Оралда стратегиялық объектілерді тасқыннан қорғау шаралары күшейтілді

366

"Батыс су арнасы" коммуналдық кәсіпорны қазіргі уақытта қалыпты жұмыс істеп тұр. 

Оралда стратегиялық объектілерді тасқыннан қорғау шаралары күшейтілді Фото: primeminister.kz

Батыс Қазақстан облысында тіршілікті қамтамасыз ететін объектілерді қорғау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Оралда "Батыс су арнасы" ЖШС, "Жайықжылуэнерго" АҚ объектілерінде және сорғы станциясында су тасқынына қарсы шаралар кешені ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орал қаласы екі  түрлі көзден: жер асты сулары мен Жайық өзенінен сумен қамтамасыз етіледі. Қаланың 340 мың тұрғынын сумен қамтамасыз ететін "Батыс су арнасы" коммуналдық кәсіпорны қазіргі уақытта қалыпты жұмыс істеп тұр: қажетті су мен суды тазалауға арналған реагенттер қоры жеткілікті деңгейде. Апатқа қарсы бригадалар, кәсіпорынның 820 қызметкері мен 82 бірлік арнайы техника дайын тұр.

"Жайық өзені бойындағы стратегиялық нысандарды су басудың алдын алу үшін бөгетті нығайту бойынша тасқынға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету шаралары алдын ала қолға алынған. Су таситын көлік түріндегі жылжымалы құрам бар", — деді "Батыс су арнасының" бас инженері Аян Тасқали.

"Жайықжылуэнергосына" 248 шақырымнан астам қалалық жылу жүйесі кіреді. Объектілер аумағында су тасқынына қарсы жұмыс шеңберінде су басу қаупі жоғары учаскелер құм-қиыршық тас қоспасымен толтырылуда. Шараға жеке құрамнан 180 адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылды.

Тұтастай алғанда, Батыс Қазақстанда барлығы 20 мың шақырымнан астам электр желісі бар. Айталық, төрт ауданда 20-дан астам, сондай-ақ Орал қаласында 16 қосалқы станса жұмыс істеп тұр. Олар қырда орналасқандықтан су басу қаупі жоқ. Бұған қоса превентивті амалдар қолға алынып, шаһардағы екі қосалқы стансада қап төсеу, қорғаныс үйіндісін орнату жұмыстары қарқын алды. Сонымен бірге апатқа қарсы бригадалар, 1400 қызметкер мен 140 арнайы техника дайын тұр.

Осы ретте Жайық өзенінде орналасқан сорғы стансасын қорғау шаралары да қабылданғанын айта кетейік.

"Жайық өзенінің жағасында "Жайықжылуэнерго" мекемесін сумен, ал қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін сорғы станциясы бар – күнделікті шамамен 60 мың текше метр су аламыз. Бұл стратегиялық объект болып табылады. Сондықтан сорғы станциясының айналасына қап төсеп жатырмыз", — деді энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Мирас Мүлкәй.

Сорғы станциясы да қыратты жерде орналасқан, десе де нысанды қорғау үшін қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік объектілер де бақылауға алынды, емханалар мен ауруханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Өңірде су тасқынына қарсы шараларға барлығы 6,3 мыңнан астам адам және 1,5 мың бірлік техника тартылған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу