Операциялық шығыстың қарқыны қатты болды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
9450

Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуіне 790 кәсіби маман жұмылдырылды.

Операциялық шығыстың қарқыны қатты болды

"Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Halyk Bank-тің 2018 жылдың екінші тоқсанындағы шоғырландырылған қаржы нәтижеcі мен Halyk Bank пен кейінгі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.   

Журналистерге жарияланған ақпаратқа сәйкес, Halyk Bank-тің 2018 жылдың II тоқсанының басындағы таза табысы 24,1 млрд теңгеге азайған. I тоқсанда бұл көрсеткіш 62,1 млрд теңгені құраған. Көрсеткіштің қысқаруына қаржылық емес активтердің 30,3 млрд теңгеге құнсыздануы және Qazkom-ның Halyk Bank-ке қосылған кездегі 43,3 млрд теңге көлеміндегі шегерілген салықтық активінің мойындалмауы себеп болған.

Қаржылық есеп берудің халықаралық стандарты басқа компанияның мерзімі шегерілген салықтық активін қаржылық есеп берудің нысаны ретінде қарастырмайды. Осыған сәйкес Qazkom Halyk Bank-ке қосылғанға дейін шегерілген салықтық активті өз балансында мойындауды тоқтатып, қосымша салықтық шығыс ретінде көрсетті.

2018 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда пайыздық кіріс есептен шығарылған және Qazkom-ның клиенттері өтеген қарыздардың аммортизациялануы сонымен қатар банктің пайыздық шығыстарын 5,6%-ға қысқартуы есебінен II тоқсанда 2,1%-ға ұлғайып, 90 млрд теңгеге жеткен. Ал  таза пайыздық маржа пайыздық кірістің еселенуі нәтижесінде өскен. 2018 жылдың I тоқсанында бұл көрсеткіш жылдық 4,3%-ды құраса, II тоқсанда 5,2%-ға пара-пар болған.

Қызмет көрсету кезінде алынатын комиссияның кірісі 6,2%-ға өссе, пайыздық емес кіріс 3,1%-ға қысқарған. Бұл көрсеткіш I тоқсанда 43,3 млрд,  II тоқсанда 40,2 млрд теңгені құраған.

Үміт Шаяхметованың сөзінше, операциялық шығыстар банктің мүлкі мен инвестициялық активтерді қайта бағалау, Qazkom-ды интеграциялау үдерісіне қатысқан қызметкерлерге бұрынғыдан жоғары жалақы төлеу, Qazkom-ның компьютерлері мен банкоматтарын жөндеу және басқа да қызмет көрсету түрлері есебінен 89,5%-ға көбейген.

"Операциялық шығыстың операциялық кіріске қатынасы I тоқсандағы 28,3%-бен салыстырғанда II тоқсанда 47,2%-ға артты. Бұған операциялық шығыстардың өсу қарқынының жоғары болуы әсер етті",– деді басқарма төрағасы.

Үміт Шаяхметованың айтуынша, жоғарыдағы көрсеткіштер жыл соңына дейін өзгереді. Жалпы алғанда Halyk Bank биылғы жылды оң динамикамен жабуды жоспарлап отыр. Себебі бұған дейін алда болатын нәтиженің алғышарты жасалып қойған.

"Биылғы жылдың II тоқсанында Halyk Bank пен оның еншілес банкі Qazkom-ның басты міндеті – банктердің бірігуіне қатысты шараларды тиісінше атқару болды. Ауқымды жобаға 790 кәсіби маман жұмылдырылды. Олар шамамен 500 бизнес-үдерісті өңдеп, 150 IT жүйенің жұмысын үйлестірді. Банктердің интеграциясы барысында Halyk Bank пен Qazkom клиенттерге үздіксіз қызмет көрсетті. Біз банк ұсына алатын қызметтердің ең тиімді түрлерін іріктеп, таңдап алдық. Қазір таңдалған қызмет түрлері миллиондаған қазақстандықтарға қолжетімді болып тұр. Бүгінгі таңда Halyk Bank пен Qazkom технологиялық, қаржылық тұрғыдан алғанда ең ірі әрі сенімді қаржы институты болып отыр. Алдағы уақытта да бәсекеге қабілетті болудың тың тәсілдеріне басымдық беріледі. Біз клиенттерге кедергісіз, тосқауылсыз жылдам және сапалы қызмет көрсетуді көздейміз", – деп түйді сөзін "Қазақстан Халық банкі" АҚ басқарма төрағасы.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу