12 мың көрерменге арналған нысанның жобалық құны 39,1 млрд теңгеден асады.
Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мәліметінше, стадион құрылысына 10 гектар жер телімі қарастырылған. Қазір жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу порталына өтінім беріліп, конкурстық рәсімдер аяқталуға жақын.
Жобада ғимараттың жалпы ауданы 20 198 шаршы метр, биіктігі 20,96 метр болатыны көрсетілген. Құрылысты 19-24 ай ішінде аяқтау көзделген.
Жаңа спорт кешені жабық үлгіде салынады. Бұл қыс мезгілінде де футбол матчтары мен басқа да іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Стадионның батыс бөлігінде "Жайық" футбол клубының атрибутикасы мен кәдесыйлар сатылатын дүкендер орналасады. Ал оңтүстік қанатында әкімшілік және қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Өңірде мұндай нысанның қажеттілігі бұрыннан айтылып келеді. Қазір Оралда 2 стадион бар. 1968 жылы салынған П.Атоян атындағы стадион 8 320 көрерменге арналған. Ал 2007 жылы пайдалануға берілген "Ақжайық" стадионында 2 мың орын бар. Алайда екі нысан да Қазақстан Премьер-лигасы мен UEFA талаптарына сәйкес келмейді.
Жаңа стадионның ашылуы Премьер-лига ойындарын, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Дегенмен жобаның құнына қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Кейбір тұрғындар жергілікті "Жайық" футбол клубы әзірге бірінші лигада өнер көрсететінін алға тартып, қомақты қаржыны басқа әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттауды ұсынады.
Ал еңбек ардагері, спорт жанашыры Қапиет Ғиниятұлы жаңа стадионның салынуын қолдайды. Оның пікірінше, Батыс Қазақстан футбол инфрақұрылымын дамытуда өзге өңірлерден қалыс қалмауы керек.
"Батыс Қазақстанда футбол тұраламауға тиіс. Еліміздің өзге қалаларында осындай стадиондар салынып жатқан кезде біз неге артта қалуымыз керек? Инфрақұрылымды дамыту – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан 12 мың орындық футбол стадионы ойыншыларға да, жанкүйерлерге де қажет деп есептеймін", – деді ол.