Әлемде жыл сайын су ресурстары азайып, климат өзгеріп келеді. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары суармалы жерлерге, су ресурстарына қатысты мәселелерді қазірден қолға алмаса жағдай нашарлай береді деп есептейді.
Жалпы Жамбыл облысындағы жағдай осы жылы Қазақстанның суармалы егіншілігінде жүйелі проблемалардың барын тағы да айғақтады. Бұған дейін палата осы саланы дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін бірнеше рет ұсынған. Алайда мәселе шешімін таппай келеді, салдарынан шаруалардың жайы мәз емес.
Еске сала кетсек, құрғақшылық пен Қырғызстаннан берілетін су көлемінің қысқаруы ресурс тапшылығына әкеліп соқтырды. Соның нәтижесінде Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Алдын ала болжам бойынша, 338 фермер зардап шеккен, ал шығындар миллиард теңгеден асады.
"Бүгінде Қазақстанда суаруға су беретін 3298 каналдың жартысынан көбі жөндеуді және қайта жаңартуды талап етеді. Біз суды жеткізудің жер үсті әдісін қолданамыз, бірақ көп жерде су бетонмен қапталған жылға-науалармен ақпайды. Нәтижесінде судың көп мөлшері тіпті өрістерге жетпейді, буға айналып немесе жерге сіңіп кетеді. Көріп отырғанымыздай, су тапшылығы жағдайында мәселе ушыға түсті", – деді "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев.
- Мамандар ең алдымен су шығыны мәселесін шешу қажет екенін айтады. Суарылатын желілерді салу және реконструкциялау бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Сонымен қатар айтарлықтай шығынға қарамастан, ашық каналдардың орнына магистральдық құбырларды салу керек.
- Екіншіден, қоғамдық қатынастарды реттеу және белгілі бір мемлекеттік шараларды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін салалық заңдарды қабылдау маңызды. Мәселен, Қазақстанда "Жерді мелиорациялау туралы", "Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы", "Сумен жабдықтау және су бұру туралы" заңдар жоқ. Кейбір заң жобалары бұрын талқыланған, бірақ, өкінішке орай, сол күйі қабылданбаған. Сондықтан, регламенттеу саланың көптеген мәселесін реттеуге мүмкіндік береді.
- Үшіншіден, кадрлар мәселесіне ерекше назар аудару керек, әсіресе салаға гидротехниктер, геологтар, гидрологтар, инженерлер керек. Қазіргі уақытта өңірлерде кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.
- Төртіншіден, суаруды дамытудың мемлекеттік тәсілін қайта қарау қажет. Барлық канал мемлекетке тиесілі екенін ескере отырып, суару жүйесін жұмыс жағдайына келтіру керек. Бұл ретте ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру және қалпына келтіру кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды қарастыру ұсынылады. Ирригациялық желілерді салу саласына жеке инвесторларды тарту мемлекеттік бюджет шығындарын бірнеше есе қысқартуға және суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Су тапшылығынан басқа егістіктерді сақтандыру құралдарына назар аударған жөн.
Мемлекеттік қолдау арқылы ерікті сақтандырудың қолданыстағы құралдары өзінің жоғары тиімділігін көрсетеді. Жыл сайын сақтандыру жағдайының басталғанын растауға байланысты сақтандыру төлемдері өсіп жатыр. Мысалы, егер 2021 жылы фермерлерге сақтандыру төлемдері 824 млн теңгені құраса, 2023 жылы тек екі кезеңнің қорытындысы бойынша (барлығы үш фазалық сақтандыру) төлемдер 2,5 млрд теңгеге жетті.
Бір өкініштісі, бүгінде дақылдарды сақтандыру суармалы жерлерге қолданылмайды. Мысалы, Ресей Федерациясында суару көздерінде қажетті ресурстың болмауы мен судың аздығы сақтандыру тәуекелдерінің тізіміне енгізілген, яғни ауылшаруашылығы дақылдарына су беру мүмкін шектелген кезде фермерлер сақтандыру төлемдерін ала алады.
"Егер Қазақстанда осындай механизмдер қолданылса, Жамбыл облысының фермерлері үшін салдары жеңілдеу болар еді. Осыған байланысты Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені үшін өзекті қатерлерді ескере отырып, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру құралдары жетілдіріліп, кеңейтілуі тиіс", – деп қорытындылады ҰКП мамандары.