Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп жатыр

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3129

"Bastau бизнес" жобасы аясында 106 адамнан тұратын 26 отбасы тұрғылықты жерін өзгертті. 

Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп жатыр

Бос жүрген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар қолға алынып, бірі сәтті, бірі сәтсіз болса да, жүзеге асырылып жатыр. Ал "Bastau бизнес" жобасына үлкен үміт, зор сенім артылуда.  

Аталмыш жоба Жамбылда қарқын алып келеді. Бағдарлама аясында азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен ауыл мен қаладағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында өңірге 3928,4 млн теңге бөлінді. Биыл облыстың 6 ауданында 1080 адамға кәсіпкерлік негіздерін меңгерту үшін 18,1 млн теңге қарастырылған.

Еліміздің батыс өңірінен басталып, республикамызды тұтас қамти бастаған жоба жайлы "Атамекен" КҰП бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев: "Бұл бағдарлама 2017-2021 жылдарға арналған. Жоспар бойынша жоба операторлары бірлесіп, биылдан бастап 15 000, одан кейін жылдан жылға осы көрсеткішті өсіріп, 2021 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жұмыссыз жүрген 30 000 азаматты кәсіпкерлікке баулиды. Нәтижесінде жобаға қатысушылардың 12%-ы кәсіпкерлікке бет бұрады", – деді.

"Bastau бизнес" жобасына  Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов, Меркі, Қордай, Жуалы, Байзақ және Шу аудандары тұрғындарының басым бөлігі  қатысуға ниет білдіріп жатыр. Айта кетейік, жобаға кәсіпкерлікпен айналысқанына 3 жылдан аспаған азаматтар мен жұмыссыздар ғана қатыса алады. Бір ай уақыт ішінде әрбір қатысушы 120 сағат дәріс тыңдауы тиіс.

Оның 80 сағаты теорияға арналса, қалған уақытында азаматтар білікті бизнес-тренерлерден кеңес алады. Осылайша кәсіпкерліктің сырына қаныққан адамдар арнайы құрылған комиссия мүшелерінің алдында бизнес- жоспарларын қорғайды. Сәтті жоба авторларының тізімі қаржыландыруға ұсынылады.

Бүгінгі таңда Шу ауданы бойынша оқытудың бірінші кезеңіне жазылған 45 азаматтың 36-сы мемлекеттен қаржылық қолдау күтіп отыр.

Мәлімет үшін айтайық, азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағытына сай

биыл 1200 адамды кәсіптік даярлауға 238 млн, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 4349 адамды оқыту үшін 1259,8 млн теңге қаралған. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша 6272 адамды қамтуға 5386,3 млн теңге бөлінген. Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 3212 адамды тартуға жергілікті бюджеттен 885 млн теңге бағытталып, есепті кезеңде 2738 адам жұмыспен қамтылған. Мұның сыртында 1054 әлеуметтік жұмыс орны ашылған.

Жаңа жоба аясында көпшілікке "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі көмек келеді. Яғни, өңірдегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат  аталған жүйеге  енгізіліп,  ұдайы жаңартылып отырады. Осы уақытқа дейін автоматтандырылған жүйеге Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан бос жұмыс орындарының тізімі мен қажет мамандар саны туралы мәлімет келіп түсті. Мәлімет жұмыспен қамту орталықтарына  жолданды. Нәтижесінде 106 адамнан тұратын 26 отбасы Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Ленин ауылдық округіне қоныс аударуға бел буды.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу