"Оператор РОП" кәсіпкерлерге қанша төлейтінін ақыры анықтады

6009

Inbusiness.kz жекеменшік "Оператор РОП-ӨКМ операторы" ЖШС мен мемлекеттік "Жасыл даму" АҚ-ының утилизациялық төлем тарифтерін салыстырды.

"Оператор РОП" кәсіпкерлерге қанша төлейтінін ақыры анықтады Фото: naobyave.ru

Қоқыс өңдеу саласын толығымен ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған "Оператор РОП-ӨКМ операторы" ЖШС қанды қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылдың басында бірден жұмысын тоқтатқаны мәлім.

Арада бір жарым жылдан артық уақыт өткенде, 2023 жылғы 17 қарашада сот "ӨКМ Операторының" бұрынғы ресми құрылтайшысы Шынар Мұқтароваға қатысты үкім шығарды. Мұқтарованы судья ұйымға тиесілі 920 миллион теңгені иемденіп алды деп айыптап, 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.

Яғни, ол бостандыққа жіберілді, пробациялық бақылауға алынды. Үкім Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жарияланды. Бұған қоса, сот шешіміне сәйкес, Мұқтарованың мүлкі бұғаттан босатылды. "ӨКМ операторының" құрылтайшысы болған әйел мемлекетке келтірілген жүздеген миллион шығынды еш қиналмай өтей салды.

Қиналғаны – кезінде осы ЖШС-ның тапсырыстарын орындаған, яғни түрлі қалдықтарды жинап, жоюмен шұғылданған салалық бизнес, зауыт-кәсіпорындар болатын. Олар қызметінің өтемақысынан қағылды.

Сондай-ақ заң талабына сәйкес, жекеменшік осы компанияға ескі көліктерін тапсырып, жаңа машина сатып алуға жеңілдік беретін сертификатын иеленген қарапайым қазақстандықтар да тақырға отырды. Оларға "темір тұлпары" кері қайтарылмады, сертификатын да салондар қабылдаудан бас тартты.

Себебі, Президенттің тапсырмасымен ел Үкіметі 2022 жылдың қаңтарында шұғыл түрде "Оператор РОП-ӨКМ операторы" ЖШС-ның бүкіл активтері мен функцияларын Экология министрлігіне қарасты "Жасыл даму" АҚ-ына тапсырған болатын. ЖШС-ның барлық есепшоттары да бұғатталды.

Айтпақшы, енді "Жасыл даму" өзін "ӨКМ операторы" (оператор РОП) деп атайды. Бұл оның жаңа атауы емес, заң жүзіндегі мәртебесі.

Осы жаңа ӨКМ операторының қалдықтарды утилизациялағаны, кәдеге жаратқаны үшін кәсіпкерлерге қанша төлейтінін, тарифін енді ғана бекітіп отыр.

Елді қалдық-қоқыстан арылтатын кәсіпкерлерге берілетін ақшалай төлемдердің мөлшері ел Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1250 қаулысымен мақұлданыпты. Алайда қаулы тек осы аптаның жексенбісінде ғана күшіне енеді.

Сондай-ақ, оның мәтіні Үкіметтің ресми сайтындағы "Үкімет қаулылары" бөлімінде әлі күнге орналастырылмаған. Осыны пайдаланып, нормативтік құқықтық актілердің мәтінін саудалайтын жекеменшік құқықтық порталдар бұл қаулыны да 7 мың теңгеге сатып жатыр.  

Сонымен, Үкіметтің аталған №1250 қаулысы: "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының өзінің банктік шотына өндірушілерден және импорттаушылардан түскен ақшаның есебінен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайтадан пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне ақшалай төлемдерінің мөлшерлерін бекітеді".

Қаулы 2024 жылғы 4 ақпанда күшіне мінеді.

Ең алдымен, халықтан, кәсіпкерлерден жеңіл автомобильдерін, жүк көліктерін, комбайн, трактор және басқа ауыл шаруашылығы техникаларын қабылдап, бөлшектеп, дөңгелектерін, темірін, майларын бөлек-бөлек кәдеге жарататын кәсіпорындарға берілетін қаражаттың көлеміне тоқталсақ.

Автокомпоненттердің қалдықтары, электрондық және электрлік жабдықтар үшін төлемдердің жаңа ставкалары

Өнім (тауар) қалдықтарының түрлері

Әр тоннасына

АЕК мөлшерінде

ақшалай төлем

(қалдықтарды жинау,

тасымалдау,

қайта өңдеу,

пайдалану,

кәдеге жарату үшін)

Шиналар

жүк/жеңіл

13,50

ірі габаритті

17,15

Майлар

 

2,98

Аккумуляторлар

 

2,39

Жылу тасымалдағыштары бар электрондық және электрлік жабдық

21,43

Ірі габаритті электрондық және электрлік жабдық

16,19

Ұсақ габаритті электрондық және электрлік жабдық

7,42

Экрандары мен мониторлары бар электрондық жабдық

43,19

Шағын ақпараттық, техникалық және телекоммуникациялық электрондық және электрлік жабдық

51,91

Шамдар

80,95

Назар аударатын жайт, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты "Жасыл даму" АҚ өнімнің кейбір санаттары бойынша кәсіпорындарды жарылқап, жарыта қоймайтыны белгілі болды. Өйткені Үкіметтің жаңа қаулысы утилизацияны жүзеге асыратын отандық кәсіпкерлік субъектілеріне сол үшін берілетін ақшалай төлемдерінің мөлшерлерін төмен бекітті.

Салыстыратын болса, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 2 қарашадағы №448 бұйрығымен бекітілген бұрынғы тарифтер бойынша "Оператор РОП-ӨКМ операторы" ЖШС далада көп кездесетін жеңіл және жүк көліктерінің шиналарын жинап, утилизациялағандарға әр тоннасы үшін 14,15 АЕК төлем аударатын. Енді ол 13,50 АЕК-ке дейін түсірілді. Тек ірі габаритті доңғалақтардың "тысына" (шина) ғана 17,15 АЕК төлем бермек. Алайда К-700 сияқты алыптардың дөңгелегін табу да оңай шаруа емес.

Бұрын "электр аккумуляторлар" үшін 56,25 АЕК төлем ұсынылатын. Биылдан бастап, жалпы аккумуляторлардың әр тоннасын қажетке жарату ақысы 2,39 АЕК қана болады.

Бұған дейін ескі көліктерден қотарылып, құйылып алған түрлі майларға тоннасы үшін 11,09 АЕК өтемақы берілсе, бүгінде бұл 2,98 АЕК-тен аспайды.

Қаптама қалдықтары үшін төлемдердің жаңа ставкалары

Өнім (тауар) қалдықтарының түрлері

Ақшалай төлем әр тоннасына төленеді,

айлық есептік көрсеткіште (АЕК)

 

Жинау

тасымалдау

қайта өңдеу

 

Шыны қаптама

7,66

5,46

1,44

 

Қағаз және картон қаптама

5,82

4,23

1,55

 

Полимерлі қаптама

9,05

7,41

1,79

 

Аралас материалдардан жасалған қаптама

8,96

6,92

1,45

 

Металл қаптама

0,21

 

 

 

Есесіне, кейбір санаттар бойынша төлемақы еселеп өсті. Мысалы, жылу тасығыштары бар электр және электрондық жабдықтардың өтемақысы бұрынғы 7,88 АЕК-тен бұдан былай 21,43 АЕК-ке, ірі габаритті электр және электрондық жабдық үшін – 3,94 АЕК-тен 16,19 айлық есептік көрсеткішке дейін артып отыр.

Экрандары мен мониторлары бар электрондық жабдық үшін төлем кезіндегі 16,30 АЕК-тен 43,19 АЕК-ке, шағын ақпараттық, техникалық және телекоммуникациялық электрондық және электрлік жабдық үшін 24,43 АЕК-тен 51,91 АЕК-ке, шамдар үшін төлемақы – 47,21 АЕК-тен 80,95 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу