Оңтүстіктегі жылыжайлардың жай-күйі қалай?

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4518

Субсидия алу – оңай шаруа емес. Құжат туралау қажет. Біраз мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келеді.

Оңтүстіктегі жылыжайлардың жай-күйі қалай?

Бүгінгі күн – нанотехнологияның заманы. Оған инновация деген ілімнің ілесіп жүретіні тағы бар. Осы екі ілімнің соңғы жылдары еліміздегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға күш салып жатқаны жасырын емес. Айталық, Қытай елі бұл екі ұғымды осыдан 10-15 жыл бұрын толық меңгеріп, бүгінде шарықтау шегіне жетіп отыр. Жетістігі мен жемісі, оған қоса зияны мен зардабы қатар жүретін екі ілімнің елімізде қолданысы қандай? Кеңес үкіметінен кейін құрдымға кете жаздаған ауыл шаруашылығы саласын нендей жетістікке жетелеп отыр? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжайлардың жай-күйімен танысуды жөн көрдік.

Өндірістің шығын барынша азайтуда инновацияның орны ерекше екенін жоғарыда айттық. Өнімді сапалы әрі сұранысқа ие ете алатын жаңа ілімнің Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығына етене енуі тың жобалардың іске асуына мұрындық болды. Соның арқасында өңір диқандары заманауи құрал-жабдықтар алуға құлшыныс білдірді. Сөйтіп, ауыл шаруашылығында тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолдана бастады. Бұл әдістің артықшылығы мол екеніне көз жеткізген диқандар ала жаздай арық-атыз тазалаудан арылды. Егістік алқабын жылдар бойы баптауды да ұмытты. Ағын су тапшылығын сезінбейтін халге жетті. Яғни, ысырап азайып, пайда молайды, өнім көлемі арта түсті.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы облыс диқандары 20 мың гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданыпты. Соның нәтижесінде 13 млрд теңгенің өнімі жиналған. Алғашында көкөніс өсіру саласында ғана қолданылған әдіс кейіннен мақта өсіруге де, бау-бақша жайқалтуға да бағытталғанын айта кету керек. Тіпті, осы тәсілдің арқасында облыста жылыжайлар құрылысы қарқын алды. Жалпы, облыста жылыжайлар көлемі 2009 жылы 124 гектар болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 9 есеге артып, жалпы көлемі 1112 гектарға жеткен.

Бүгінде жылыжайлар мектептердің де жанынан ашылып жатыр. Облыста 1017 мектеп болса, соның тең жартысының жеке жылыжайы бар екен. "Елімізде жылыжайлардың көптігі жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап келеді. Яғни, республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрап отыр. Биылғы жылы жылыжайлар есебінен бірінші өнім жинау кезеңінде 120 мың тонна өнім жиналды. Жыл соңына дейін тағы да 80 мың тонна өнім өндіреміз деген ойдамыз", – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Негізгі мақсат – республика тұрғындарын қыста және ерте көктемде сапалы көкөніспен қамтамасыз ету. Көрші елдердің импортына тәуелділіктен арылу болатын. Бұл орайдағы меже толық орындалып отыр ма? Мәселе осында.

"Жылыжайды баптап, өсірген өніміңді күте білмесең де мол өнім ала алмайсың. Мұнан бөлек, қыстың күндері жылыжай температурасын бірқалыпты ұстау – ақыреттің ақыреті", – дейді бірнеше жылдан бері жылыжайын жайқалтып, отбасын бағып отырған Нұрбол Сәрсенбеков.

Бүгінде ол сұранысқа ие саңырауқұлақ өсірумен айналысып келеді. Пайдасы көл-көсір қозықұйрықтың табиғи тұқым түрін қыс бойы Шымкент базарларында саудалайды екен. Ендігі мақсаты – қызанақ пен қияр егу. Мемлекеттен берілетін субсидияға да қол жеткізсем деп отыр.

"Субсидия алу – оңай шаруа емес. Құжат туралау қажет. Біраз мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Қиындықтары мен кедергілері болса да жеңілдік қаржыны алуға тырысамын", – дейді ол.

Жылыжайға табиғи газ тарту тиімді екен. Себебі, жыл он екі ай көмір жағу – азаптың азабы. Оның үстіне қатты отынның бағасы да қымбатырақ. Қарағанды облысынан тасымалданатын көмірдің құны бүгіннің өзінде қолжетімсіз жағдайда екен. Сондықтан жылыжайға жанармай пайдаланатындар да аз емес. Ал жанармайдың құны да күн санап өсіп барады. Электр жарығының шығыны да орасан зор. Бұл шығындар көкөніс бағасының қыстың күндері шарықтап кететініне басты себепкер.

Соңғы жылдары Оңтүстік диқандары жұртқа таңсық көкөніс түрлерін өсіруді дағдыға айналдырып келеді. Мәселен, Төлеби ауданы, Кемеқалған ауылында лимон өсіріледі. "Ниматулла" шаруа қожалығы 1,5 гектар алқапқа лимонның "Мир" атты сұрпын отырғызыпты.

Ал сайрамдық диқандар банан өнімін өндіруге талпынып келеді. Ең бастысы – ниет бар. Тәжірибе жинақтап, күтіп-баптауын үйренсе, бұл мақсаттың да орындалуы көп күттірмесе керек.

Жылыжай жайқалтып отырғандардың тағы бір мәселесі – тыңайтқыштар тапшылығы. Өнім көлемін арттырып, арамшөптердің өсуін тежейтін химиялық заттардың шетелден тасымалданатынын да ескере кеткен жөн. Бағасы туралы айтудың өзі артық. Аталған мәселенің де түйінін тарқатуда да оңтүстікқазақстандық диқандардың ізденістері көңіл қуантады. Ірі қара малдың қиы мен өсімдік қалдықтарын шылаушын салып өңдеп, экологиялық құнарлы тыңайтқыштар алып жатыр екен. Бұл – бағасы удай минералды тыңайтқыштарды аз пайдалануға септігін тигізбекші.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу