Оңтүстік Корея соты Қазақстан азаматына қандай жаза тағайындайды?

19335

Миына қан құйылған кәріс баланың жағдайы жақсарып келеді. 

Оңтүстік Корея соты Қазақстан азаматына қандай жаза тағайындайды?

Осыдан біраз бұрын Қазақстан азаматының Оңтүстік Кореяда көлікпен кішкентай баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткені және оның Павлодар қаласында жүргені жарияланды. Кейін ол тергеу іс-шараларына қатысу үшін Сеул қаласына оралды. Бүгін елорда да өтіп жатқан "Орталық Азия – Оңтүстік Корея" форумында ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров оқыс оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Қазақстан азаматы өз еркімен Сеул қаласына барды. Бұл іс Корея тарапымен келіссөз барысында жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта ол Чунбон қаласының тергеу изоляторында отыр. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Бүгін біздің консул тергеушімен, сонымен қатар азаматымызбен кездеседі. Оның барлық құқықтарының қорғалып, сақталуын қадағалап отырамыз. Адвокат мемлекет қаржысы есебінен Корея тарапынан ұсынылады. Егер өз қаражатына жалдағысы келсе, біз оған жақсы адвокат тауып береміз. Сондықтан қандай да бір қорытынды шығаруға әлі ерте деп ойлаймыз. Тергеу барысында барлық мән-жай анықталады, сот болады. Онда корея тарапы мәселенің барлығын қарастырады", – деді Айбек Смадияров.

Айта кетейік, шетелде оқыс оқиғаға тап болған Қазақстан азаматы 20 жаста.

Ол шет мемлекетте 7 жасар баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан да, Кореядан да кетіп қалған. Ал жол-көлік оқиғасына тап болған кішкентай баланың миына қан құйылып, бас сүйегі сынған.

Айбек Смадияровтың сөзінше, Қазақстан азаматына қандай жаза тағайындалатыны әзірше белгісіз.

"Бүгін Қазақстан консулы тергеушімен кездеседі. Бұл сұрақтың жауабы сонда анықталады", – деді Айбек Смадияров

Белгілі болғандай, Қазақстан азаматы Кореяда бір жылдан астам уақыт заңсыз жүрген.

"Ол оқиғаның күрделі екенін түсініп, өз еркімен Оңтүстік Кореяға қайтып оралды. Ал кореялық баланың жағдайы жақсарып келеді. Қазір өздігінен жүріп-тұра алады. Бәрі жақсы, сауығып кететініне сенімдіміз", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу