өңірлердің басым бөлігіне жылдық қарыз лимитін қысқарту керек.

Нақты айтсақ, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының қарыз лимиті ғана ұлғайтылған.

Малды ауылдары жұтап, мұнайлы өңірлерде қайта-қайта қарсылық шаралары өтіп жатқан, COVID-19 індетіне қарсы вакциналау қарқыны ең төменгі көрсеткіште қалып келе жатқан Маңғыстау облысына былтыр белгіленген 65,2 млрд теңгенің орнына 68,7 млрд теңге қарыз рәсімдеуге рұқсат беріліп отыр. Соңғы жылдары құрылыс қарқын алып, түркі әлемінің туристік орталығы болады деген ұранмен миллиардтап ақша құйылып жатқан Түркістан облысының қарыз лимиті 20 млрд теңге ұлғайтылып отыр. Былтыр 174,4 млрд теңге болса, биыл –194,5 млрд теңге.

Ел орталығы Нұр-Сұлтан қаласының қарыз лимиті былтыр белгіленген межеден 10 млрд теңгеге көбейтіліп, 204,8 млрд теңге болды. Ал Шымкент қаласының лимиті 116,9 млрд теңгеден 119,3 млрд теңгеге өсірілді. Бұл былтыр бекітілген шектен 2,4 млрд теңге көп.

Қалған облыстардың бәрінде қарыз лимиті қысқартылған. Әсіресе, борыш алу лимиті Ақтөбе облысы үшін 7,3 млрд, Алматы облысы үшін 9,6 млрд,  Қарағанды облысы үшін 10,4 млрд,  Шығыс Қазақстан облысы үшін 6,9 млрд теңгеге түсірілген. Шегерілген және ұлғайтылған лимиттердің бәрін қосып есептегенде, бүкіл өңірлер бойынша қарыз лимиті шамамен 35,5 млрд теңгеге  қысқартылған.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу