Орал 3D бойынша жобаланады

5143

Қазақстанның батысындағы облыс орталығы енді 3D-жобалау технологиясы бойынша салынады.

Орал 3D бойынша жобаланады

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов Оралда іске асырылып жатқан "Смарт-сити – Ақылды қала" жобасы аясында болашақта салынатын үйлер мен әлеуметтік нысандарды 3D-жобалау механизмі іске қосылғанын хабарлады.

Еске сала кетейік,  3D -жобалау – дизайнерлік жобаларды үш өлшемде көруге болатын компьютерлік графиканың бір бөлігі,  бұл жерде сөз тұрғын үйді үш өлшемде көру туралы болып отыр. Бұл салынып жатқан не салу жоспарланған нысандардың соңғы нәтижесін көруге және оның қоршаған ортаға үйлесімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Одан бөлек 3D-жобаның тағы бір артықшылығы – нысанның жобасынан әлдебір кемшілік анықталса оған бірден түзету енгізуге болады, ал ол кейінірек шынайы нысанға көшіріледі. Нысанды 3D-жобалаумен қатар тиісті жобалық құжат та автоматты түрде жүргізіледі, яғни түзетулер жобалық-сметалық құжаттамаға автоматты түрде енгізіледі.

Арман Өтеғұловтың айтуынша, Оралда 3D-жобалау әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысын жоспарлауда қолданылады. Тапсырыс беруші құрылыс жұмыстары басталмас бұрын құрылыс үлгісі мен оның ішкі интерьерімен танысады, осының негізінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.

"Бұл құрылыс жұмыстарын дұрыс жүргізіп, кемшіліктер мен қателіктер жібермеуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді әкімнің орынбасары.

Арман Өтеғұловтың айтуынша, құрылыс саласындағы мұндай жаңашылдық қазіргі кезде Оралда іске асырылып жатқан "Смарт-сити – Ақылды қала" жобасымен байланысты болып отыр. Астанада да осыған ұқсас жоба іске асырылып жатыр, батыста бұл жоба халық өмірінің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көлік қозғалысы ережелерінің сақталуы мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

"Финляндиялық инвесторлармен инновациялық технологияларды қолдануға, халықтың өмірін жақсартуға бағытталған жұмыс жалпы әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға жақсы ықпал етеді", – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Орал қаласының аса маңызы аудандарына, әлеуметтік нысандары, аулалары мен көлік жолдарына бейнебақылау камералары орнатылады.

Жобаға Қазақстан тарапынан "Сергек" компаниясы қатысады. Компания 300 бейнебақылау камерасын орнату керек, қазірдің өзінде оның 200-і орнатылған. Мемлекеттік-жеке әріптестік барысында қала бюджетінен тағы да 100 камера орнатуға қаражат бөлінеді.

"Жоба облыс,  қала әкімдігі, сондай-ақ Финляндия, Ресей, Франция, Аустрия және отандық дамыту институттары өкілдерінің қатысуымен өткен инновациялық форум кезінде шетелдік және отандық компаниялар арасында жасалған меморандумға сәйкес іске асып жатыр", – деп нақтылады Арман Өтеғұлов.

Финляндия инвесторлары "Смарт-сити" жобасынан басқа да шараларға ат салысып, Батыс Қазақстан облысының нарығын құрылыс материалдарымен толтыруға  өз үлестерін қоспақшы. Әкімдік өкілінің мәліметі бойынша,  "Дженерал Финланд" фин компаниясы және ресейлік "Стеклосервис" ЖШС фин технологиясы бойынша құрылыс материалдарын шығаратын бірлескен жобаны іске қосады. 1 шілдеден бастап Батыс Қазақстан облысында "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ-тың өңірге қажетті инвестицияларды тартуға бағытталған өңірлік өкілдігі жұмыс істейтін болады.

Ал әзірге әкімдікте инвесторларға арналған интерактивті карта әзірленіп жатыр. Картада жоба және инвестицияға қатысты барлық ақпарат көрсетіледі, сондай-ақ Оралда жыл сайын өтетін халықаралық инвестициялық форум мен келешек инвесторларға арналған көрмемен аттас www.westkazinvest.kz сайты жұмыс істейді.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу