Онкологиялық орталық дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін

Елордалық клиниканың "СК Фармация" алдындағы қарызы 2,7 млрд теңгеге жеткен.

Онкологиялық орталық  дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін

Нұр-Сұлтандағы онкологиялық орталық қомақты қарызынан құтылмаса, дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осылай деп дабыл қақты. Бес жылдан бері дәрі өндірушілерге алған өнімінің ақысын төлемеген клиника енді қала әкімдігіне қол жайып отырған көрінеді.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы онкологиялық орталық – коммуналдық мекеме. Сондықтан, қала әкімдігіне қарайды. Мемлекеттік клиника болғандықтан, оның барлық қарыздары бойынша бірінші кезекте  қала әкімдігі жауап беруі тиіс. Орталық "СК-Фармация" компаниясына қарыз. Елімізде барлық дәрі-дәрмекті осы компания сатып алып, жеткізетінін білесіздер. Қазіргі күнде орталықтың қарызы 2,7 млрд теңгені құрайды.  Бұл сома соңғы 5 жылда қалыптасқан. Бес жыл көлемінде онколоиялық орталық дәрі-дәрмек үшін ақша төлеп жатқан жоқ. Сонда "СК Фармация" дәріні тегін жеткізіп келеді деуге болады", - дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда, онкологиялық орталық көрсеткен қызметі үшін төленетін қаржыны Медициналық сақтандыру қорының есебінен ұдайы алып отырған. Қаржыландыру үзілмегенін ескерсек, қарыз қайдан пайда болды деген сауал туындайды.

"Яғни бюджет қаржысын асыра шығындау бар деген сөз.  Өкінішке орай, клиниканың басшылығына қатысты әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылмай отыр. Сот "СК Фармация" компаниясын "Самрұқ Қазына Фармация" алдындағы қарызды төлеуге міндеттейтін қаулы шығарды. Ал "СК Фармация" клиникалардан тиесілі ақшаны толық алмағандықтан, дәрі-дәрмек өндірушілердің  алдындағы қарызын өтей алмай отыр. Бұған дәрі өндірушілер наразы. Олар ақша төленбейтін болса, дәрі жеткізуді тоқтатуы мүмкін.  Бұл жерде жүйе қалай жұмыс істейді? Біз ауруханалардан дәрі-дәрмек тапсырысын аламыз.  Оны біз зауыттардан сатып аламыз.  Дәрі ауруханаларға алдын ала төлемсіз жеткізіледі.  Аурухана көрсеткен медициналық қызметінің ақысын алады да "СК Фармацияға" аударады. Ол  өз кезегінде  фармацевтикалық зауыттарға дәрі ақысын төлейді", – деп түсіндірді Елжан Біртанов.

Елордалық клиниканың басындағы мүшкіл хал елдегі бірқатар емханаға тән көрінеді. Мұны да министр айтты.

"Қазақстан бойынша мемлекеттік клиникалардың "СК Фармация" компаниясының алдындағы қарызы 17,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл тәуекел  қазір дәрі жасаушыларға төне бастады. Біз клиникалардың шығындарына мониторинг жүгізіп келеміз. Кейбір позициялар бойынша шектен тыс шығын бар.  Оны үнемделген ақшамен жауып отырамыз.  Бұл орталықтың мәселесі созылмалы деп айтуға болады.  Қарыз жергілікті бюджет есебінен төленуі керек деп санаймын.  Кеше өзім тікелей барып  ісікке қарсы дәрі-дәрмек жеткізу тоқтатылмасын деген тапсырма бердім. Ендігі жерде жауапкершілік мәселесін қараймыз. Өйткені клиника қызметкерлері айлық алып отыр. Коммуналдық және әкімшілік шығындары төленген. Ал емделушілер зардап шегуде.  Әкімдік клиниканың меншік иесі ретінде кепілхат ұсынуға міндетті.  Өзі тағайындаған басшының қызметінк солар жауап береді", – деді денсаулық сақтау министрі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу