Оңтүстік Кореяда жыл сайын жоғары оқу орындарына түсу үшін бірыңғай тоғыз сағаттық емтихан өткізіледі. Ол адам өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі саналады. Биыл емтихан 19 қарашада өтіп, оған шамамен жарты миллион адам қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Сунунға аз уақыт қалғанда студенттердің бірі бухгалтерлерге арналған басқа емтиханды жасырын камера мен жасанды интеллект көмегімен ең жоғары балға тапсырғанын мәлімдеген. Осыдан кейін билік емтиханда көшірудің алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдады. Қатысушылардың смартфоны бар-жоғы мұқият тексеріліп, көзілдіріктері қаралды, Wi-Fi желісі өшірілді. Тіпті емтихан тапсырушылардың киіміндегі түймелерге дейін скотч жапсырылды.
Алайда бұл шаралардың кейбірі сунынға бір-екі күн қалғанда асығыс енгізілген. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындады. Жағдайды 72 жастағы білім министрі Чхве Гё Чжиннің технологияның қарқынды дамуына байланысты көшірудің жаңа тәсілдерін қадағалау өзіне жасына қарай қиын екенін айтқаны одан әрі ушықтырды.
Нәтижесінде сунын кезінде электрондық құрылғыларды пайдалануға қатысты 111 заңбұзушылық анықталды. Осы жағдайдан кейін министр отставкаға кететінін мәлімдеді.
"Емтихан елеулі оқиғаларсыз аяқталды. Дегенмен жауапты министр ретінде қоғам тарапынан сынға ұшырауым мүмкін екенін түсінемін. Біз қажетті дайындықты алдын ала тиісті деңгейде жүргізе алмадық. Емтихан аяқталған соң, болған жағдай үшін толық жауапкершілікті өз мойныма алып, отставкаға кету туралы шешім қабылдадым", – деп жазды Чхве Гё Чжин.