Оралымсыз бюрократия жазғы сауданың адымын аштырмайды

3347

Қалада көше саудасы тоқырауға ұшырады. 

Оралымсыз бюрократия жазғы сауданың адымын аштырмайды

Пандемия кезіндегі шағын кәсіпкерлердің жағдайын елорда көшелерін аралап-ақ білуге болады. Бос тұрған кеңселер көп. Әсіресе, "стрит фуд" секторының жай-күйі нашарлау: самса, шауырма, дөнер, рамен және басқасын сататын көптеген дүңгіршектер не жабық тұр, немесе қысқа уақыт ішінде қожайынын сан рет ауыстырып, қолдан қолға өткен, деп жазады Inbusiness.kz.

Көшеде алыпсатар азайып қалды

Елордалықтар биыл даладағы алып қолшатыр астына тоңазытқышын қойып, балмұздақ сатушылардың саны да бұрынғыға қарағанда сиреп қалғанын, жиі ұшыраспайтынын айтады. 

Әйткенмен, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының өркендеуі жөнінен елорданың алдына түсетін өңір аз. Атап айтқанда, қазіргі кезде астанада 181 530 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылғыға қарағанда 107,4 пайызға көп. Республикамыздың бірде бір өңірі мұндай жоғарғы өсімімен мақтана алмайды.

Рас, тіркелгенімен ашыла алмаған, алда ашылуды жоспарлап отырған немесе мүлдем жабылып қалған нысандар жетерлік: 28,5 мың!

Нәтижесінде, бүгінде бас қалада 152 980 ШОБ субъектісі жұмыс істеуде. Бірақ бәрібір бұл көрсеткіш тәуір көрінеді: биыл тіркелгендер ішінде нақты жұмыс істеп тұрған ШОБ нысандарының саны былтырмен салыстырғанда 110,3 пайызға көбейіпті.

Кәсіпкерлер болса, көше саудасының көрігі қызбай тұрғанын жасырмайды. Өз басынан өткен оқиғаны баяндаған жас кәсіпкер Азат Құланбай "стрит фудпен" айналыспақ болып, жеңіл автокөлікте жабдықталған мобильді кофехананы сатып алғанын әңгімеледі.

"Әрине, рұқсаттарды жинағанша біраз жүгіретінімді түсінгенмін. Бірақ дәл мынадай бюрократиялық сергелдеңге түсемін деп ойламаппын. Нұр-Сұлтан әкімдігіне бардым, олар "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдады. ӘКК-ке жеттім, олар ары қарай не істеу керектігін түсіндіріп, шарт қойды. Алдымен жылжымалы кофеханаңызды қай жерге қойғыңыз келетінін анықтап, сол орынды суретке түсіріңіз, содан кейін бізге келіңіз деді. Мен солай жасадым. Сауда нысаны орналасатын жер анықталған соң, ӘКК ол орынды аукционға шығаратын көрінеді. Ал өтінішті қарау 2 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін екенін ескертті", – дейді Азат.

Маусым бюрократиялық сергелдеңмен өтеді

Негізі, көше саудасы – маусымдық бизнес саналады. Оның қызатын уақыты – жаз мезгілі. Яғни, әкімқаралар мен квазимемсектор шенділері өтінішті асықпай қарағанша, қыс түспек. 

"Осы бизнесті ашуға деген ынта-ниетім жоғалды. Жарты жылға дейін күтуге құлық қалмады. Білетін кісілер ешқандай жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, ешқандай орынды заңды бекітпей, ешқандай бақылау-кассалық аппаратын орнатпай, тиісінше, мемлекетке көк тиын салық төлемей, бейберекет-стихиялы саудамен айналысуға кеңес берді. Біздің әсем қаламызда саудагерлердің көбі солай жасайтын көрінеді. Бір күн анда, бір күн мында, орнын ауыстырып жүре береді. Алайда мен мұны қаламаймын. Әкімдік рұқсат еткенде, алымын, салығын төлеп, өзімді де ресми жұмыспен қамтымаймын ба?" – дейді ол.

Цифрлық дәуірде экономиканы көтеретін бизнесмендерді сандалтпай, шаршатпай, құжаттарды электронды түрде қабылдап, келісім рәсімдерін тегіс қашықтан өткізуге болатын еді.

Биліктің өзі бюрократиялық кедергілер құрады да, артынан "2,2 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтушы, фрилансерлер неге жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды жұмыс істегісі келмейді?" деп таңғалады.

Заң талабы солай

Қала әкімдігінің түсіндіруінше, "Сауда қызметін реттеу туралы" заңына 2019 жылғы 2 сәуірде түзетулер енгізілген. Соған сәйкес, "Көшпелі сауда" деп аталатын 27-бабының 2-бөлімі өзгертілді. Ол бойынша "ішкі сауда субъектiсi көшпелi сауданы астананың жергілікті атқарушы органы айқындаған арнайы бөлiнген орындарда немесе маршруттарда жүзеге асыруға" тиіс. Кәсіпкер көшпелі көше саудасын әкімдік бекіткен маршруттің кез келген нүктесінде жүргізуге құқылы болады. Яғни, алдымен доңғалақты кофехананың жүру бағдары бекітілуі керек.

Жалпы, көше саудасында шынымен бюрократия көп. Қала бойынша көшпелі сауда маршруттерін белгілеу сыртында, шағын кәсіпкер көше саудасына қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі шарт. Биыл оған карантин шектеулері, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қосылып отыр.

Соның нәтижесіндей, тіпті ең өтімді орын – Есіл жағалауында кейбір дүңгіршектер босап қалған. 

Ал көше саудасының маусымы сәуір-қазан аралығына ғана созылады. Биліктің барлық талаптарын орындағанша, маусымның үлкен бөлігі артта қалады. Салдарынан, заңсыз, бейберекет сауда жүргізушілер ұтады. Олар бәсекеде артықшылыққа ие.

Мемлекет қанша жерден қатаң реттегенімен, көше саудасы өркениетті сипатқа ие бола алмай келеді. Ал оның тамағын тұтыну әлі күнге ас қорыту жүйесін бұзатын инфекциялық ауруларға соқтыру тәуекелімен астасып жатыр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу