Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мен оның одақтастары ОПЕК+ деп аталады. Олар 30 қарашада Венада (Австрия) өздерінің бірлескен өндіріс саясатын талқылау үшін кездесу өткізейін деп отыр. Бұл конференция 26 қарашаға белгіленген еді. Алайда, Сауд Арабиясы мен өзге экспорттаушылар өндірісті қысқарту мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмағандықтан, форум күнін кейінге шегеруге тура келген тәрізді.
Төменде ОПЕК+ пен оның рөлі туралы негізгі фактілер.
ОПЕК және ОПЕК+ дегеніміз не?
ОПЕК 1960 жылы Бағдадта құрылды. Ирак, Иран, Кувейт, Сауд Арабиясы және Венесуэла оны мұнай саясатын үйлестіру және әділ әрі тұрақты бағаларды қамтамасыз ету мақсатында жасақтады. Қазір ОПЕК құрамына 13 мемлекет кіреді, олар - негізінен Таяу Шығыс пен Африкадан. Және де бұл картель дүниежүзіндегі мұнайдың 30 пайызын өндіріп отыр.
Осы жылдар ішінде ОПЕК-тің ықпалы кейбір проблемаларға тап болды. Олар ішкі келіспеушіліктерге жиі әкеп соқты. Ал таза энергияға жаһандық ұмтылыс пен қазба отындарынан бас тарту үрдісі күндердің-күнінде ОПЕК-тің үстемдігін төмендетуі мүмкін.
ОПЕК 2016 жылдың соңында ОПЕК+ деп аталатын коалиция құрды. Оған ОПЕК-ке кірмейтін әлемнің 10 ірі мұнай экспорттаушы елі, соның ішінде Ресей мен Қазақстан енді.
ОПЕК+ әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 40%-на ие. ның негізгі мақсаты - әлемдік нарыққа мұнай жеткізуді реттеу. Бұл альянстағы лидерлер – Сауд Арабиясы мен Ресей, сәйкесінше, тәулігіне 9 және 9,5 миллион баррель энергетикалық шикізат шығарады.
ОПЕК әлемдік мұнай бағасына қалай әсер етеді?
ОПЕК-ке мүше елдердің экспорты әлемдік мұнай саудасының шамамен 60%-ын құрайды. 2021 жылы ОПЕК мемлекеттеріне дүниежүзіндегі барланған мұнай қорының 80%-дан астамы тиесілі болған.
Нарықтағы үлесі қомақты болғандықтан, ОПЕК қабылдаған шешімдер мұнайдың әлемдік бағасына әсер етуі ықтимал. Ұйым мүшелері жаһандық нарықта қанша мұнай сату керектігін шешу үшін үнемі жиналып отырады.
Олар сұраныс төмендеп жатқанда ұсынысты азайтатын болса, мұнай бағасы көтеріледі. Ал егер бұл топ нарыққа көбірек мұнай жеткізу туралы шешім қабылдаса, бағалар төмендейді.
Маусымдағы соңғы ОПЕК+ отырысында Сауд Арабиясы мұнай бағасын көтеру мақсатында өз өндірісін 1 миллион баррельге қысқартуға уәде берді.
Содан бері бұл корольдік өндірісті ерікті түрде қысқарту шешімінің мерзімін осы жылдың соңына дейін ұзартты.
Мұнай бағасы 16 қарашада экономикалық өсімге төнген қауіпке байланысты шамамен 5%-ға арзандап, төрт айдағы ең төменгі деңгейге дейін түсті. Содан бері бағалар ОПЕК+ шара қолданып, мұнайды қымбаттатады деген үмітпен біраз позициясын қалпына келтірді.
Дегенмен, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі шикізат құнына өзіндік өзгеріс енгізуі ғажап емес.
ОПЕК шешімдері жаһандық экономикаға қалай әсер етеді?
Өндірісті қысқарту туралы кейбір шешімдер әлемдік экономикаға айтарлықтай әсер етті.
1973 жылғы араб-израиль соғысы кезінде ОПЕК-тің араб мүшелері Израиль армиясы қолдаған АҚШ пен оның одақтастарынан кек алу үшін Құрама Штаттарға қарсы эмбарго жариялады. Бұл эмбарго осы елдерге мұнай экспорттауға тыйым салып, өндірістің қысқаруына алып келді.
Сонымен қатар, мұнай эмбаргосы импорттық мұнайға тәуелді АҚШ экономикасына қысым жасады. Мұнай бағасы көтерілді, бұл тұтынушылардың отынға шығындарын арттырып, Америка Құрама Штаттарында жанармай тапшылығын тудырды. Эмбарго, сонымен қатар, АҚШ пен басқа елдерді жаһандық рецессияға ұрындыруға шақ қалды.
2020 жылы бүкіл әлемдегі COVID-19 карантиндері кезінде шикі мұнай бағасы төмендеді. Осыған байланысты ОПЕК+ бағаны көтеру үшін мұнай өндірісін тәулігіне 10 миллион баррельге азайтты. Бұл - әлемдік өндірістің шамамен 10%-на тең қысқарту.
ОПЕК-ке қандай елдер кіреді?
ОПЕК-тің қазіргі мүшелері: Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Ирак, Иран, Алжир, Ангола, Ливия, Нигерия, Конго, Экваторлық Гвинея, Габон және Венесуэла.
ОПЕК+ жаһандық альянсындағы ОПЕК-ке кірмейтін елдер: Ресей, Әзербайжан, Қазақстан, Бахрейн, Бруней, Малайзия, Мексика, Оман, Оңтүстік Судан және Судан.