Оңтүстіктің шаруалары су мәселесін шешіп беруді сұрап отыр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
1649

"Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Оңтүстік Қазақстанның кәсіпкерлік ортасында болды.

Оңтүстіктің шаруалары су мәселесін шешіп беруді сұрап отыр

Жергілікті бизнестегі күрделі мәселелерді талқылау мақсатымен сапарлаған "Атамекен" кәсіпкерлер дің ұлттық палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев ең алдымен "Ордабасы құс" ЖШС-на атбасын бұрып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

"Ордабасы құс" компаниясы – Еуразиялық экономикалық одақта орналасқан ең заманауи кешендердің бірі. Бұл Қазақстан мен Орта Азия елдерінде күркетауық өсіретін бірінші және әзірге жалғыз жоба болып табылады. Кешенде өндірілген өнімнің 40 пайызы Еуроодақ елдеріне экспортталуда.

Кәсіпорынның ендігі жоспары – қоспа жем шығарумен айналысатын шаруа қожалықтары мен кәсіпорындар және құс етін қайта өңдейтін кооперативтер кіретін аймақтық кластер құру. Ол үшін мұнда аумағы 50 га құрайтын күркетауық өсіретін 25 құс қораның құрылысы басталмақ. Бұдан былай "Ордабасы құс" ЖШС күркетауық жемін өзі тасып, ветеринарлық қызметті де өзі көрсетпек. Бұл үшін құс кешені өсірілген күркетауықтарды сатып алып, өсірілген күркетауықтардан 10 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отыр. Кластер құру үшін тіпті жаңа ауыл құру жобасы әзірленуде. Егер жоба толық іске асса, онда тұратын тұрғындар жоғары технологияға негізделген өндірісте жұмыс істейтін болады.

Бүгінде "Ордабасы құс" - бұл көлік-тракторлық бекет пен ауылшаруашылық саласын біріктіруге бағытталған ең заманауи техникамен жабдықталған жобаның озық үлгісі. Мұнда шаруа қожалық иелеріне қолайлы жұмыс істеу сызбасы ұсынылған. Олар станциядағы жер жырту, егін егу және өнімді жинап алу қызмет түрлеріне тапсырыс бере алады. Ал, көрсетілген қызмет ақысын күзде өтеуге мүмкіндік бар немесе белгілі бір бөлігін түскен өніммен де қайтаруға болады. Осылайша, кәсіпкерлер көп шығын шығармай, қомақты пайда табады. Аталған кооперациялық жоба толықтай ОҚО Кәсіпкерлер палатасының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Тимур Құлыбаев аралаған екінші нысан - "Бөрте милка" кешені. Аталған кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан баламасы жоқ роботталған сүтті-тауарлы ферма болып табылады. Әрі бұл кешен республикадағы заманауи фермалардың үздік үштігіне кіреді. Бүгінде мұнда "Гольштейн" тұқымды 408 сауын сиыр бар. Бұзаумен қоса есептегенде мал басы 700-ге жуық.

Ферма соңғы үлгідегі шведттік технологиямен жабдықталған: жемдеу үстелінде салқындату, метеостанциялы желдеткіш, сиырлардыӊ күйлілігін анықтау камералары және сүт сауу аппараттары бар сүт құбыры жұмыс істейді.

Сондай-ақ, әр сиырдың құлағына чип тағылған, соған сәйкес робот барлық ақпаратты есептеп отырады. Орта есеппен бір күнде бір сиыр 30-32 литр сүт береді. Рекордтық сүт сауу бір сиырдан 50 литрге дейін жеткен.

Кешендерді аралап біткеннен соң Тимур Асқарұлы ОҚО Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Онда еліміздің кәсіпкерлік саласының күрделі мәселелері талқыланды.

Кездесуге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, аймақтық кеңес мүшелері, әулетті мекеме жетекшілері, бизнес-қауымдастық, банктер және қаржы институттарының өкілдері, тауарөндірушілер қатысты.

Жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев талқыланатын мәселелердің өзектілігіне тоқталып, күнгей өңір үшін кәсіпкерлердің экономикамызға қосар үлесі зор екенін айтты. 

"2016 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарымен 776,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 3-орынды иеленді. Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылғалы облыс бойынша Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 206,6 млрд теңге, 9,5 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын 159 жоба жүзеге асырылды. Жалпы, сіздер құрған кәсіпкерлік нысандары біздегі халықтың белсенділігі және өңірдің жарқын инвестициялық мүмкіндіктерінің дәлелі. Осыған орай, бүгінгі отырыста талқыланатын мәселелер, облыстың белсенді дамуына зор үлесін қосып, Оңтүстікте бизнестің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп ойлаймын", – деді Жансейіт Түймебаев. 
Отырыс барысында оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер жиі кездесетін мәселелер сөз болды.

Ұн шығаратын өндіс ошақтары ұнды нөлдік мөлшерде экспорттау кезінде ҚҚС қайта қалпына келтіру мәселесін көтерді. Бұдан бөлек, олар "Атамекен" КҰП-тың араласуымен Өзбекстанға сатылатын ұнның акциз салығын төмендетуге атсалысқаны үшін үшін Тимур Құлыбаевқа алғыс айтты.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер "Бизнестiң жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша сыйақы мөршерлемесіне субсидия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қаржыландырылуы жеткіліксіз екендігін жеткізді.

2017 жылы сыйақы мөршерлемесіне субсидиялауға бөлінген қаражының өтемақы мөлшері 3 млрд 6 млн теңгені құрады, яғни 2016 жылы бөлінген 77 пайызын алған. Көрсетілген сома 2017 жылғы жаңа жобаларды субсидиялау және қабылданған міндеттерді орындау үшін жеткіліксіз. Өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған жобаларда да дәл осындай жағдай. Субсидиялаудың аталған түрі кең таралғандықтан, қаражаттың жетіспеушілігі БЖК бағдарламасын толық жүзеге асыруға кедергі болып тұр.

Ауылшаруашылық саласындағы тауарөндірушілер су шаруашылығындағы су тасымалдайтын жүйелердің ескіруінен егін шаруашылығы артта қалып жатқанына мән беруді сұрады. Кәсіпкерлер ОҚО-ны сумен қамтамасыз етуді жоғары дәрежеде шешіп беруді сұрады.

"Оңтүстік" АЭА кедендік кеңеске тауарларды тасымалдау барысында қиындықтарға тап болғандықтан арнайы экономикалық аймақ үшін кедендік және салықтық төлемді алып тастау мәселесін көтерді. Бұның алдында олар құрамында дайын өнімі бар импорттық шикізат тасымалдау кезінде кедендік баж салығы мен ҚҚС төлемейтін жеңілдігі болған. Кейіннен "Атамекен" КҰП-тың араласуымен арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойған кәсіпкерлерге кедендік және баж салығына берілген жеңілдік қайтарылды. Алайда, ҚҚС төлеу мәселесі ашық күйінде қалған.

Сатып алулар кезінде жергілікті қамтуды жүзеге асыру мәселесі де көтерілді. Сатып алулардың дерлік жартысы тікелей келісімшарт құру арқылы бір ғана көзбен жүргізіледі. Орындалмаған мемлекеттік сатып алулардан бөлек, тапсырыс беруші бәсекелес компанияларға мүмкіндік бермей тек бір ғана жеткізушіні таңдайды. Ол жеткізуші тауарөндіруші емес, алыпсатар болып табылады. Егер тапсырыс берушілер тек отандық тауарөндірушілермен ғана келісімшартқа отырса, бұл жергілікті тауарөндірушілерге қолдау болып, сатып алулар кезінде жергілікті қамтудың көлемі артар еді.

"Атамекен" КҰП төралқа төрағасы айтылған мәселелердің барлығы палата отырысында қаралып, мәселенің шешімін өзі бақылауға уәде етті.

Жер және инфрақұрылым мәселесін оңтайлы шешу мақсатында өңірде 11 индустриялық аймақ құрылған. Оның қабырғасында 170-ке жуық жоба жүзеге асырылып жатса, оның 66-сы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, тоқыма кластерін дамыту мақсатында Арнайы экономикалық аймақ құрылған. Қазіргі таңда онда жалпы 14 жоба жүзеге асырылуда, 10 жоба іске қосылған. Ал кәсіпкерлерге "бір терезе" қағидатымен қызмет көрсететін "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету" орталығы жұмыс жасауда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 37232 қызмет көрсетілген.

Ақжол Қараспан, ОҚО

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу