Орал қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді

1923

Бұл IBA аясында өтетін тарихи жарыс. Себебі алғаш рет 13 салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынады.

Орал қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді

15-23 желтоқсан аралығында еліміздің батыс өлкесінде бокстан ерлер арасында ҚР чемпионаты жалауын желбіретеді. Жекпе-жектер Орал қаласындағы "Теннис орталығы" спорт кешенінде өтеді. Бұл туралы ҚФБ баспасөз қызметі хабарлады.

Чемпионаттың басты мақсаты еліміздің барлық аймағынан келген боксшылар арасынан мықтыларды анықтау, ұлттық құраманы жаңарту, бапкерлер мен төрешілердің жұмысын бағалау сонымен қатар келе жатқан халықаралық жарыстарға дайындық. Жүлделер мен ұлттық құрама жолдамасы үшін 9 күн ішінде еліміздің барлық аймағынан жиналған 212 спортшы сынға түседі. 199 кездесуде Белрадта өткен Әлем чемпионатының қатысушылары бақ сынайды. Сонымен қатар жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Азия біріншілігінің жүлдегерлері де қатысады.

Осы орайда, бас бапкер Қайрат Сәтжанов бастаған бапкерлер құрамы жас боксшылар буынының өсіп келе жатқанына қуанышты. Себебі жас боксшылар ұлттық құрамада өнер көрсететін былғары қолғап шеберлеріне бәсекелес бола алады.

"Қазақстан чемпионаты өте қызық болайын деп тұр. Біріншіден, 19 жасқа толған жас боксшылар саны өте көп. Біз барлығына бірдей жүлделі орынға таласу үшін мүмкіндік береміз. Екіншіден, Белградта өткен әлем біріншілігінің қатысушылары ұлттық құрамадағы өз орындарын сақтап қалуға тырысады. Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне осы жолы демалыс береміз деп шештік. Олардың демалуға толықтай құқықтары бар. Біріншілікке қатысатын әрбір боксшы ұлттық құрама қатарына қосылуға құқылы. Келесі жылы бокс әлеміндегі ең үлкен дода – Азия ойындары күтіп тұр",  деп ұлттық құрама бас бапкері өз ойын түйіндеді.

15-21 желтоқсан аралығында күн сайын елорда уақытымен 15:00-де іріктеу жекпе-жектері, 22 желтоқсанда жартылай финал, 23 желтоқсан 12:00-де финалдық кездесулер өтеді. Барлық іріктеу жекпе-жектерін бокс жанкүйерлері Қазақстан бокс федерациясы сайтынан тікелей трансляция арқылы көре алады. Ал жартылай финал және финалдық жекпе-жектер "Qazsport" телеарнасы арқылы көрсетіледі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу