Орал кәсіпкерлері мейрамханаларды ашуды сұрады

6616

25 мамыр күні мейрамханалар жұмысының қайта басталатынына сеніп келген кәсіп иелері жағдайларының нашарлап кеткеніне наразы. 

Орал кәсіпкерлері мейрамханаларды ашуды сұрады Фото: Мария Матвиенко

Оралдағы жиырмаға жуық мейрамхана иесі қаладағы банкет залдарының бірінде жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесіп, өздеріне жұмыс істеуге рұқсат берулерін сұрады. Оған Батыс Қазақстан облысындағы карантин режимінің 15 маусымға дейін созылғаны себеп болып отыр.

Бұған дейін 25 мамыр күні мейрамханалар жұмысының қайта басталатынына сеніп келген кәсіп иелері жағдайларының нашарлап кеткеніне наразы. Олар осымен үшінші ай несиелерін төлеп отыр, оның үстіне, қазір кәсіпкерлерден жұмыссыз қалған қызметкерлеріне ең төменгі жалақы төлеуін талап етуде.  

"Біз, басқаны айтпағанда, кейбір клиенттеріміздің карантинге дейін банкет өткізу үшін алдын ала төлеген ақшаларын қайтара алмай отырмыз. Олар сотқа беретіндерін айтып, қорқытып та жатыр. Егер мейрамханаларды ашқан жағдайда залалсыздандыру бойынша барлық талапты орындап, тепловизорлар алып, келушілердің дене қызуын тексеріп отыруға дайынбыз. Отырыстарды да тек күндіз өткізіп, үстелдерді бір-бірінен алшақ қойып, ғимаратты санитарлық жағынан жиі тазартып отырар едік", – дейді Жеміс Сәрсенғалиева.

"Кафе-мейрамханаларды жапқанмен, халық той-садақаларын бәрібір коттедж жалдап немесе аулаларына палатка құрып өткізіп жатыр. Олар өтетін жерге аспаздар мен даяшыларды жалдап алған жағдайларды да білеміз. Олардың санитарлық кітапшасының бар-жоғын, бұл шараларда санитарлық талаптардың сақталып жатқанын кім тексеріп жатыр?", – дейді Майса Кенжалиева.

Кәсіпкерлер қоғамдық тамақтандыру, көңіл көтеру орындары ашылмаған жағдайда мемлекет тарапынан қолдау көрсетулерін сұрап отыр. Белгілі болғандай, коронавирусқа байланысты карантин олардың қай-қайсына да оңай тиіп отырған жоқ. Жеке мейрамханасы барлардың айына бірнеше мың теңгеден төлейтін несиелері бар, жалға алып жұмыс жасайтындар төлей алмағандықтан, аренда ақысынан бас тартқан, жалдамалы қызметкерлердің бірқатары 42 500 теңге жәрдемақыны да ала алмаған. "Біз қай кезде де қайырымдылықпен айналысып, көпшілікке көмек қолымызды созып келдік. Қазір өзіміз көмекке зәріміз" деген ресторан бизнесімен айналысушылар қалалық әкімдікке ұжымдық хат жолдады.

"Бұл жерде мәселе адам денсаулығына байланысты болып тұр. Мұндай нысандарды жабу – амалсыздан қолға алынып отырған шара. Сол себепті, ұжымдық хатты арнайы құрылған Жедел штаб қарайтын болады. Санитарлық дәрігерлер рұқсат берген жағдайда, қандай да бір мүмкіндік туысымен мейрамханалар мен банкет залдары дереу ашылады", – деп мәлімдеді Орал қаласы әкімдігінің  кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Әлібек Сұрамысов.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу