Оралда әйелі мен екі қызын өртеп жіберген Серік Қапизовтың соты болып жатыр

1971

Өкінішке қарай, облыста жақында тағы да осыған ұқсас оқиға болды. 

Оралда әйелі мен екі қызын өртеп жіберген Серік Қапизовтың соты болып жатыр

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында судья Бақыт Ермахановтың төрағалығымен Тасқала ауданы Ақтау ауылының тұрғыны Серік Қапизовқа байланысты қылмыстық іс қаралуда. Оған 9 сәуір күні әйелі мен жеті және тоғыз жастағы қыздарын үйінің сыртынан жауып, тірідей өртеп жіберді деген айып тағылған. Белгілі болғандай, ол кейін өзін өзі өлтірмекке әрекеттенген, бірақ оған операция жасалып, аман қалып, күзет қойылған.

27 шілде күнгі сотта айыпталушының нұсқасы онлайн режимде тыңдалды. Серік Қапизовтың айтуынша, сол күні түнде ол әйелінің ажырасуға арыз бергенін біліп сөйлесуге келеді. "Қорқыту мақсатында" 5 литр баклажкаға бензин құйып өзімен бірге ала шығады. Әйелімен керіскен кезде жүз грамдай жанар-жағармайды шашып, шырпы жағып жіберген. Сол мезетте жан-жақ түгел отқа оранып, лап етеді. Өзінің де қолы мен беті жалынға шарпылған айыпталушы әйелі мен қыздарына енді ешқандай көмек бере алмайтынын түсініп, мойнын пышақпен жарақаттап, беті ауған жаққа жүре береді. Серік Қапизов отбасы мүшелерін өртеп жіберемін деген ниетінің болмағанын, кетіп бара жатқанда ешқайсысының даусын естімегенін және барлығы да абайсыздықтан болғанын айтады. Ал өзіне "ату жазасын" сұрайды.

Алайда оның бұл сөзімен бұрынғы қайынатасы Ақболат Жұмалиев келіспейді. Оның айтуынша, күйеу баласы қызы Жадыра мен жиендерін нақты өлтіру мақсатымен келген, себебі қолында әдейі ұстап келген бензині болған және өрт болған кезде көршілерді көмекке шақырмаған.

Аталған іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Қапизовтың әйелі мен екі қызын қасақана өлтіргендігіне дәлелдер жеткілікті екенін айтып, оны өмірбақи бас бостандығынан айыруды сұрайды. Қайтыс болған әйелдің әкесі онымен толықтай келіседі. Ал айыпталушының адвокаты қылмыстық істі ҚР ҚК кісі өлтіруді білдіретін 99-бабынан 102 және 104 "абайсыздықта кісі өлтіру" баптарына ауыстыруды сұрап отыр.

Серік Қапизовтың қылмысына қатысты ақырғы үкім 30 шілде күні белгілі болмақ. Әзірге айыпталушының ісі ҚР ҚК "екі және одан да көп адамды өлтіру" және "біреудің мүлкін өртеу жолымен жою" баптары бойынша қаралуда.

Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында жақында тағы да осыған ұқсас оқиға болып, жұртшылықтың жағасын ұстатты. 20 шілде күні Зачаганск поселкесінде Ғалымжан Саққазов деген ер адам бұрынғы әйелі мен қызын өртеп жібермек болады. Абырой болғанда, қызы үйдің бір шеті жанып жатқанын байқап қалып, анасы екеуі үлгеріп қашып шыққан. Ал бұл отбасындағы тағы бір ер бала оқиға кезінде үйде болмаған. Бұл жағдайда көршілер де қырағылық танытып, шу көтерген кезде Саққазов қашып кетеді. Қазіргі күні Гүлмира Ихсанова балаларын қауіпсіз жерге жіберген, үйіне туыс-туғандары кезектесіп қонады. Себебі полиция бұрынғы күйеуін ертеңіне-ақ босатып жіберіпті. 

"Біз карантин кезінде тек педофилия, кісі өлтіру немесе қорлау сияқты аса ауыр қылмыс жасаған  адамдарды ғана жаба аламыз. Саққазовтың ісі оны тұтқындауға негіз болмайды. Бірақ оның үстінен ҚР ҚК 202-бабы бойынша ("Біреудің мүлкін қасақана өртеу жолымен жою") қылмыстық іс қозғалатын болады, ол жеті жылға бас бостандығынан айыруды қарастырады, оның үстіне, күдікті кінәсін түгел мойындап отыр", – дейді Зачаганск полиция бөлімінің бастығы Тимур Айтуғанов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу