Онкологияның басты емі – менеджмент

4542

Менеджмент нашар болса, ешқандай елде даму болмайды. 

Онкологияның басты емі – менеджмент

Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) Президенті, Иорданияның жоғары мәртебелі ханшайымы Дина Майред Қазақстанға келген сапарында қатерлі ісікке қарсы күресте денсаулық сақтау саласының менеджментін жетілдірудің маңыздылығын сөз етті.

"2002 жылдан бергі Иордания мен Қазақстандағы онкологиялық ахуалды алып қарайтын болсақ, алаңдауға тұрарлық ахуал қалптасқан. Иордания корольдігінде де ауыр науқастар шетелге барып емделуде. Менің отбасымның мүшесі де қатерлі дертке шалдыққан еді. Ұлым лейкемиямен науқастанып, шетелге апаруға мәжбүр болдық. Алдымен Англияға, артынан АҚШ-қа апарып емдеткеннен кейін, обырға қарсы қор аштық. Ұлым қатерлі дертті жеңді. Қазір денсаулығы жақсы, жазылды. Жасы 24-ке келді",– деді Иордания ханшайымы.

UICC Президентінің айтуынша, технологиялар мен білім-ғылым дамыған қазіргі кезде жүйелі менеджмент құру – басты міндет.

"Бізде барлық құрал-жабдық, онколог дәрігер, қажетті маман бар. Осы жерде неге орталықтарымыз науқастарды құтқара алмауда деген сұрақ туындайды. Бұл  мәселе мені толғандырып,  АҚШ-та балалар онкология орталығына бардым. Көзіммен көріп, көкейіме түйгенім – елімізде керектің барлығы болғанымен, жақсы менеджмент, ұйымдастыру  жоқ.  UICC басшысы ретінде көптеген елдерді араладым. Мемлекеттердің бірінде өмір сүру деңгейі төмен болса, бірінде орташа.  Ал кейбір елдер өте бай. Алайда менеджмент нашар болса, ешқандай елде даму болмайды. Сол себепті, басты мақсатым – барған жерімде дұрыс менеджмент жайында айту",– деді Дина Майред.

Халықаралық обырға қарсы одақ президенті онкологиялық орталықтардың арнайы аккредиттеуден өтуіне айырықша тоқталды.

"Кез-келген елдің онкологиялық орталықтарының сапасы жоғары, әрі қауіпсіз болуға тиіс. Мысалы,  JCI тәрізді халықаралық ұйым денсаулық сақтау саласындағы үздік сапа, үздік емдеуді білдіреді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда JCI аккредиттеуінен өткен ұйымдар бар екенін айтты. Дегенмен онкологиялық ауруларды емдеу бойынша бөлек онкологиялық аккредиттеуден өту керек. Бұл өте маңызды", – деді Дина Майред.

Иорданиялық мейман Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар Саммитінің (World Cancer Leaders' Summit 2019) маңыздылығын да айтып өтті.

"Саммиттерге барғанда білім жинақтап, ең үздік сарапшылармен пікіралмасу қажет. Әр елден келген мамандар өз отанына барған кезде алған білімін жоспарлы түрде орындауы іске асыру керек. Осындай саммиттер жиі болып тұрса, онкология саласының мамандары арасында жаңа идеялар пайда болады",– деді жоғары мәртебелі ханшайым.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу