Оңтүстіккореялық инвесторлар мемлекет басшысының сынына ұшырады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3035

"Жарқын болашаққа бет алған ел сұр түстен құтылғаны жөн"

Оңтүстіккореялық инвесторлар мемлекет басшысының сынына ұшырады

Ашық аспандай көк, асыл алтындай сары, ардақты халқымыздың көңіліндей ақ. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана үшін осы үш түсті таңдады. Елбасының байламынша, бас қаладағы ғимараттар түсі үшін осы түстер қолайлы болады. Ал суық көрінетін түнерген сұр түсті заңғар тұрғын үйлерді қаптатып салып жатқан оңтүстіккореялық инвесторлар мемлекет басшысының қатты сынына ұшырады. "Бұл тұрғын үй кешендері емес, ішкі істер министрлігінің мекемелері сияқты...", –  деп бағалады елбасы. "Хайвилл Астана" компаниясының басшылығы аудармашы арқылы бұл түсті өзгертуге уәде етті.

ЕХРО-2017 жаһандық көрмесінің басталуына елу күннен де аз уақыт қалды. Бірақ шетелдік туристер ЭКСПО көрме-кешенінің ішінде қамалып қалмайды. Қызығын тамашалау, көрнекті жерлерін аралау үшін қалаға шығады. Міне, сонда еліміз олардың алдында ұятқа қалмауы қажет.

"Қонақ шақырған екенбіз, мойынды да жуған жөн! – деп көркем тілмен түйді Нұрсұлтан Назарбаев. – Бірқатар үйлердің қасбеттеріне қараңыздаршы! Міне, тіпті дәл Ақорданың алдында  плитка-қыштақталардың біразы түсіп-түсіп қалған, оған ешкімнің ісі жоқ (экраннан Үкімет үйінің айналасындағы күйреп жатқан баспалдақтардың, қыштақталары құлаған тұрғын үй кешендерінің фотосуреті көрсетілді автор). Жаз да келіп қалды, ал олар болса, әлі қирап жатыр. Осы ғимараттардың, нысандардың иелері тәртіпке келтіруге асықпайды, өйткені сұрау жоқ. Мен елорданың барлық әкімдеріне айтып келемін: қыс Арқада өте ұзаққа созылады. Қыста қалада жасыл желек қалмайды. Тек ғимараттар қасбеттерінің көңілді көтерер түстері ғана елорданы көркем етіп тұрады. Әлемде бұл бұрыннан ойлап табылған. Менің ойымша, көк, сары және ақ біздің қаламызға жақсы сәйкес келеді".

 Елбасы "бас қаланың ең жақсы мэрі" қандай болуы керектігін айтып берді. Осы орайда ол Әсет Исекешевтің кезінде индустрия және сауда, индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінде жүріп, тәжірибе жинауын күткенін, тек содан кейін ғана, дәл ЭКСПО-2017 өтер уақыт жақын қалғанда Астана әкімі етіп тағайындағанын әңгімеледі. Енді Әсет Өрентайұлы "Күлтегін" жазуында қашалғандай, "күндіз күлмей, түнде ұйықтамай", осы ғаламат жаһандық жобамыздың лайықты өтуіне тер төгуге тиіс.

Ал айтылған тапсырмалар айтылған жерде қалмауы үшін елбасы таңазанда Астананы аралап тұратынын ескертті.

"Қаланың жақсы мэрі таңғы сағат 5-те тұрады да, орынбасарларымен және аппаратымен бүкіл қаланы аралап шығады. Содан кейін жұмысқа келеді де: "Президент қазір аралауды бастағанша, бәрін түзетіп, тазартып, ақтап қойыңыздар!" – деп тапсырма жүктейді. Мен енді ЭКСПО-ға дейін таңертең шығып, алдымен бүкіл қаланы аралап шығамын. Бұл талап барлық облыс орталықтары мен қалалардың әкімдеріне қатысты. Қалабасы шаһардың қожайыны болуға, оны сүюге тиіс!" – деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.  

Ол қаланың дәл орталығында құлағалы тұрған көне үйлердің көптігіне Астана әкімі Әсет Исекешевтің назарын аудартты және елорданың жаңа және ескі орталығындағы барлық ескі үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй кешендері мен басқа да ғимараттарды салып шықпай, қала шетіндегі аумақтарды игеруге тыйым салу мәселесін қарастыруды жүктеді. Бұл қала маңындағы бос жатқан жерлерге қазіргі дағдарысты шақта жаңадан инфрақұрылым салу, алыстан инженерлік-коммуникациялық желі тарту проблемаларынан құтқарады. Орталықта ондай қажеттілік болмасы белгілі.

ЕХРО-2017 көрме-кешенінің объектілерінің құрылыстары мамыр айының ортасына қарай толық аяқталады екен. "Астана ЭКСПО-2017" басқарма төрағасы Ахметжан Есімов осыған сөз берді.  

"Қазіргі кезде көрменің 20 нысанының 18-і аяқталған. Екі нысан бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұлар – Конгресс-Орталық пен қонақ үй. Қонақ үйдің жобасы қайта пысықталды. Бұған қоса, сіздің тапсырмаңыз бойынша біз инвесторды тарттық. Нәтижесінде құны 20 млрд теңгеге азайтылды. Инвестордың салымын есепке алғанда, бюджеттік қаражаттар шығыны 30 млрд теңгеге қысқартылды. Конгресс-Орталық бойынша да сіздің тапсырмаңызға сәйкес, жобасы қайта қаралды. Бұл біріншіден, объектінің функционалдық мүмкіндіктері кеңейтілді. Екіншіден, шығыстары 9 млрд теңгеге төмендетілді. Осы екі объект құрылысы мамыр айының ортасында тәмамдалады", –  деді Ахметжан Есімов.

Оның айтуынша, бұл орталықта көрмелер, конференциялар, форумдар мен семинарлар өткізіледі.

Өз кезегінде елбасы ЭКСПО-2017 аясында өздерінің ұлттық павильондарын көруге келген мемлекеттердің басшылары Конгресс-Орталықта кездесетінін еске салды.

Айтқандай, бұған дейін "Сфера" Қазақстанның ұлттық павильоны деп аталып келген ЭКСПО-ның бас ғимараты енді "Нұр-Әлем" деп аталатыны мәлім болды.

Жалпы, бұл кеңесте елорданың өзекті проблемалары мен даму перспективалары, сондай-ақ халықаралық көрмені ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы еліміз бен халқымыз үшін алдағы "ЭКСПО-2017" көрмесінің маңыздылығын атап өтіп, шетелдік қонақтар мен Қазақстанның барлық өңірінен келетін туристерді қабылдауға жан-жақты дайындалу қажет екеніне назар аударды.

"Біз дайындықтың соңғы кезеңіне жеттік, ауқымды жұмыс атқарылды. Елорда көп адамды қарсы алуға дайын болуға тиіс. Инфрақұрылымды, қонақ үйлерді, мәдениет ошақтарын, қалалық қызмет көрсету мекемелерін әзірлеп қою қажет", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы, сондай-ақ әлемнің үздік қаласының біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

"Қаланың басқарудың барлық саласында қазіргі заманғы цифрлық технолог ияларды енгізу қажет. Үкімет Астананы цифрлық технологиялар енгізілетін негізгі алаңға айналдыруы керек. Менің тапсырмам бойынша, "ЭКСПО" аумағында IT-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылатын болады", – деді елбасы.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті қаланы Дубай, Гонконг, Сингапур қалаларының үлгісімен дамытуды және онда Еуразия кеңістігі ауқымындағы қаржылық және іскерлік хаб құруды тапсырды.

"Бүгінде Астанада шетелдік 2700 компания жұмыс істейді. Олар қала экономикасына 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Дегенмен, бұл ретте қолда бар мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Астана арнайы экономикалық аумағының әлеуеті жеткіліксіз пайдаланылуда. Елорданы одан әрі дамыту барысында урбанизация үрдісін ескеруге тиіспіз. 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны тағы 1 миллион адамға өсуі мүмкін. Бұл қала алдына үнемі жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ел-жұртты еңбекпен қамтамасыз ету міндетін қояды", – Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тұрғын үй секторын дамыту жайына арнайы тоқталып, үкіметке мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұрғандардың мәселесімен айналысуды тапсырды.

"Қала жалпы көлемі кем дегенде 2 млн шаршы метр болатын тұрғын үйлерді жыл сайын пайдалануға беріп отыруы қажет. Бас жоспарда болмауға тиіс заңсыз құрылыстарды, 15 мың бау-бақша учаскелерін сүру жұмыстарын жандандыру керек. Қаланың орталық аудандарын ескірген үйлерден тазарту қажет. Астана әкіміне елорда құрылысын ықшамдап салу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті тұрғын үйді жалға беру жөнінен "көлеңкелі" нарықтың белең алып отырғанына, үлескерлердің проблемаларына тоқталып, заманауи көлік инфрақұрылымын ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды.

"Туристік орталыққа айналу үшін Астананың әлеуеті жеткілікті. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елорда туризмін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысының кемшін тұстарына тоқталды.

"Қалада салынған көкөніс қоймасы, коммуналдық рынок, сауда павильондары желісі әлі де толық пайдаланылмай отыр. Мәселен, сегіз көкөніс қоймасының екеуі жұмыс істемейді, ал қалғандарының төрттен бір бөлігі ғана толтырылған. Өткен екі жыл ішінде ғана Астанаға құны 42 млрд теңгеден асатын қаражатқа импорттық азық-түлік әкелінген. Олардың көбісі – өзіміз өндіре алатын өнім. Мұның бәрі, түптеп келгенде Астана төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту жөніндегі жұмыстың сәтсіз болғанын білдіреді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне қаланың дайындығы мәселелеріне назар аударып, ұлттық компания мен Үкімет алдындағы басымдығы бар міндеттерді анықтады.

"Нысандардың көпшілігінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сонымен бірге, Конгресс-орталық пен мейрамхананың құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Олардың уақтылы тапсырылуын қамтамасыз ету керек. Қонақтар алғаш әуежай мен вокзалға келген сәттен бастап-ақ көргенін көңілге түйе бастайды. Барлық инфрақұрылым толық дайын болуы қажет. Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының да әуежайлары резерв ретінде қонақтарды күтіп алуға дайын болу керек", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев автокөлікпен келетін туристерге жол бойында қызмет көрсету ісін ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ мемлекет басшысы көрме өтетін күндері мәдени-көпшілік және ерекше маңызы бар іс-шаралар ұйымдастыруға, ақпараттық жұмысқа, Астана қонақтары мен тұрғындарының қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударып, қонақтарды қарсы алуға волонтерлердің дайындық дәрежесі жөнінде сауал қойды.

"Енді көрмені мазмұндық жағынан толтыру мәселесіне келейік. Қатысушы елдер экспозиция жобаларын әлі бекітіп болған жоқ. Барлық шетелдік қатысушылардың өз павильондарын мазмұндық жағынан толтыру процесін тездетуді "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы мен Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Қазақстанның павильонына да ерекше назар аударылады. Оған отандық 28 әзірлеме, соның ішінде жоғары оқу орындарының жобалары іріктеп алынды. Біздің экспонаттар жәдігерлердің халықаралық экспонаттардан кем түспеуге тиіс", – деді Қазақстан президенті.

Кеңесте Астана әкімі Әсет Исекешев, "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сөз сөйледі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу