Оңтүстікте 500 гектар алқапқа әйнекті жылыжай салынбақ

5389

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласында үлкен жоба жүзеге асырылмақ. 

Оңтүстікте 500 гектар алқапқа әйнекті жылыжай салынбақ

Келес ауданында 500 гектар алқапқа жылыжай кешенін салу және онда 10 мыңдай адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Келес ауданына осындай ірі шаруашылықтың қазығын қағуға Ресейдің "Экокультура" компаниясы ықылас танытып отыр. Бұл жобаның жүзеге асырылуына облыс басшылығы да мүдделі. Егер кешен ойдағыдай салынып іске қосылса, бұл ТМД аумағындағы ең үлкен жылыжай шаруашылығы болмақ.

Жақында Келеске ресейлік "Экокультура" агроөнеркәсіптік холдингінің президенті А. Рудаковтың өзі мамандарымен келіп, жылыжай салатын орынды көріп кетті. Аумағы 500 гектарлық жылыжай Қызыләскер кеңшарының Мақтаарал ауданымен шакаралас маңындағы жеріне салынатын болды.

Мұншама жылыжайды ылғалмен қамтамасыз ету үшін жылына жеті миллион текше су қажет екен. Сол сияқты, газдың қажеттілігі – сағатына 100 мың текше. Ресейлік компания жылыжайды жергілікті әдіспен пленкамен жауып емес, төбесі мен қабырғаларын әйнектеп жасамақ. Мұның да өз сыры бар. Әйнек күннің қызуын көбірек өткізеді әрі ол тұрақты шатыр болып қысы-жазы жылдар бойы қызмет етеді. Келген мамандардың пайымдауынша, Түркістан облысы аумағындағы күннің қызуы ең көп түсетін және жылыжай астында қызанақ пен қияр өсіруге қолайлы жер осы аумақ екен. 

Жылыжай құрылысына Ресей компаниясы үлкен көлемде қаржы салмақ. Оған қоса жолдар мен тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар қоса салынады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейінгі алты жыл барысында оны қаржыландыру Ресей компаниясы тарапынан болады. Таратылған ақпараттарда компанияның жобаға бас-аяғы 1,1 миллиард доллар салатыны айтылды. Бұл шығын кешен толық іске қосылғаннан кейін 7-8 жылда өтеледі деген есеп бар. Өз кезегінде Түркістан облысының бюджеті себінен 5-6 миллиард теңгенің инфрақұрылымы жасалмақ.

Келген меймандардың айтуларынша, жылыжайда бастапқыда Ресейдің 20 адамы жұмыс істеп, жергілікті тұрғындар арасынан мамандарды даярлайды. Олардың арасынан жылыжай шаруасына икемі бар азаматтар ірктеліп алынып, Ресейдің ғылыми-өндірістік орталықтарына тәжірибеден өтуге жіберіледі. Сөйтіп, білікті мамандар мен басқарушылардың діңгегі жергілікті азаматтардан құралатын болады.

"Экокультура" холдингі жылыжай шаруашылығында үлкен тәжірибе жинап келе жатқан компания. Ресейде 90 және 115 гектарлық екі жылыжай кешенінің  жұмысын аяққа тұрғызыпты. Көршіміз Өзбекстаннан 300 гектарға пленкамен жабылатын жылыжай кешенін салуға келісімдері бар көрінеді.

 Серік Ерден 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу