Оңтүстіктен солтүстікке көшкендер пайызсыз несиемен үй алады

2836

Қостанай облысына Түркістанның Сарыағаш ауданынан келген отбасы үстемеақысыз пәтер алған.

Оңтүстіктен солтүстікке көшкендер пайызсыз несиемен үй алады

Нүркен Смайылұлы Шымкент қаласындағы орта арнаулы оқу орындарының бірінде фельдшер мамандығы бойынша білім алған. Қолына дипломын 2014 жылы алғаннан кейін медицина маманы 4 жыл өз мамандығы бойынша оңтүстіктен жұмыс таппай сандалған. Былтыр жергілікті басылымдардың бірінен солтүстік өңірлерге көшу бағдарламасы жайлы оқып, Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданынан Қостанай облысының Ыбырай Алтынсарин ауданына көшіп келген. Қазір Щербакова елдімекеніндегі фельшерлік-акушерлік пунктте жұмыс істейді.

"Көшіп келгеніме бір жыл болды. Бізді жақсы қарсы алды. Бір-екі күннен кейін қолыма қызметке тұрғаным жайлы бұйрықты ұстатты. Үйдің мәселесі де шешілді. Осы жылдың мамыр айында 4 бөлмелі үй алдым. Алғаш келгенімде отбасымның 3 мүшесіне 250 мың жәрдемақы берді. Сосын пәтер жалдауға 500 мың тағы бөлінді. Баспананы 6-7 ай жалдадым. Сосын үй алдым. Үйге мемлекеттен пайызсыз несиеге алдым. Яғни, ол несиенің үстемеақысы болмайды. Айына 20400 теңгеден төленіп отырады. Бұл енді ешқандай қиындық туғызбайды", - дейді ол.

Екі мыңға жуық тұрғыны бар Щербакова елдімекенінде Нүркен күніне 40-қа жуық адамға қызмет көрсетеді. Жалақысы 138 мың теңгені құрайды. Бір қызымен әйеліне бұл қаражат жетеді деп есептейді. Жуырда келіншегі де жұмысқа шықпақшы. Жары да медицина саласының маманы. Сарыағаштықтар Нүркен Тұрлыбековке хабарласып, Қостанай облысына келуге ниет білдіріп жатқан көрінеді.

Ал ауыл әкімі Батырхан Ағаділовтің айтуынша, мұнда бос үйлер әлі де бар. Оңтүстіктен көшіп келуге ниетті отбасыларға арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы үйді несиемен сатып алуға болады екен. 

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу