Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, оңтүстік өңірлерде су аз цикл сақталады. Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеді, ал Нарын-Сырдария каскадының ірі резервуарларындағы қорлар былтырғы көрсеткіштерден 3,8 млрд текше метрге төмен. Осыған байланысты суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Үкімет су ресурстарын қатаң реттеуге көшуде.
Тәуекелдерді болдырмау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су министрлігі жақын арада суды пайдаланудың нақты лимиттерін анықтайды. Фермерлерге егістіктердің құрылымын өзгерту ұсынылды, көп күтімді қажет етпейтін дақылдарға ден қою қажет.
Сондай-ақ, әр облыста ылғал сақтайтын инновациялық препараттарды сынау үшін тәжірибелік учаскелер бөлу жоспарлануда.
"2026 жылдың вегетациялық кезеңінде келетін болжамды су ағыны небәрі 1-1,5 млрд текше метрге бағаланып отыр. Бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Бірқатар облыстарда 2025 жылы ылғал көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмады. Облыс әкімдіктері вегетациялық кезең басталғанға дейін аграршылар арасында су шығыны аз дақылдарға көшу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс", – деп атап өтті вице-премьер.