Оңтүстіктен көш келеді, Солтүстікке қош келеді!

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
10464

Еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу қазақыландыру саясатымен қатар жүреді.

Оңтүстіктен көш келеді, Солтүстікке қош келеді!

Оңтүстік Қазақстан облысында  үш күндік өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, ОҚО қалалары мен аудандарының әкімдері, осы  өңірлердегі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары және жұмыс берушілер қатысты.  

Шара халқы тығыз орналасқан оңтүстік жұртын жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға орналастыруды мақсат тұтты.

Солтүстік облыстардан келген өкілдер алдымен  халқы тығыз орналасқан Мақтаарал жұртымен кездесіп, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды.

"Мемлекеттік маңызы бар жәрмеңкені Мақтаарал ауданынан бастауды жөн көрдік. Өйткені мұнда  халық тығыз орналасқан. Қазірдің өзінде аудан халқының саны 350 мыңға жетіп отыр. Айта кетейін, жәрмеңкеде 636 жұмыс беруші 1785 бос жұмыс орнын ұсынды", – деді  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр.

Ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография ерекше рөл атқарады. Бүгінгі таңда оңтүстік пен солтүстік аймақтарда теңсіздіктің орын алып отырғаны жасырын емес. Оңтүстікте халық саны жыл санап көбейсе,  солтүстікте керісінше тұрғындар саны жыл санап кеміп, бірқатар ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Бұған өңірдің ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жұмысқа жарамды маман тапшылығын қосыңыз.

"Былтыр "Жұмыспен қамту-2020 жол картасы" бағдарламасы аясында  облысымыздан теріскейге  615 адамды құрайтын  146 отбасы қоныс аударды. Оның 125-і  Солтүстік Қазақстан облысына орналастырылса, 18 отбасы Қостанай облысына қоныстанды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысына 3 отбасы барды. Ал 22 отбасы бағдарламадан тыс, өз еркімен көшті. Қоныс аударып барған әр отбасының отағасына 106 056 мың теңгеден,  әрбір отбасы мүшесіне 74235 мың теңгеден бір реттік көмекақы төленді", – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева.

2016 жылы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған 615 отбасы мүшесінің  162-сі немесе 26%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл ретте 615 отбасы мүшесінің 149-ы зейнет жасындағы адамдар екенін және бірқатары бала күтімінде екенін ескерген жөн.

Солтүстікке барып, тіршілік етіп жатқан жерлестеріміздің мектеп жасына дейінгі 304 баласы балабақшаға, мектеп жасындағылар сол өңірлердегі мектептерге орналастырылып, жергілікті денсаулық сақтау және білім мекемелерінің есебіне алынған. Бір сөзбен айтқанда мемлекет қолдауының арқасында елге ел қосылды. Оңтүстік жұрты солтүстік өңірлердің  жұмыс күшін толықтырды. Ауылдан барған ағайын алдымен ауыл шаруашылығы саласына араласты. Егін екті, мал бақты. Қорасы қойға, қамбасы дәнге толды. Осындай жетістікке қуанған аймақ өкілдері биыл тағы да Оңтүстікке жол салды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев биыл 300 отбасыны қабылдауға дайын екендіктерін жеткізіп, ол үшін 600 баспана, 1 мыңға жуық жұмыс орны мен 35 мың гектар егістік жер әзірленгенін айтты. Мақтааралдық Нұрбек Болатбеков өткен жылы отбасылық себептермен солтүстікке қоныс аудара алмай қалған. Бұйыртса, биылғы көштен қалмауға бекініп отыр.

"Биыл міндетті түрде көшеміз. Өйткені солтүстіктің жеріне егін ексе, көл-көсір өнім береді. Қырыққабат, картоп егуге де қолайлы екен", – дейді Нұрбек Болатбеков. 

Мақтааралда бүгінде 350 мыңға жуық тұрғын бар. Оның 8 мыңы – жұмыссыз.  Бұлардың  2 мыңының арнайы білімі бар.

"Ауданда жылына он мыңға жуық сәби өмірге келеді. Үй берсе, әрине барады. Ол жақ енді аграрлы аймақ болған соң, осы бағыттағы жұмысшылар өте қажет. Сондай-ақ, білім, денсаулық сақтау салаларында да маман тапшы", – дейді  Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкіл Ерлан Дүйсенов өңірде төрт түлікке бас-көз болатын мамандар тапшы екенін алға тартады.

"Малға ие болған адамды үймен қамтамасыз етеміз. Азық-түлігі тегін болады. Несиеге өзіне де мал алуына болады. Айлық та төлейміз", – дейді Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкіл Ерлан Дүйсенов.

Үгіт-насихат тобының жоспарлы сапары мұнан соң Сарыағаш ауданында жалғасты. Шара соңында екі жақты меморандумға қол қойылды. Араға күн салып, сапар Шымкент қаласындағы "Көрме" орталығында жалғасын тапты.

Шараға  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысты.

Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірінде алғаш рет еліміздің 4 өңірі мен ОҚО-ның жұмыс берушілерінің бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы кездейсоқ еместігін  айтқан министр Тамара Дүйсенова аталмыш шара халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

"Мұнда еңбек күші айтарлықтай артық болса, солтүстік өңірлерде жұмыс қолының тапшылығы сезіледі. Сондықтан аталған жәрмеңке, ОҚО тұрғындарына өз мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектеседі деген үміт бар. Осы орайда мемлекет жол шығындары мен бір жыл бойы баспана жалдауға кететін шығынды өтеуге субсидия бөлетінін атап өткен жөн. Еңбек күші артық өңірлерден жұмыс қоры тапшы аймақтарға қоныс аудару жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара қызығушылығы бойынша ерікті түрде жүзеге асатынын атап өткім келеді", –  деді Тамара Дүйсенова. 

Өз кезегінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру өте маңызды қадам екенін атап өтті.

"Біздің облыстың қолайлы табиғи-климаттық және географиялық жағдайы адам индексінің дамуына оң әсерін тигізеді. Облыста халық саны соңғы он жылда жыл сайын 2%-ға өсіп, бүгінде 3 млн-ға жуықтады. Оның ішінде ауылды жердегі тұрғындар 1 млн 571 мың адамға жетіп, жалпы халықтың 54,9 %-ын құрап отыр", – деді әкім.

Жәрмеңке соңы  өңіраралық еңбек ұтқырлығын дамытудың бизнес-форумына ұласты.

Жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жыл соңына дейін күнгейден теріскейге 250 мың тонна көкөніс, 15 мың тонна жеміс-жидек, 15 мың тонна жүзім жөнелтілетінін, сәйкесінше солтүстіктен бидай, картоп, жем өнімдері келетінін баяндады.

"Бүгінде Оңтүстіктің бақша өнімдері онсыз да мыңдаған шақырымға тасымалданып, Ресейге өткізіліп жатыр. Көкөніс өсіруді солтүстік өңірлерде жолға қойып, шекара асыру әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын", – деді Жансейіт Түймебаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Елбасы халықты жұмыспен қамту саласында жаңа жұмыс орындарын құруды басым бағыт ретінде айқындағанын атап өтіп, биыл Қазақстанда 630 мыңнан астам жұмыс орны құрылатынын жеткізді. Бұл ретте Тамара Дүйсенова осы жылдың 1 қаңтарынан бастап "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды.

Министр ерікті көші-қонды ынталандыру мақсатында ел Үкіметі оралмандарды қосқанда қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңірді (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан) және көштің қайнар көзі ретіндегі 4 өңірді (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облысы) белгілегенін еске салды.

"Аталмыш өңірлерден шығатын еңбек мигранттарына көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінбек. Барлық бағдарламаларға сай  берілетін жәрдем қаржының жиынтық көлемі 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Несие 6 пайызбен беріледі", –  деді Тмара Дүйсенова.

Жиын соңында еңбек ресурстарына сұранысты қанағаттандыру мен еңбек нарығының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Айта кетейік, мұндай бизнес-форум алдағы уақытта Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұйымдастырылады. 

Ақжол Қараспан, ОҚО

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу